Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласында “Қазақстандағы орыс қауымдастығы” облыстық филиалының онкүндігі аясындағы шаралар өз жалғасын тапты. Достық үйінің мәжіліс залында мектеп оқушыларының шығармашылығына арналған «Единство в красках» атты сурет көрмесі ұйымдастырылды.
Көрменің шымылдығын қауымдастықтың облыстық филиалының төрағасы Наталья Мишукова ашып, жас суретшілерге шабыт пен шығармашылық табыс тіледі.
Шараға қала мектептерінің және «Развивашка» орталығының оқушылары қатысып, түрлі жанрдағы туындыларын ұсынды. Көрме аясында бейбітшілік, бірлік, достық тақырыптарынан бастап қазақтың ұлттық киімдері мен заманауи стильді үйлестірген ерекше жұмыстар көрермен назарына ұсынылды.
Көрменің тағы бір мазмұнды бөлігі – оқушыларға арналған гжель өнері бойынша мастер-класс болды. Алдымен қатысушылар гжельдің шығу тарихы мен мән-маңызы туралы арнайы бейнероликті тамашалады. Көгілдір өрнектің терең философиясы мен көркемдік ерекшеліктерімен танысқан соң, балалар өз қолдарымен сурет салып көрді. Бұл олардың қиялын дамытып, аталмыш өнерге деген қызығушылығын арттырды.
Шара соңында көрмеге қатысқан барлық жас өрендерге ұйымдастырушылардың атынан Алғыс хаттар табысталды. Бұл олардың өнерге деген ынтасын арттырып, шығармашылыққа деген құлшынысын күшейтті.