Kyzylorda-news.kz 1 қазан – Қазақстан Республикасы Жоғары білім қызметкерлері күні. Бұл мереке білім беру саласының жүрегі саналатын ұстаздарға арналған ерекше күн. Ұстаз – білім мен ғылымның шамшырағы, олар өз еңбегімен қоғамның зияткерлік әлеуетін қалыптастырып, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Айтулы күн қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына ғылым мен тәжірибені ұштастырған оқытушы-ғалымдар келіп, жеткен жетістіктерімен бөлісті.
Жоғары білім қызметкерлері тек қана маман даярлаумен емес, тәлім-тәрбие берумен, ғылыммен де айналысамыз.
– “Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы” дегендей, маман болу бір бөлек, жақсы азамат болу екінші бір мәселе. Менің ғылымға бетбұрысым 47 жыл бұрын басталған еді. Бастапқы жылдары өндіріс орнында қызмет етсем, кейін сол өндірістегі шешілмейтін мәселелер мен еңбек адамдарының жұмысын жеңілдету мақсатында ғылым жолын таңдадым. Ал, нақты ұстаздық қызметті бастағаныма 26 жыл уақыт болды. Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Аграрлық технологиялар кафедрасында зерттеуші профессор қызметін атқарамын. Сабақ беруден бөлек, ғылыми жұмыспен айналысамын. Осы уақытқа дейін 30-ға жуық ғылым магистрін, 5 pHD ғылым докторын дайындадым. Бірнеше рет ғылым және білім министрлігінің гранттық қаржыландыру жобасының жетекшісі болдым. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру бойынша 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми жобаны да ұтып алдық. Жалпы, білімді маман қашан да сұранысқа ие. Біздің қазіргі дайындап жатқан мамандарымыздың білім сапасы да көңілге қуаныш сыйлайды,- деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Ибадулла Таутенов.
Ұстаздың жұмысы тек білім беру ғана емес, студенттерге өмірлік құндылықтарды ұғындырып, болашаққа деген сенім қалыптастыру екені даусыз.
– Менің де шәкірт тәрбиелеу жолына келгеніме 35 жылдан асыпты. Ең алғашқы еңбек жолымды Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен бастадым. Сол жерде тәжірибе жинап, қазіргі таңда жиған-тергенімді Қызылорда Ашық университетінің білім алушыларына үйретудемін. Айта кету керек, Қызылорда Ашық университетінің құрылғанына 25 жыл болса да, мұнда ғылым жұмысы бір ізге түсіп, алға қойылған. Мысалы, бізде қазір 5 ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр,- деді Қызылорда Ашық университетінің ғылым басқармасының басшымы Нұржамал Сайлаубекова.
Ғылым жолы өте қиын жол, ол үнемі ізденіс пен үздіксіз білімді қажет етеді.
– Кейінгі жылдары министрлік тарапынан ғылымға, жас ғалымдарға өте үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Биылдың өзінде Болашақ университетіне 7 мұғалім докторантураға түсті. Университетте білім-ғылыммен айналысамын деген адамдарға барлық жағдай жасалған. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін «Болашақ» ғылыми-зерттеу институты, Арал-Сырдария бассейнінің экология және биоресурстарғылыми-зерттеу институты мен Арал-Сырдария бассейнінің экология және биоресурстар ғылыми-зерттеу институтының Арал филиалы жұмыс істейді. Ал, 196 оқытушы-профессор әрбір шәкірттің жан дүниесін түсініп, талантын ашу жолында үздіксіз білім береді,- деді Гүлназ Аппазқызы.
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі