Kyzylorda-news.kz. Қай заманда болмасын, көреген халқымыз ұстаз мәртебесін жоғары бағалаған. Оның дәлелі, «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп, бар жақсы ниет- тілекті ұстазға арнаған. 

Ұстаз шәкірттеріне сапалы білім ғана емес, сонымен қатар бойындағы бар мейір-шапағатын аямай, оларды   қамқорлық шуағына бөлеп, білімнің асқар биік шыңына шығаруға  бар  күш-жігерін жұмсағанда ғана білім беру жүйесінде үлкен жетістік пен оның жемісі көрінері айқын. Осындай қиындығы мен қызығы қатар жүретін, жауапкершілігі мол мамандықтың иесі болғаныма әркез қуанамын. Менің  мақсатым – еліміздің ғылымының  дамуына тамшыдай болса да өз үлесімді қосу. Осы мақсатым мені ғылымға ден қойып, педагогика ғылымдарының магистрі ғылыми дәрежесін иеленуіме  өз ықпалын тигізді. Міндетім – ел болашағы болар жас ұрпақты тәрбиелеу жолында жаны мен тәні таза, рухани бай, алған білімін болашақта қолдана алатын, сандық сауаттылығы артқан, өз ойын еркін жеткізе алатын, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. 

Жаңашыл ұстаз – заман талабы. Ендеше, теориялық білімін тәжірибе жүзінде іске асыра алатын, жауапкершілігі жоғары, ізденімпаз жеке тұлға болу – біздің басты міндетіміз. «Жаңа Қазақстан, жаңашыл ұстаз, жаңа ұрпақ» — бұл білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілетті маман даярлау, білім кеңестігіндегі мәдениет пен өнердің даму негізі.

 «Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Расында да, сол білімді, жан – жақты, бәсекеге қабілетті, жаңашылдыққа  бейім  тұлғаны дайындаушы тек мұғалім екенін үнемі жадымда сақтаймын. Осы мақсатта, білім жүйесіне  енген реформаны меңгеріп, өз тәжірибемде пайдалану үшін  жаңартылған білім мазмұны бойынша курстан өттім. Өз позициямды іске асыру мақсатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде  сын тұрғысынан ойлау технологиясын дамыту, топтық, жұптық әдістер арқылы оқушылардың өзара ынтымақтастығын нығайту және дамыту үшін жеті модульдің әдіс-тәсілдерін қолданып келемін. Оқушылар топтық жұмысты ұнатады, олар үшін ең маңыздысы терең білім алу және өздері үшін оқиды, яғни алға деген ұмтылыс бар. Өз ойларын сабақта айту оқушылар үшін өте маңызды. Оқушының әрбір жетістігін қалт жібермей мақтап, мадақтап отырып, оқушыға оң әсер қалдыру, қалыптастырушы бағалауға көп көңіл бөліп, оқушымен арадағы диалогты дұрыс, тиімді, мәдениетті және жетелеуші түрде ұйымдастыру нәтижесінде оқушылардың білім сапасының артқанын байқауға болады. 

Жаңашыл мұғалімнің міндеті – оқушының  белсенділігі мен  ой-еңбегінің дамуына  жағдай жасау, қажет кезде жол көрсету болып табылады. Мұнда мұғалімнің шығармашылық жұмысы үлкен рөл атқарады. Нәтижесінің маңызы – оқушы жинақталған білімін тәжірибеде, өмірде  пайдалана алуда. 

Қорыта келгенде, жаңашыл шығармашылық – әр ұстаздың дара қасиеті, ал жаңашыл ұстаз – жаңа заман айнасы  екені сөзсіз. Рухани бай, жаңашыл мұғалім –  өз педагогтік шеберлігін ұтымды пайдаланса,  қай бағытта да табысты болары даусыз. Олай болса, ертеңгі ел болашағы – бүгінгі жастар қолында. Ал, көздерінде от ойнар, жүректерінде жалыны бар, жаңалыққа жаны құмар жастарды тәрбиелеу – біздің парыз. Жас ұрпаққа тәрбие мен білім беру жолында аянбай, талмай еңбек етіп, ел болашағының дамуына үлес қосып жүрген әрбір ұстазға шығармашылық шабыт тілеймін!

Ақгүл Қалжанова, 

Қызылорда қаласындағы №268 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
 

Тағы да оқыңыз: