Kyzylorda-news.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет университет түлектері мен жоғары білім туралы дипломдар санының қалыптан тыс өсуіне назар аударды. Агенттік тексеру барысында жалған білім беру құжаттарын беру схемасын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ғылым және жоғары білім министрлігінің диплом бланкілерінің айналымына және ғылыми дәрежелер беруге байланысты қызметін тексерді. Нәтижесінде берілгені расталмаған 1143 диплом анықталған. Оның мыңнан астамы білім, 78-і денсаулық сақтау саласына тиесілі.

“19 ЖОО-да зерттеу кезінде дерекқорда тіркелген, бірақ ЖОО-ның құжаттары мен дерекқорларында жоқ 2733 адам анықталды”, – делінген агенттік хабарламасында.

2021 жылы университеттер жоғары білім туралы дипломдарды өз бетінше дайындау және беру құқығына ие болған еді. Сарапшылар бұл істі сәтсіз аяқталды деп отыр. Заңға енгізілген түзетулер жоғары оқу орындары арасындағы бәсекелестікті дамытып, жұмыс берушілермен байланыс орнатуы керек еді. Алайда олар ісі лас оқу орындарына карт-бланш (еркін таңдау) берді.

“Университет қызметкерлері жалған құжаттар мен дипломдар жасаумен айналысты. QR-кодтарына рұқсат алып, диплом саудасының белең алуына әкелді. Ешбір жерде бірыңғай стандарт жоқ”, – деді  Заң консультанттары палаталары қауымдастығы кеңесінің төрағасы Фарид Әлиев.

Диплом сату нарығын цифрлық механизмді енгізу арқылы ғана жоюға болады. "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің мамандары Щучье колледжінде пилоттық режимде студенттердің сабаққа қатысуын цифрлық биометриялық бақылауды жоспарлап отыр.

“Бұл жағдайдан шығудың жалғыз жолы – студенттердің сабаққа қатысуын цифрлық биометриялық тұрғыдан бақылауға алу керек. Басқа ешбір құрал бізге бұл схеманы жеңуге көмектеспейді”, – деді "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов.

Қазір оқу орындары студенттерді ретроактивті түрде қабылдай алады. Өйткені жүйе бұған тыйым салмайды және құжаттарды тіркеу функциясын қарастырмайды. Бір ғана оқу жылында 1243 түлектің жоғары білім туралы диплом алғаны анықталды.

Фото: Аqmolanews.kz

Тағы да оқыңыз: