Kyzylorda-news.kz  Тәрбиенің сан салалы, күрделі мәселелеріне терең бойлауға бастайтын, күнделікті тұрмыста кездесетін дағдылар арқылы баланың жан дүниесіне әсер ететін білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы – бастауыш мектеп. Бастауыш саты – білім, дағды, іскерліктің қалыптасуының бастамасы болып табылады. Келешекте жалпы білім алу мен кез-келген арнаулы мамандықтарға талпынудың іргетасы осы бастауышта қаланбақ. Сол білімді құрайтын кім? Әрине, бастауыш сынып мұғалімі. Осы ретте парасат пен махаббатқа толы өмірін ұстаздыққа арнаған, бастауыш сынып маманы ретінде 14 сыныпты орта буынға жоғары сапа білім көрсеткішімен түлеткен алтын есімді ұстаз туралы сөз етпекпіз.

Ұстаз құрметті де қастерлі сөз. Ол білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Тіпті ғұлама ғалымдар да ұлағатты ұстаздың алдынан өтеді. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» демекші, осындай ұлы есімді арқалап жүрген қармақшылық Оразкүл Жұманқызы білім беру барысындағы тәжірибесімен ерекшеленіп, тұлғалық өнеге сыйлай алған құрметті ұстаз. Ол қырық жылға жуық ұстаздық еткен уақытында әрбір оқушыға бар білгенін үйреткен ұлағатты мұғалім, аяулы ана, биік тұлға, ардақты әже. Оның бойындағы қарапайымдылықпен ұштасып жатқан өнеге, білімінің қайнар көзін арнасынан тасытып жатқан білік-дағды, сұлулығының сырын аша түсетін қазақы болмысы – бүгінде ұстаздық пен адамдыққа бойлайтұғын әр адамға үлгі ғана емес, даңғыл жол. Ұстаздың біліктілігі тек сабағының мағыналылығында емес, көрсеткен нәтижесі мен жеткен жетістігінде. Дәлелі – шәкірттерінің «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегері атануы. Одан бөлек, шәкірттері талай халықаралық, республикалық деңгейдегі білім бәсекелерінде білімін дәлелдеп, биік шыңды бағындыруда. Осы бастама мен керемет жетістіктердің нәтижесінде апайымыз Қазақстан Республикасы Білім мен ғылым министрлігінен Құрмет грамотасына ие болып, облыстық, аудандық марапаттарды иеленді. Ұстаз тек шәкірттердің емес, ұстаздыққа қадам басқан жас мамандардың тәлімгері болып, бағыт-бағдарын аямай, сапалы тәжірибесімен бөлісіп келеді.

Төрт жыл әріп танытып, тәрбиелеп, баланың білім саласындағы іргетасын қалаған ұстаздың орны ерекше. Себебі, Оразкүл Жұманқызының еңбек жолында жеткен жетістіктерінен бөлек, бүгінде ұстаз, тұлға болып қалыптасқан шәкірттері қаншама? Дарынды ұстаз болған жерде дарынды бала шығады. Осыған орай мұғалім жан-жақты, кәсіби дайындығы терең, өз бойына жинақтаған білімін жастарға үйрете алатын маман болуы шарт. Ол тек білімді жеткізуші ғана емес, керісінше оқушының білімін, өмірге көзқарасын жүйелі түрде қалыптастыра алатын жан болуы тиіс. Оқушы бойындағы қабілет-қарымды ашуда екінің бірі шебер бола бермейді. Біздің әріптесіміз секілді білімді, білікті ұстаздар тұрғанда елімізде дарынды, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиеленіп шыға берері сөзсіз.

Ғибратты ғұмырын өнегеге айналдырып, өмірлік миссияны дұрыс таңдай білген, ізгілікке толы өмірін білім беру ісіне арнаған жанашыр ұстаз, ардақты ана, биік тұлға, ардақты әжеге зейнеттің тек тәтті жемісін, арайлы таңдардың бақытты сәттерін, шаттығы мол ғұмыр, немере, шөбере күлкісіне толы шаңырақ, аласармас абырой биігін қимастыққа толы жүрегімізбен тілейміз. Қызмет деген бір белестен өтіп, құрметті демалыс деген кезеңге жеттіңіз. Қуанышыңыз ұзағынан болсын. Ағайын-туыстың құрметіне, қосағыңыздың үлдесі мен бүлдесіне, немере мен шөберелердің шу-күлкісіне, ұл-қыздарыңыздың жеңісті шақтарын көрген бақытты сәттеріне бөленген әдемі ғұмыр кешіңіз!

 

Жұма МАХАМБЕТОВА

Тағы да оқыңыз: