Kyzylorda-news.kz 12-14 қыркүйек күндері Қызылордада еліміздің ең ірі республикалық офлайн-хакатоны – Decentrathon 4.0 өтті.

Ауқымды шара Қазақстанның 20 қаласында бір мезетте ұйымдастырылып, жас мамандар мен IT-әуесқойларды біріктірді. Хакатонның басты ұйымдастырушылары – Astana Hub пен Blockchain & AI Technology Center (BAITC), ал шара ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен өтті. Қызылорда өңірінде хакатон ұйымдастырушылары -  Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Жасанды интеллект институты.

1 үздік шешімдер іске асырылып, кеңейтуге мүмкіндік алады.jpg

Decentrathon 4.0-дің негізгі мақсаты – жастарды жаңа технологияларға тарту, Web3.0, Blockchain және жасанды интеллект (AI) бағыттарында тың идеяларды қолдау және болашақ цифрлық шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік жасау. Бұл алаңда қатысушылар тек қана бәсекеге түсіп қана қоймай, сонымен қатар тәжірибелі менторлардан кеңес алып, өз жобаларын салалық сарапшыларға ұсынды.

2 үздік шешімдер іске асырылып, кеңейтуге мүмкіндік алады.jpg

Қызылордадағы алғашқы күн – Solana Day powered by Decentrathon ерекше форматта өтті.
Solana – әлемдегі ең жылдам әрі тез дамыған блокчейн желілерінің бірі. Ол әзірлеушілерге, стартаптарға және компанияларға шексіз мүмкіндіктер ашып отыр. Жоғары өткізу қабілеті мен төмен комиссияларының арқасында Solana децентрализденген қосымшалардан бастап DeFi мен NFT платформаларына дейін жаңа буын өнімдерін жасауға мүмкіндік береді.

3 үздік шешімдер іске асырылып, кеңейтуге мүмкіндік алады.jpg

Solana Day қатысушылар үшін blockchain саласындағы бірегей тәжірибе болды:

Blockchain трегі бойынша нақты тапсырмаларды шешу,
Сарапшылар мен комьюнити қолдауы,
Өз идеялары мен шешімдерін көрсету мүмкіндігі.

Бұл күні 19 команда, яғни 63 қатысушы өз жобаларын ұсынып, Solana платформасының мүмкіндіктерін пайдаланып, жаңа шешімдер әзірледі.

Ал жалпы Decentrathon 4.0 аясында Қызылордада 40 топ, 109 қатысушы бақ сынады. Хакатон қатысушылары 2 трек бойынша өз идеяларын жобалап, дайын өнімге дейін жеткізуге тырысты.

inDrive трегінің тапсырмасы – суреттерді талдау арқылы сервистің сапасы мен сенімділігін арттыруға көмектесетін шешім әзірлеу. Жүлде қоры – 10 000 000 ₸.
BCC-HUB AI трегінің тапсырмалары – банк үшін жасанды интеллект шешімдерін дайындау. Қатысушылар клиенттермен өзара әрекеттесуді жақсартуға, процестерді жеделдетіп, оңайлатуға және қызметкерлерді рутиналық жұмыстан босатуға арналған жобалар әзірледі. Жүлде қоры – 5 000 000 ₸.

Қатысушыларға жетекші мамандар бағыт-бағдар беріп, үздік жобалардың алдағы уақытта инвесторлар мен ірі IT-компаниялар назарына ұсынылуына жол ашылды.

Decentrathon – бұл жай ғана хакатон емес, ол елдің цифрлық трансформациясына үлес қосатын, таланттарды танытатын, жаңа идеяларды қолдайтын ерекше платформа. Бұған дейін үш маусымда мыңдаған жастардың басын қосқан жоба төртінші кезеңінде де өз маңызын айқын көрсетті.

Финалға өткен үздік жобалар қазан айында өтетін халықаралық Digital Bridge 2025 конференциясында ұсынылады. Бұл – жас командаларға өз идеяларын жаһандық деңгейдегі сарапшыларға, инвесторларға және бизнес өкілдеріне таныстыруға үлкен мүмкіндік.

Қорытындылай келе, Қызылордадағы Decentrathon 4.0 жас таланттар мен технологияға қызығушылығы бар жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, қаланың инновациялық әлеуетін айқындай түсті.

 

Салтанат СЕЙТЖАН,

Kyzylorda Hub бизнес-

инкубаторының менеджері

Тағы да оқыңыз: