Kyzylorda-news.kz. Соңғы жылдары Жалағаш ауданы білім саласында мемлкеттің ерекше қоладыуымен ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүр. Осы орайда, бүгінде Жалағаш ауданына қарасты Бұқарбай батыр ауылындағы №33 орта мектептің шәкірт тәрбиелеу жолындағы еңбегінде айтарлықтай сапа мен өсім бар десек болады. 

Ауылдағы №33 орта мектеп өткен оқу жылын оң нәтижемен қорытындылаған. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ұлжан Әлиева биыл да бұл дәстүр жалғасын табатынына сенеді. Бұған себеп те жоқ емес. Мәселен, түлектерді ҰБТ-ға дайындау жұмыстары биыл қыркүйек айында басталып, оқушылардан 4 рет тест алынған. Бастапқыда оқушылар жинаған орташа балл 59,7 пайызды құраса, үшінші дайындық тестінде бұл көрсеткіш 78-ге жеткен. Ал соңғы тест нәтижесі алдағы оқу тоқсанында белгілі болады.

Ерлан Боранбаевтың ауыл мектебінің тізгінін ұстағанына 5 жылдан асыпты. Ұлағатты ұстаздың бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуді басты қағидаға айналдырғаны көрініп-ақ тұр. Бес жылға шегініс жасап, білім ордасы сол уақыттан бері әр жылды қандай нәтижемен қорытындылағанын сұрадық. Бес жылдың қорытындысы былай тұрсын, қай жылы қай шәкірті ҰБТ-дан қанша балл алғаны, қай оқушының қандай додаларда топ жарғаны, бәрі-бәрі Ерекеңнің жадында сақтаулы. Бастысы, соңғы бесжылдықта ауыл мектебі аудандағы бәсі биік білім ордасына айналған. 

Былтыр №33 орта мектепте 333 оқушы білім алса, оның 14-і – мектеп бітіруші. Түлектердің 13-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Орташа балл 81-ді құрайды. Ең жоғары балл – 109. ҰБТ қорытындысымен 11 оқушы бүгінде еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орындарында мемлекеттік грантпен білім алуда. Ал бір түлек облыс әкімінің грантымен ЖОО-да білім алып жатыр. Тағы бір мектеп бітіруші арнаулы оқу орнына мемлекеттік грантпен оқуға түскен. Бір сөзбен айтқанда, ауыл мектебінен түлеп ұшқан оқушылар 100 пайыз грантпен оқу орындарында білім алып жатыр. 

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дейді дана қазақ. Қазір бұл мектепте 76 ұлағатты ұстаз еңбек етеді. Бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда әрқайсысының айтарлықтай тәжірибесі мол. Әр жылды жақсы нәтижемен қорытындылап келеміз. Бұйыртса, осы оқу жылында да бұл дәстүр жалғасын табады. Оған бар қарым-қабілетімізді жұмсаймыз. Бағана 14 түлектің 13-і ҰБТ-ға барып, оның барлығы оқуға түскенін айттық. Ал ҰБТ-ға бармаған бір мектеп бітірушіміз министрлік тағайындаған грантпен оқуға түсті. Ол – біздің мектептің, жалпы ауданның, аймақтың мақтанышы, халықаралық спорт шебері Нұрдаулет Маратұлы. Шәкіртіміз әлемдік, халықаралық додаларда көк байрағымызды биіктен желбіретуде. Міне, тек білім саласында ғана емес, спорт саласы бойынша да осындай үлкен жетістіктеріміз бар. Бірақ біз оған тоқмейілсіп, жеткен межемізбен шектелуден аулақпыз. Мейлінше шәкірттерімізден елдің жарқын болашағына қызмет етер жастар қалыптастыруға жұмыс жасаймыз», – дейді Ерлан Боранбаев. 

Былтыр байрақты бәсекеде дәл осы мектептің түлегі Нұрдаулет Маратұлының жеңісіне куә болдық. Аудан басшысы да жас та болса тәжірибелі спортшыны бапкерімен қабылдап, құрмет көрсетіп, ата-анасына да алғыс жаудырған. Одан кейін де Нұрдаулет үлкен додаларда талай рет жеңіс тұғырынан көрінді. Ал ауылдағы алтын ұядан биыл түлеп ұшқан Айгерім Сапарбек да аудандық, облыстық олимпиадаларда жүлделі орындардан көрініп, мектептің мерейін үстем еткен. Жаңа ҰБТ-дан ең жоғары 109 балды да осы оқушы жинаған болатын. Бұған дейін білім додаларында жетекшілік еткен білікті педагог Сымбат Жанибай шәкіртінің салада әлі талай шыңды бағындыратынына сенеді. Қазіргі таңда Айгерім Сапарбек Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Туризм» мамандығы бойынша білім алуда.

Жалпы бұл білім ошағынан осыған дейін түлеп ұшқан оқушылардың әрқайсысының жетістігін жеке-дара айтып кетуге тұрарлық. Қазір мұның бәрін тарқатып жазар болсақ, өз алдына бір еңбекке жүк болары анық. Бастысы, мақсат айқын, жұмыс жүйелі. Ал нәтижесі біз баяндағандай. 

№33 орта мектеп жаңа оқу жылын 327 оқушымен бастаса, оның ішінде 30-ға жуық оқушы мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр. Биыл 20 бала мектеп бітіреді. Қазіргі таңда түлектердің барлығы ҰБТ-ға қатысуға ниетті. Қазір ұстаздар түлектермен дайындық жұмыстарын бастап кетті. Осыған дейін алдын ала 4 мәрте тест сұрақтарына жауап берген мектеп бітірушілер алдыңғы буын жолдаған дәстүрді жалғаймыз деп отыр. 
 

315859063_855799542234129_5059822751620118370_n.jpg

314902895_850990376048379_3904771373521295883_n.jpg

Тағы да оқыңыз: