Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы өңірдің білім саласына жаңа леп алып келуде. Жоба аясында салынған заманауи мектептер тек білім беруді ғана емес, оқушылардың дамуына жағдай жасау мақсатында да ерекше көңіл бөлінген. Әрбір мектеп құрылысында экологиялық талаптар мен оқушылардың қауіпсіздігі басты назарға алынған.
Еліміздегі білім жүйесіне тың серпіліс әкеліп, білім беру ісін түбегейлі өзгертетін бұл жоба Президенттің 2022 жылғы халыққа Жолдауында көтерілген болатын. «Жайлы мектеп» салу жобасының басты мақсаты - кез келген өңірдегі, кез келген әлеуметтік топтағы балаға сапалы білімді тең деңгейде қолжетімді ету. Бұған қоса, үш ауысымды оқытуды жою, апатты мектептерді алмастыру, оқушыға орын тапшылығын болдырмау еді.
Расымен, республика бойынша 460 мыңнан астам оқу-шының болашағын айқындайтын оқу ордасы болған «Келешек мек-тептердің» жартысына жуығы ауыл¬дарда салынды. Бүгінде өңірімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 6900 орындық 10 мектеп ғимараты ел игілігіне берілді. Соның ішінде Арал қаласы мен Сексеуіл кентінде бой көтерген №292 және №294 «Келешек мектептері» – шын мәнінде болашаққа салынған берік көпір деуге негіз бар. Ауданда ашылған 300 орындық заманауи талапқа сай келетін сәулетті ғимараттардың іші өте кең, сыныптары жап-жарық. Жаңа мектептер зертханалық кабинеттерімен және жаңа технологиялық жабдықтарымен де ерекшеленеді. Әрбір баланың сапалы білім алып, таным көкжиегін кеңейтуіне мол мүмкіндік жасалған. Әр сыныптың пән бойынша қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталуы оқушылардың сабаққа деген ынтасын ашып, ғылым мен білімге деген құлшынысын арттырары анық.
Игілікті жоба іске асқалы Арал ауданындағы үш ауысымдық мектеп мәселесі оң шешімін тауып отыр. Бұл да өз кезегінде білім беру ісінің жүйеленіп, сапасының артуына ықпалын тигізуде.
Ауданда ұлттық жоба аясында бой көтерген мектептерден бөлек, шалғай елдімекендерде де жаңа білім ошақтары салынған. Мәселен, ауданға қарасты Ақшатау ауылындағы оқушылар биыл жаңа да жылы білім ордасында оқыды. Жоба құны 250 миллион теңге болатын 60 оқушыға арналған мектеп демеушілердің қолдауымен салынған. Осылайша, көп жылдан бері ескі әрі тар ғимаратта оқып келген оқушылар су жаңа мектеп табалдырығын аттады. Енді ақшатаулық балалар кең, жарық сыныптарда алаңсыз білім алып жүр.
Мұндай қуаныш Тоқабай елді мекенінде де жүзеге асқан. Ауыл халықының көптен күткен қуанышты сәт туды. Мұнда 100 орындық жаңа №248 орта мектебі пайдалануға берілді. Жаңа нысан тек сәулетімен ғана емес, толық қамтылған материалдық-техникалық базасымен де ерекшеленеді. Балаларға керек құрал-жабдықтың барлығы толық қамтамасыз етілген. Бұл білім ошағы ауылда білім берудің қаладағы оқыту сапасымен бірдей болуына мүмкіндік беріп отыр. Одан бөлек, ғасырдан астам тарихы бар №14 мектептің бастауыш сыныптары орналасқан ғимараты да күрделі жөндеуден өткен.
Білім саласын дамыту, оқушылардың сапалы білім алып, ұстаздардың алаңсыз сабақ беруі үшін мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Ал Аралдағы білім саласындағы құрылыс жұмыстары өз жемісін беруде. Тек жаңа білім орындарын салып қана қоймай, ескірген мектептерді қайта жаңғырту жұмыстары да қолға алынған. Нәтижесінде №62, №19, №262, №263 және №177 мектептер ағымдағы жөндеуден өтіп, жаңаша кейіпке енген. Үнемделген қаржыны тиімді пайдаланудың арқа-сында олардың шатыры жаңартылып, қабырғалары әрленген, терезелері ауыстырылыпты. Енді аралдық өрендер жарық та жылы сыныпта әрі қауіпсіз ортада алаңсыз білім ала алады. Бұл да мемлекеттің балаларға деген үлкен қамқорлығы деуге болатын шығар.
Бүгінде ауданға қарасты білім ошағында барлығы – 17 487 өрен білім алуда. Аудан мектептері кең жолақты ғаламтор желісімен толықтай 100 процент қамтылған. Оның ішінде алыс шалғай елді мекендерде орналасқан 16 білім ордасы «СтарЛинк» желісіне қосылған. Жалпы қазіргі таңда білім аламын деген оқушыға барлық мүмкіндік қарастырылған. Балалардың оқуынан бөлек, шығармашылық қабілетін арттыруға да басымдық берілген. Бұл ретте аудан орталығындағы №262 мектеп-гимназиясында оқушыларды тігіншілік пен аспаздықты үйрететін оқу-өндірістік шеберханалары ашылған. Сондай-ақ бұл білім беру мекемесі АИТК, АКК және Қызылорда қаласындағы №278 IT мектебімен меморондумға отырған.
Бұдан бөлек аудандағы 1-10 сынып аралығындағы 16448 бала сауықтырумен, мектепішілік, мектептен тыс лагерлермен, үйірмелермен, экскурсиялар және көгалдандандыру жұмысымен қамтылған. Оның ішінде, «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына жалпыға бірдей міндетті оқу қоры есебінен аз қамтылған отбасынан 715 бала, кәсіподақ есебінен 50 бала барлығы 765 бала жіберілген. Әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында 1196 балаға 14 миллион 816 мың теңгеге мектепке қажетті сөмке, оқу формасы, оқу құралдарынан көмектер жасалған.
Білім мен ғылымды дамыту үшін алдымен оқушыға қолайлы жағдай жасалуы керек-ақ. Алдағы уақытта да білім саласында мұндайигі істер жалғасын таппақ. Жақында шалғайдағы Мергенсай ауылында 100 орындық жаңа мектебін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл аудандағы білім беру жүйесінің тұрақты дамуының жалғасып келе жатқанын айқын аңғартса керек. Мұндай жайлы білім ордаларында сауат ашқан әрбір оқушының болашақта ел үмітін ақтап, халықтың қамын күйттер білімді де саналы ұрпақ қалыптасар деген сенім бар.
