Kyzylorda-news.kz Ойын-сауықтан бастап медицина, білім, ғылым мен бизнеске кеңінен тамырын жайған ақпараттық технологияларға сұраныс артуда. Жұмыс барысын оңтайландырып әрі автоматтандыруда таптырмас шешімдер ұсынылуда. Ал мұның барлығы, әрине біліктіліктің нәтижесі. Сыр өңірі де бұл салада өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан аймақ. Өңірдегі IT секторды дамытуға ниетті жастар көп.
Digital мен IT бағытындағы дамушы орта үшін жыл сайын байқау, хакатон мен іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Мәселен, биыл алтыншы рет облыстық «Hackathon Kyzylorda» өтеді. Байқаудың ережесі туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының жетекшісі Жанарыс Тубекбаев баяндады.
- 17 мамырда өтетін EdTech Hackathon Kyzylorda облыстық байқауына білім саласындағы IT жобалар қабылданады. Мақсаты – стартап жобаларды, цифрлы шешімдер мен талантты мамандарды іздеу, ақпараттық технологиялар, инновациялық және стартап жобаларды дамыту. Үздік жобаларға 500 000 теңге көлеміндегі қаржы бөлінді. Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім гранты табысталады, - деді Ж.Алтынбекұлы.
Хакатонда 16-35 жас аралығындағы жастар бақ сынайды. Топпен қатысу мүмкіндігі де қарастырылған. Жыл сайын қатысушылар саны да өсіп жатыр. Мәселен, 2022 жылы республика күні қарсаңында өткен додаға 270 жас қатысып, 100-ге жуық жоба таныстырса, былтыр 350 жас өтінім қалдырып, 120-ға жуық жоба қорғалған.
Спикердің айтуынша, биылғы сайыстың рөлі зор. Себебі осы жылдың өзінде хакатон 4 мәрте ұйымдастырылады. Сәйкесінше кезекті әр байқаудың өз бағыты болмақ.
− Дәстүрге айналған байқау жастар арасындағы бәсекелестікті шыңдай түсетініне сенімдімін. Ізденімпаз жастардың жаңашыл дүниелерін асыға күтеміз. Байқауға қатысу үшін www.kyzylordahub.kz сайтына кіріп өтінім бере аласыздар, - деді Жанарыс Тубекбаев.
Айта кетейік, былтыр 11 қараша күні Қызылорда облысының Жастар Ресурстық орталығында Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің күніне орай «SMART CITY KYZYLORDA HACKATHON 2023» облыстық IT жобалар хакатоны өткен. Еді. Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен өткен байқаудың ұйымдастырушылары – Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің кәсіпкерлік орталығы.
IT жобалар хакатонында «Әзірлеу» (Development), «Модельдеу», «Медиа және Білім» бағыттары қамтылды. «Әзірлеу» бағыты (Development) – сайт, мобильді қосымша, бот және ойындар әзірлеу бағытындағы жобаларды қамтиды. Мұнда «Smart city Kyzylorda» концепциясы аясында тұрғындардың ақылды қалада тұруын оңтайландыратын жобалар бағаланды. Екінші бағыт – «Моделдеу». Яғни, 3D моделдеу, робототехника, жасанды интеллект, ақылды заттар және BIM технологиялар аясындағы жобалар қабылданды. Адамдардың өмірлік процесін жеңілдетуге, қолданысқа арналған жаңашыл заттар мен қызметтерге бағытталған жобалар бағаланды. Ал «Медиа және білім беру» бағытында LMS, онлайн оқыту, анимация мен кинематография тақырыптарындағы жобалар сараланды. Басты талап – білім контентін өндіру және оны цифрлы ресурстар арқылы жариялау.
IT жобалар хакатонының модераторлары Нұрлан Құлмырзаев, Жанарыс Тубекбаев қатысушыларды ережелермен таныстырғаннан кейін, бағыт бойынша топтастыру жұмысы жүрді. Назарға алатын жағдай, әр бағытқа бөлек қазылар алқасы сайланды.
Жеңімпаздарына 900 000 теңге және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3 білім бөлінген. Әр бағыт бойынша 1-орын иеленген Раушан Тұрғанбай, Жұлдызай Мұңайтбасова, Альмира Махамбетәлі, Төрехан Төлеген, Ернар Әбдіжалелұлына 150 000 теңгенің сертификаты табысталды. Сондай-ақ, 2-орын иегерлері Ерсұлтан Жанболатұлы, Инабат Аймағамбетова, Өмірзақ Әділ мен Шыңғыс Абдуллаев 100 000 теңгені құрайтын қаржылай жүлделерді иеленді. Ал әр бағыттан 50 000 теңгені Аягөз Кулахметова, Бекасыл Алдиар, Азамат Ибрагимов иеленді. Ынталандыру мақсатында 6 командаға Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторынан арнайы сыйлықтары берілді. Мектеп оқушылары Шөментай Асылтас, Талап Әли, Зарина Азенова Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің арнайы білім грантын иеленді.
- IT жобалар хакатонына «Fed up» жобасын ұсынып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын жеңіп алдым. Бүгінде IT cаласы қарқынды дамуда, яғни бәсекелестік өте жоғары. Ал Қазақстандағы робототехника саласы бойынша бәсекелестік әлі де аз. Осы мәселені шешу жолында «Fed up» жобасын қолға алдым. Байқаудың ұйымдастырушыларына алғысым шексіз. «Smat city Kyzylorda Hackathon 2023» облыстық IT жобалар хакатоны – жас стартаперлердің дамытуына мүмкіндік беретін алаң,- деді Талап Әли.
«Smart city Kyzylorda» концепциясы аясында өткен IT жобалар хакатонының ұйымдастырушыларының бірі – Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы. Орталық Сыр өңіріндегі IT-стартаптарды қолдау және инновациялық жобаларды дамыту мақсатында халықаралық «Astana Hub» технопаркінің қолдауымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті және өңірлік IT парк базасында ашылды. Бизнес-инкубатор аймақта инновациялық жобалар әзірлеумен, IT-саладағы кадрларды оқыту, даярлау және жергілікті IT-қауымдастық құрумен айналысады.
Сыр өңірінде білімді жастардың, білікті болашақ мамандардың өсіп жатқаны анық. Бүгінгі буынның инновациялық жобалар IT салаға жаңа серпін мен жаңашылдық әкеледі деген ойдамыз.
Ә. Тәжібай