Kyzylorda-news.kz. Мәскеудегі ұлттық зерттеу университетінің профессоры Иван Иванов ECER-2022 халықаралық конференцияда қазақстандық білім беру сапасын арттыруда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үлесі зор екенін атап өтті.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірқатар педагогтері әлемнің түкпір-түкпірінен білім беру саласындағы жүздеген зерттеушілерді жинаған жыл сайынғы European Conference on Educational Research-2022 халықаралық конференциясына қатысты. Биылғы ECER конференциясы Арменияда өтті.
Қызылордадағы Зияткерлік мектеп педагогы Айнұр Бекеева бұл конференцияда екінші рет сөз алып, биыл «Ағылшын тілі пәні бойынша берілетін үй тапсырмасы 10-сынып оқушыларының өз бетінше оқу дағдыларын дамытуға қалай әсер ете алады?» тақырыбында ой бөлісіп, тәжірибе алмасты.
«Бұл зерттеуде оқушыларды әртүрлі үй тапсырмаларды орындауға бағыттау және баланы өз бетінше білім алуға дағдыландыруға арналған тиімді ресурстар берілген. Халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасу алаңдары мұғалімдердің білім берудегі мәселелердің ортақ шешімін табуға септігін тигізеді», – деді Қызылордадағы Зияткерлік мектеп педагогы Айнұр Бекеева.
Әлемдік сарапшы Мәскеудегі ұлттық зерттеу университетінің профессоры Иван Иванов сырбойылық ұстаздың жұмысын жоғары бағалап, оқушылардың қажетті дағдыларын қалыптастыруда мұғалімдердің зерттеу жұмыстарын жүргізе білуі қажет екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, қазақстандық білім беру сапасын арттыруда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үлесі зор екенін атап өтті.
ECER-2022 (European Conference on Educational Research) конференциясына 50 елден 800-ден астам ғалым жиналды , конференция барысында 40-тан астам тақырыптық семинралар, пленарлық отырыстар мен кездесулер ұйымдастырылып, қатысуышлар инклюзивті, кәсіптік білім беру, мұғалім-зерттеуші жұмыстарының маңызы, ғылым мен қоршаған ортаның білім алуға әсері, білім беруді цифрландыру, көптілді оқыту, білім берудегі көшбасшылық төңірегінде мазмұнды талдаулар жасалып, ұсыныстар берілді.