Kyzylorda-news.kz. Алматы қаласында өткен «Central Asia Biology Olympiad» олимпиадасының қорытындысы бойынша Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Айғаным Ернатқызы (жетекшісі Райхан Тәжі) І орын иеленді. 

Аталған білім додасына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мектептерінің 200-ден астам жас биологтары қатысты. 

Дарынды өрендер биология генетикадан биоинформатикаға дейінгі биологияның түрлі тақырыптары бойынша күрделі тапсырмалар орындады.
Айғаным теориялық білім мен логикалық ойлау қабілетімен ерекшеленіп, ең жоғары ұпай санымен жеңіске жетті.

– Бұл сайыста шетелден келген қатысушыларда болды. Олардың барлығы өте мықты, білімді жастар. Менде өз білімімді көрсетіп, осындай жетістікке жеттім. Ең алдымен жетекшім Райхан апайыма рахметімді айтамын. Дайындық барысында бар білгенін үйретіп, әркез жанымнан табыла білді. Бұл менің ғана емес апайымның да жетістігі, – деді Айғаным Ернатқызы.

Айғаным бұған дейін де түрлі сайыс, байқауларға қатысып, өз білімімен, терең ойлау қабілетімен көзге түскен дарынды оқушы. Ол мектептен алған білімі мен логикалық ойлау қабілетінің тереңдігі білім берген ұстаздарының сенімінің арқасы деп біледі. 

– Олимпиада барысында өте күрделі тапсырмалар орындадық. Әрбір қатысушы өзінің білген-түйгенін ортаға салып, дарынды екендіктерін көрсетті. Менде қарап қалмадым. Осы уақытқа дейін күні-түні дайындалған еңбегім ақталды. Сол еңбегімнің нәтижесін көргеніме қатты қуаныштымын, – деді ол.

Иә, Сыр елінің жастары әркез биік шыңдарды бағындыра білетін талантты, дарындылар қатарында. Қандай сайыс түрлері болса да әрдайым алдыңғы қатарда жүреді. Кейіпкеріміз Айғаным да сол талантты, дарынды жастардың бірі де бірегейі. Алдағы уақытта кейіпкерімізге мұнан да жоғары шыңдарды бағындырып, жетістіктері көбейе берсін демекпіз.

 

Тағы да оқыңыз: