Kyzylorda-news.kz А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхана С.Ысқақов атындағы құрылыс және бизнес колледжімен бірлесіп, XX ғасырдағы Қазақстан мен Орталық Азияның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдық мерейтойына арналған «Болмысы бөлек, біртуар тұлға» атты тарихи танымдық кеш өткізді.
Рухани шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа мемлекет қайраткері С.Қожановтың өмір жолы мен қызметі туралы ақпарат беру, кітап қорындағы әдебиеттерді насихаттау, кітапханаға оқырман тарту. Бүгінгі кейіпкеріміз қазақ елінің тұтастығы, тәуелсіздігі жолында тер төккен тұлға. Қазақ халқы атынан сөйлеген, жұрттың жоғын жоқтаған арлы да алғыр азамат. Оның өмір жолы, көзқарасы, ұстанымы әлі күнге ескірген жоқ. Қазіргі кезде де өскелең ұрпақ үшін – Тәуелсіздік мұратына қызмет етудің көрнекті үлгісі.
Іс-шарада колледждің тарих пәнінің оқытушылары Сұлтанбек Қожановтың өмірі мен қызметі туралы, оның ішінде Сыр өңірінің астана аталуына көп еңбек сіңіргеніне ерекше тоқталды. Сонымен қатар «Рухы күшті, биік азамат» атты слайд көрсетіліп, кітапханашы Назерке Асқарова С.Қожанов туралы баяндалған әдебиеттерге шолу жасады.
Тарихи кеш соңында жас буын өкілдері қоғам қайраткерінің ескерткішіне тағзым етті.