Kyzylorda-news.kz   Ол жастайынан арманшыл, мақсатшыл болып өсті. Айналасындағылардың жақсы ісі мен қасиетін алуға тырысатын. Отбасындағы игі тәрбие де оның болашағына оң әсерін тигізді. Онымен қоса, мектептегі ұстаздарына еліктеп, солардай болсам деп ойлады. Сол алға қоя білген мақсаты оны тек қана биікке жетектеп, талай мәрте төрден көрінді. Иә ол төр – білім биігі болатын.

Сөз етіп отырған білімді де білікті жасымыз қармақшылық – Нұрай Айтбайқызы бүгінде 24 жаста. Жосалы кенті орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің түлегі. Ол бастауыш сыныптардың өзінде-ақ бірнеше байқау мен пәндік олимпиадаға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Дарынды оқушы мектепке дейін-ақ жазу-сызуды үйреніп алады. Осылайша қатарына қарағанда көш ілгері болып мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіннің қабілетін ұлағатты ұстазы Ханымша Сүлейменова бірден-ақ жазбай таниды. Белсенді шәкірт жоғары сыныптарда да  ізденісі мен қабілетін одан әрі шыңдап, түрлі байқауларға қатысып жүреді. Келешекте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі мамандығын өмірлік таңдауы еткен Н.Айтбаева сол саладағы байқау-сайыстарға қатысып, бағын сынайды. Атап айтар болсақ, республикалық «Жарқын болашақ», «Ақберен» және осы деңгейде өтетін ғылыми жобалар конкурсы, «Яссауитану» білімділік байқауларында жүлделі орындарды иеленіп, мектебінің ғана емес, Сыр елінің мерейін тасытты. Мысалы ол 8-сыныпта оқып жүрген кезінде Алматы қаласындағы Қазақ туризм академиясының грантын иеленді. Мектеп бітірерде Ы.Алтынсарин атындағы республикалық олимпиаданың 1-інші орнын жеңіп алып, Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің 100 пайыздық грантына қол жеткізеді. Сөйтіп, мектепті «Алтын белгіге» аяқтаған үздік түлек осы жоғары оқу орнының студенті атанады. 

Нұрайдың студенттік жылдары да жетістікке толы десек, артық емес. Онда да университеттің белсендісі атанып, «Студенттік омбутсмен» ұйымдарының төрайымдық қызметін атқарған. Білім алудағы ерекше жетістіктері үшін университет ректорының «Үздік студент – 2019» сыйлығымен марапатталып, сол жылы Астанада республикамыздың үздік студенттері қатарынан ойып орын алған. Сондай-ақ «Үздік студент» төсбелгісімен мадақталып, «Жас дарын» дарынды жастар жинағына есімі енгізілген. 2021 жылы жас ғалымдар арасындағы республикалық ғылыми жұмыстар байқауынан да оза шауып, білім министрінің грамотасына ие болған. Осы жылы «Алаш аруы» республикалық байқауының іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, байқау жеңімпазы атанды. 

Ол аталған білім ордасын 2021 жылы «Үздік дипломмен» аяқтап, Алматыда бірнеше мектепке мұғалімдік қызметке шақырту алған. Дегенмен білімін әрі қарай жетілдіру үшін ол магистратураға грантқа оқуға түсіп, педагогика ғылымдарының магистрі атағын қорғап шығады. Білім бере жүріп, білім алуды көздеген жас маман бірнеше ғылыми мақаланың авторы. Өткен жылы Түркияда ғылыми іс-тәжірибеден өтіп, білімін тағы да шыңдап келді.

Қазірде Нұрай Алматыдағы республикалық дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында ұстаздық етуде. «Темірді кеннен ізде, бақытты терден ізде» дегендей, шәкірт күнінде бірнеше республикалық байқаулардың биігін бағындырған жас маманның  шәкірттері де республикалық Мәшhүр Жүсіп, Әбіш Кекілбаев оқулары, республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар, Қ.Бітібаева, республикалық пәндік олимпиада, «Жарқын болашақ», «Ақберен» байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы. Ал өзі болса, ұстаздық еңбегінде «Дарынды балаларға – талантты ұстаз», «Педстарт» байқауларының жеңімпазы. 

Ұлт руханиятының ұстаханасына айналған Абай мектебінде еңбек ете жүріп, республикалық «Абайтану», «Мен жастарға сенемін» ақындар айтысы, «Абай әлемі», «Ділмар» шешендік өнер байқауларының ұйымдастырушыларының бірі. Мемлекеттік тілді дамытумен қатар, ұлттық құндылықтарды да дәріптеп жүрген жас ұстаз жуырда республикалық «Дарын» практикалық орталығы директорының Алғыс хатымен марапатталып, қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Алматы қалалық ұйымының «Үздік мұғалім» номинациясымен марапатталып отыр. 
– Білім мен ғылым – адамзат баласы ақыл-ойының еңбір жоғары сатысы саналады. Мені тәрбиелі де білімді болуға бағыттаған ата-анама, бауырларыма, мектептегі, жоғары оқу орнындағы  ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Алғаш рет 3 жасымда қолыма әліппе ұстатып, әріп үйреткен марқұм әкеме деген ризашылығымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. 

Мамандығыма келер болсам, жас та болсам, бар ықыласымды, жүрегімді балаларға арнағанмын. Бірақ ғылым мен шығармашылықтан да алыстамаймын деп ойлаймын. Ұстаздық шын мәнінде мамандық емес, ұстаздық – сен дүние есігін ашқанда-ақ жаратушының пешенеңе жазып қоятын таңдауы іспетті. Сол таңдаудың ұстаздық мамандығына түскеніне өте қуаныштымын. Себебі, мамандығымды шын жаныммен сүйемін, – дейді кейіпкеріміз.
 

Тағы да оқыңыз: