Kyzylorda-news.kz «Адамның бір қызығы – бала деген» деп хакім Абай айтқандай, бала – өмірдің жалғасы һәм ата-ананың көз қуанышы. Тектілігі тегінен тараған қазақ ұлты баланың тәлім-тәрбиесін, қауіпсіздігін салт-дәстүрімен ұштастыра отырып, ықылым заманнан ерекше көңіл бөлген. Себебі, ұлттың болашағы, бақыты мен бағы, ертеңге деген сенімінің кепілі де – бала екенін әубастан ұққан. Сан-мың жылдар өтсе де, нық ұстанымынан тайқымаған халқымыз бала бақытының бостан болашағына байыппен бағдар жасап, баса мән беріп келеді. Жуырда еліміздің түкпір-түкпірінде балаларды қорғау күні аталып өтті. Бүлдіршіндерге бақыт сыйлаған мереке Қазалы ауданында да ерекше тойланды.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қазалы ауданындағы Оқушылар үйінің ауласында өткен ауданның басты шарасына жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Шарада Әйтеке би кентінің өнерлі де, озық балалары өнер көрсетіп, қолдан жасаған түрлі бұйымдардан көрме ұйымдастырылды.

Кеш қонағы болған Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов пен аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш бастаған бірқатар азамат балалардың шығармашылығына оң бағасын беріп, болашақта елдің үмітін ақтайтын азамат болып өсулеріне тілектестігін жеткізді.

Мұнан соң Дәурен Оңғарбайұлы сахна төрінен орын алып, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.

– Бүгінде баршамыздың алдымызда тұрған зор міндет – ұрпаққа заманауи білім беріп, салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасау. Сол себепті де, біздер барынша балабақшада, мектепте, мектептен тыс уақытта балалардың тиісті күтім мен қамқорлық көруіне жұмыс жасап келеміз. Бұл бағытта елімізде жеткіншектердің білім алуына, шығармашылығын шыңдауына барлық жағдай жасалған. Біздің көңіліміздің гүлі, көзіміздің нұры, болашағымыз – Сіздерсіздер! Сондықтан да, сапалы білім алып, еліміздің дәулетті, жеріміздің сәулетті болуы үшін белсенділік танытып, еліміздің одан әрі гүлденуіне өз үлестеріңізді қосуларыңыз керек, – деген аудан әкімінің орынбасары жас өскіндерге деген қамқорлық алдағы уақытта да, жалғасын таба беретіндігін жеткізді.

Салтанатты шарада өнерпаздар бүлдіршіндер әуелете ән шырқап, мың бұрала би биледі. Бұдан бөлек, оқушылар үйінің алаңында аудан кәсіпкерлері бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, тегін балмұздақ таратты.

Әлем – балалармен мейірімді

Аталмыш мереке қарсаңында ерекше балалар да ескерусіз қалмады. Қазалы ауданына сыйлы, әрі белді кәсіпкерлерінің бірі – Сәкен Құлпыбайұлы аудандағы балғындарға арнап, «Әлем – балалармен мейірімді» атты қайырымдылық шара өткізді.

Игі шараға арнайы барған Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Оңғарбайұлы бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, мерекелік шараға ұйытқы болған кәсіпкерге аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің «Алғыс хатын» табыстап, шынайы ризашылығын жеткізді.

Өз кезегінде бар баланы бақытқа бөлеген шарада ата-аналарда жылы лебізін жеткізіп, Сәкен Құлпыбайұлына және С.Бабанаев бастаған әлеуметтік қызметкерлерге ризашылықтарын білдірді.

– Бүгін ерекше күн болды. Балаларымыз қуанып қалды. Керемет көңіл-күй сыйлаған кәсіпкерге алғысымыз шексіз. Несібесі молайып, кәсібі өркендей берсін деген тілек білдіреміз. Барлық бала дәл осылай бақытты болуға лайықты. Барша балғынды, ата-ананы балалар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын», – дейді олар.

Мерекелік кеште балалар ән айтып, би билеп, көңіл көтерді. Сондай-ақ, тегін таратылған балмұздақтан дәм татып, үйлестірілген ойыншықтарды алып, ерекше әсерге бөленді.

Айта кетейік, мерекелік дастарханға Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және барлық ауылдық округтерден мүмкіндігі шектеулі балалар, үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінен қызмет алушы 112 бала қатысты.

Балақайларға көңіл бөлінді

Бүлдіршіндерге бақыт сыйлаған шаралардың бірі Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында, «Бар жақсылық балаларға» тақырыпта өтті. Мерекелік шараны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Әбенұлы құттықтау сөз сөйлеп, ашып берді.

Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы жанындағы «Ақжелең» би, «Ән», «Жыраулар», «Домбыра» үйірмелерінің өнерпаздары өнер көрсетіп, ата-аналарға, балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Шара мәдениет орталығының ғимараты алдында «Асфальтқа сурет салу» бойынша балалар өз қиялдарындағы суреттерін асфальтқа салса, «Балақай» қуыршақ үйірмесі балаларға арналған ертеңгілік ұсынды. Бұдан бөлек, «Кино TIME» бағыты бойынша бүлдіршіндерге Led экраннан қазақ ертегілерінің топтамасы көрсетілді.

Кеш соңында өнер көрсеткен өнерпаздарға кәсіпорын басшысының Алғыс хаты мен сыйлықтар табысталды.

Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы жанындағы «Шабыт» еріктілер тобының ұйымдастыруымен аз қамтылған отбасы балаларына мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында «Агро өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысы Мерей Бердібайұлы және жеке кәсіпкер Мақпал Назарқанқызының демеушілігімен сыйлықтар табыстады. Балаларға тегін тәттілер, сусындар таратылды.

Жас суретшілер байқауы

Осы уақытта Әйтеке би кенті орталығында «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында аудандық «Amanat» партиясы филиалы мен «Жастар рухы» ЖҚ аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Бақытты балалық шақ» атты жас суретшілер байқауы өтіп жатты.

Мереке қарсаңында өткен байқаудың мақсаты – балалардың шығармашылық қырларын ашып, танымдық қызығушылықтарға ынталандыру және туындыларын көпшілікке жария ету арқылы жас суретшілердің белсенділігін арттыру болды.

Сурет салуға қабілеті бар мектеп оқушылар бақ сынаған сайыста жас суретшілерге Жанқожа батырдың 250 жылдық мерейтойына байланысты тақырып берілді. Суретшілер шығармашылық қабілеттерін пайдалана отырып, бірі батырдың портретін салса, енді бірі кесенесін салды.

Нәтижесінде бірінші орынды№25 мектептің 10 сынып оқушысы, қылқалам шебері Нұрдина Қуантаева жеңіп алды. Екінші орынға №249 лицейдің 8 сынып оқушысы, Дильназ Жанназар жайғасса, үшінші орынды №17 мектептің 6 сынып оқушысы Ақтоты Кеңесбай місе тұтты.

Жеңімпаздар жүлделі дипломмен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар қатысушыларға түрлі тақырыптағы номинациялар бойынша дипломдар мен сыйлықтар табысталды.

Тағы да оқыңыз: