Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде цифрлық технологиялар және педагогтерді даярлаудағы EdTech бағыттарын дамытуға арналған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жанындағы 012 – мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту педагогикасы, 013 – пәндік мамандандырылмаған мұғалімдерді даярлау, 018 – әлеуметтік педагогика мамандарын даярлау бағыттары бойынша оқу-әдістемелік бірлестігінің көшпелі отырысы өтті.
Жиынның ашылуында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Каримова алғы сөз сөйледі. Ол өз сөзінде цифрлық технологиялар білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып, ауқымды өзгерістерге жол ашып отырғанын атап өтті. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2026 жылғы деректеріне сәйкес, елімізде 841 мың ашық педагогикалық вакансия тіркелгенін, оның ішінде әлеуметтік педагог пен педагог-психолог мамандары да бар екенін айтты. Сондай-ақ, бүгінгі кездесу білім беру жүйесіндегі стратегиялық маңызы бар заңнамалық өзгерістерді талқылауға арналған маңызды бақосу екенін айтты.
Келесі сөз кезегінде университеттің Басқарма төрағасы – ректор Наурызбай Байқадамов жиынның маңыздылығына тоқталып, оқу орнында цифрлық білім беру платформалары енгізіліп, онлайн курстар әзірленіп жатқанын және оқытушылардың цифрлық құзыреттілігін арттыруға бағытталған арнайы бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, алдағы уақытта педагогтерді даярлау жүйесінде EdTech мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жұмыстары жалғасады. Басты мақсат – халықаралық стандарттарға сай, бәсекеге қабілетті, заманауи педагог кадрларды даярлау.
Жиын аясында мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова «Педагогтерді даярлау: өзекті мәселелер» тақырыбында баяндама жасап, білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу, сондай-ақ оқушылар мен студенттердің цифрлық дағдылары мен IT құзыреттерін дамыту қажеттігін атап өтті.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамова «Мектепке дейінгі білім беру саласының дамуындағы басым бағыттар және педагогтың кәсіби дайындығы» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі мектепке дейінгі білім беру педагогтарының цифрлық құзыреттіліктеріне қойылатын талаптарды жан-жақты түсіндірді.
Халықаралық және отандық сарапшылар да өз тәжірибелерімен бөлісті. Anikó Nagy Varga (онлайн) «Жасанды интеллект дәуірінде ерте жастағы балаларды оқытуды қалыптастыру: ықпалы, құралдары және этикалық мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығы директорының орынбасары Ботагөз Бермұхамбетова «Болашақ зерттеу тәжірибелері: студенттер мен оқытушылардың ғылыми жұмысында жасанды интеллекттің рөлі» тақырыбында баяндама жасады.
Аталған көшпелі отырыс педагог кадрларды даярлау сапасын арттыру, білім беру мазмұнын жаңғырту және цифрлық технологияларды тиімді енгізу бағытындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналды.
