Kyzylorda-news.kz Биыл Жаңақорған ауданында 1023 түлек мектеп бітіреді. Оның 92 пайызы, яғни 951 түлек ҰБТ-ға қатысады. Бұл мәліметті аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекжан Есенбаев брифингте айтты.

– Балалардың білім деңгейін және дамуын айқындайтын бірден-бір көр­сеткіш – ол пән олимпиадасы. 2023-2024 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық кезеңге ауданымыздан 5-6, 7-8, 9-11 сыныптар бойынша 57 оқушы қатысып, 21 оқушы жүлделі орындардан көрінді. 6 оқушы Алғыс хат иемденді. Республикалық кезеңіне 2 шәкіртіміз қатысып, 1 оқушы жүлдегер атанды. «Ұлттық бірыңғай тестілеуді және кешенді тестілеуді өткізу қағидаларына» сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-ақпан айында өткен ҰБТ-ға 841 талапкер сынақ тапсырып, наурыз айында 743 түлек сынақ тапсырып, ауданның орташа балы 84%-ды құрады. ҰБТ көрсеткіші бойынша Жаңақорған ауданы бірінші орынға шығып отырмыз, – деді Бекжан Есенбаев.

Бөлім басшысы міндетін атқарушының айтуынша, мемлекеттік білім конкурсына қаты­суға мүмкіндік беретін мамыр және маусым аралығындағы ҰБТ-ға 1023 түлектің 951-і, яғни 92,9 пайызы өтініш білді­рген. Бітірушілердің арасында 89 бала «Алтын белгіге», 109 бала «Үздік аттестатқа» үміткер. Білім алушылардың білім сапасын арттырудың бір жолы - оқу процесін жүйелі ұйымдастыру. Ауданда 44 мемлекеттік және 8 жеке мектеп бойынша 19885 оқушы дәріс алуда. Үздік оқушылар саны – 4249, жақсы деңгейдегілер – 5736-ны құрады. Аудан бойынша жалпы білім сапасы 59% құрап, 2 тоқсанмен салыстырғанда 2 пайызға өсіп отыр.

– «Алтын тұғыр» олимпиадасының об­лыстық кезеңінен И.Әбдікәрімов атын­дағы №168 орта мектебінің бастау­ыш сынып мұғалімі Құрбан Гүлнара бірінші орын алды. «Бастау» республикалық математикалық турнирінің облыстық кезеңінде №162 мектебінің 2 сынып оқушысы Сәбит Нұрымжан бірінші орын, №51 мектебінің 3 сынып оқушысы Жантө­ре Тынбек үшінші орын, №51 мектебінің 4 сынып оқушысы Ұлдана Манасбай екінші орын, ал орыс сыныптарының арасынан «Заңғар» интеллектуалды мектебінің 3 сынып оқушысы Асанәлі Алихан үшінші орын және «Заңғар» интеллектуалды мектебінің 4 сынып оқушысы Санжар Аянұлы екінші орынға ие болды. «Бастау» республикалық математикалық турни­рінің республикалық кезеңінен №162 мектебінің 2 сынып оқушысы Нұрымжан Сәбит үшінші орын алды. №54 орта мектебінің оқушысы Әліби Ерғали үшінші орын, №223 орта мектептен Данагүл Қалдан, №256 мектептен Нурсаят Жолдықожа үшінші орын, №167 мектептен Раяна Оңғар екінші орын, №160 мектептен Арман Әшірбеков үшінші орын, Daryn school мектебінен Кенжебек Ханым бірінші орынға ие болды, – деді бөлім басшысының міндетін атқарушы.

Аудан бойынша мектепке дейінгі ұйымдарда 791 педагог бар болса, оның 324-і мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымда, 431-і жекеменшік ұйымда, 36-ы мектеп жанындағы шағын орталықтар­да жұмыс істейді. Брифингте айтылған мәліметтерге қарағанда жалпы білім бере­тін мектептердегі мектепалды даяр­лық сыныптарына 1229 бала қамтылған. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қам­ту көрсеткіші- 87,9%, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші – 100%. Бүгінгі таңда облыстағы 114 балабақша «мектепке дейінгі білім беруді ұйымдастыруға жолдама беру үдерісі мен кезектілікті қалыптастыру мен қызметін автоматтандыру» жүйесі­не 100% қосылған. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі жаңа құрылыстың, сондай-ақ, жеке нысандағы мектепке дейінгі білім беру ұйымда­рының ашылуының есебінен ұлғаюда. Кезектілікті жою мақсатында 2027 жылға дейін жалпы қуаты 1720 қосымша топ ашу жұмыстары жоспарлануда.

– Биыл аудан орталығындағы №163 орта мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ, Билібай ауылындағы №255 негізгі мектепте 20 орындық асхана мен спорт зал салынып, Жаман­бай батыр ауылындағы №54 мектепке жаңа бастауыш сынып ғимаратының құры­лысы жүріп жатыр. 2023 жылдың қаң­тар айынан бастап кент орталығын­дағы №286, 169 мектеп ғимараты және МАИ бекетінде 300 орындық мектеп жаңадан пайдалануға берілсе, Байкенжеде 150 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жо­басы әзірленген. Аталған жоба ая­сын­да 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттары бойынша 840 мың орындық мектеп салу көзделген. Жоба аясында Жаңарық ауылынан 300 орындық және Жаңақорған кенті, Саяжай аумағында 600 орындық мектеп құрылысы басталды, – деді ол.

Білім сапасы жөнінен біздің еліміз 93 елдің ішінде 62-ден 35-ші орынға жайғасты. Осыдан-ақ білім беру саласының көші ілгерілегенінін байқауға болады. Үшінші тоқсанды қорытындылаған Жаңақорған аудандық білім бөлімінің басшысы Бекжан Есенбаев сала мамандары мен білім беру ұйымдары басшыларының есебін тыңдады.

Бірден айтайық, елімізде мектеп директорларының деңгейі көңіл көнжітпейді. PISA-2023 халықаралық зерттеулер қорытындысында білім беру ұйымдары басшыларының 45 пайызының санаты өте төмен екендігі расталды. Ал бізде ше? Статистикалық мәліметті сөйлетсек, аудандағы 44 мемлекеттік, 8 жеке мектеп директоры болса, оның 11-і санатқа өтпеген. Тіпті кейбірі оқушыға сабақ бермейтіні де басқосуда сын болды. Осы олқылықтың орнын толтыру бағытында түрлі ағарту шаралары жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта мекеме басшыларының бәсекеге қабілетті, жаңашыл, шығармашыл, менеджерліктен бұрын ұстаздық міндеті мығым болуы талап етіледі. Осыған байланысты облыстық білім басқармасы «Бір мектеп – бір жоба» байқауын іске қосты. Сайыс 28 ақпан мен 3 наурыз аралығында өткізілді. Бірінші кезеңінде білім ордасы басшылары озық ашық сабақ өткізсе, екінші додасында жоба қорғауға ұмтылды. Осы уақытқа дейін жинаған біліктілігі мен тәжірибесі, бағы мен бабы қатар шапқан педагог-директорлар көпшіліктің қошеметіне бөленді. Тарқатып айтсам, бірінші орын иегері №286 орта мектебінің директоры Ләззат Нәлібаева, екінші орынды №164 орта мектеп директоры Жанболат Ахметжанов және 3 орынды №221 орта мектеп директоры Нариман Жахудаев иеленді.

Биік мінберден көрінген алғашқы 3 директор байқаудың облыстық кезеңінде аудан абыройын қорғады. Бұл туралы білім бөлімі басшысы Бекжан Шахизатұлы арнайы атап өтті.

– Білім саласының дамуына үлес қосып, келешектің тұтқасын ұстар шәкірттер тәрбиелеп, олардың жетістікке жетуіне ықпал жасап жүрген әріптестерге шынайы алғыс білдіремін. Бұл байқау біздің аудандағы білім беру ұйымдары басшыларының заманға сай креативтілікті қалыптастыруға жол ашқандай. Облыстық кезеңде олжалы оралудың өзі бір мәртебе, — деді ол.

Ал аудан педагогтарының санаты қалай? Бұл туралы аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрымжан Бұлдырықов тарқатты. Аудандағы 2825 педагогтың ішінде екеуі ғана педагог-шебер болса, 409 зерттеуші, 1080 сарапшы, 600 модератор екен. Осыдан-ақ мамандардың біліктілігі төмен екенін екшей беріңіз.
Өткен жылы 923 педагогикалық кадрдың 193-ы аттестациядан өтуге өтініш білдірген. Оның 146-сы педагог-зерттеуші санатына өткен, 47-сі тестен төмен нәтиже көрсеткен. Сондай-ақ 409 педагог сарапшыға тапсырғандардың 212-і ғана талапқа сай болса, тестен жығылғаны 99. Ал, педагог-модераторға талпынған 308 мұғалімнің 260-ы өтіп, 60-ы төмен нәтиже көрсеткен.

Бала зейінін ашып, тұлғалық қалыптасуына септігін тигізетін мұғалімдердің біліктілігін арттыру басты назарда тұр. Алдағы аттестациялау кезеңінде бұл көрсеткіш жақсарады деген үміт бар. Қысқасы, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығымен бекітілген Педагогтерді аттестаттаудан өткізу туралы 2024 жылдың 16 сәуір күнгі №79 санды бұйрығына сәйкес, педагогтерді аттестаттаудан өткізу мерзімдері және біліктілік санаттарын беру (растау) рәсімдері 2024 жылғы 17 сәуір мен 1 қыркүйек арасы болып белгіленді.

Педагогтерді аттестаттау үшін педагогтердің білімін бағалауды (тестілеу) жүргізу мерзімдері және бірінші рет тегін 2024 жылғы 18 сәуір мен 13 мамыр аралығы, екінші рет ақылы негізде 5640 теңге мөлшерінде 2024 жылғы 10-31 шілде аралығында өтіледі.
Биылғы 2023-2024 оқу жылы аудан бойынша аттестациядан өту үшін 1381 педагог кадр тест тап­сыруға өтініш беріпті. Бұл туралы сектор меңгерушісі Нұрымжан Бұлдырықов тарқата келе:

– Биылғы аттестациялаудың ережесі мен тәртібі анық, әрі әр мұғалімінің біліктілігін жан-жақты саралауға жол ашылды. Мықты кадрлардың абыройы асқақтап, мерейі таситын болады. Сондықтан әрбір үміткер өзінің педагогикалық білімі мен біліктілігіне арқа сүйегені жөн, – деді ол.

Соңғы қоңырау мерекесі таяп келеді. Биыл мектеп бітірушілердің бас қайғысы ҰБТ-да нәтижелі көрсеткіш көрсету. Қаңтар, ақпан және наурыз айында тапсырған ҰБТ қортындысын сөз етсек, мектеп бітіруші 1023 түлектің 841-і кешенді тестілеуден өтті. Оның ішінде қаңтар айында 92 талапкер шекті балдан өтсе, 38-і межені бағындыра алмады. Ал наурыз айында 743 баланың 18-і шекті балдан аса алмаса, 135 талапкер жүз балдан асырған. Бұл туралы білім бөлімінің әдіскері Жанна Қожахметқызы тарқатты.
– Өздеріңіз байқағандай, ҰБТ көрсеткішінде жоға­рылау бар. Мектеп бітірушілердің қосымша дайындығын нығайту үшін арнайы әр пәннен кесте түзілді. Осы бойынша әр түлектің тестке дайындалуына мүмкіндік мол. Ынталы жасты демеп, бағыт-бағытымен дамытып, нәтижелі меже көрсетуге талпынуда, – деді ол.

Сонымен, бірінші жарты жылдықтың қортындысында ҰБТ көрсетіші бойынша облыста көш бастаса, білім сапасы жөнінен алғашқы үштікке табан тіреді.
Үшінші тоқсан қортындысында жалпы орта білім алушылардың деңгейі өскені байқалады. Екінші тоқсанда 55 пайыз болса, үшінші тоқсанда 59 пайызға алға жылжу бар. Десе де, 19885 баланың 500-ден астамының сабақ үлгерімі төмендеп, «үштік» бағамен бағаланған. Сондай-ақ екпінділер саны 12831 болса, қалғаны үздік оқушылар қатарында. Бір сабақтан ғана «үшке» бағаланған 56 бала бары анықталып, келер тоқсанда екпінділер қатарына қосылуға жүйелі жоспар түзіліпті.

Бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталғалы да айға жуықтады. Осы уақыт аралығында 600 баланың құжаты қабылданды. Келер жылы бірінші сыныпқа 1700 бала қабылданады деп күтілуде. Әр мектепте «өзін-өзіне қызмет көрсету» «eGov Mobile» бұрышы жұмыс жасауда. Осы қызмет арқылы ата-ана баласының құжатын рәсімдей алады.

Білім сапасын арттыруға ден қойған мектептерде басты мәселе – оқушыны оқулықпен қамту жайы болып тұр. Еске алсақ, жуырда Фейсбук әлеуметтік желісінде «жеке мектептердің мемлекеттік мектеп мөрі басылған оқулығымен оқып жатқаны» сынға алынған болатын. Ұққанымыз, білім министрлігінің арнайы қаулысында мемлекеттік мектепте артық резервте тұрған оқулықты жеке мектепке уақытша пайдалануға беру туралы мәміле болған екен. Алдағы уақытта бұған жол берілмейді. Мұны басқосуда бас ұстаз Бекжан Шәкизатұлы былай жеткізді:

– Біздің ауданда 44 меклекеттік мектеп, 8 жеке мектеп жұмыс жасауда. Мемлекеттік мектептердің өзінде оқулық жетіспеушілігі барын жасырмаймыз. Сондықтан оны жолдан бұрып, мәселені ушықтыру орынсыз. Келер жылы әрбір жеке мектеп арнайы баспадан кітап алуды ұйымдастырғаны жөн. Осы бастан сол қарекетке көшкен абзал. Оқулығы сай емес оқу ошағы анықталған жағдайда тиісті шара көріліп, қызмет көрсетуін шектейтін боламыз, –деді ол.

Кеңейтілген алқа отырысында талқыға салынған тағы да бір мәселе – мұғалімдердің бірнеше мектепте қызмет етуі. Кент орталығында 17 мектеп қызмет етсе, көптеген мұғалім қос мектептің кадрлық есебінде тұр. Бір ғана «Май бекеті» аймағында 6 жеке, бір мемлекеттік мектеп бар. Ал, кейбір мұғалім бір мектепте 16 сағат, екінші мектепте 12-15 сағат алыпты. Логикаға салсақ, бір адам қалайша күніне 18-23 сағат жұмыс жасауы мүмкін? Қаражат қамын күйттегендер баланың зейінін аша ала ма? Осы мәселені назарға салған Бекжан Есенбаев келер оқу жылы басында кадрлық мәселені түбегейлі қаралатынын тілге тиек етті.

Осы жиында білім бөлімінің әдіскері Мира Жандарбекова, №110 мектеп лицейінің директоры Фариза Ниязова, №160 мектеп директоры Жанаділ Ибрагимов, №162 мектеп директоры Серік Дүйсебаев, №209 мектеп директоры Лаура Үсенбекова, Жұмаділла Өскенбай атындағы дарынды балаларға арналған жеке мектеп директоры Ләззат Әбсаттарова, “Daryn school” мектебі директорының міндетін атқарушы Шынар Әбуова мектеп жетістігі жайында есеп берді.

Үшінші тоқсан жағымды жаңалыққа толы болды. ҰБТ көрсеткішінен үздік, білім деңгейі жөнінен үшінші орында тұрмыз. Шәкірттер мен ұстаздардың шығармашылық өрлеуі де жоғары деңгейде. Кемел келешегіміз жас ұрпақтың қолында болса, өскелең жасты сапалы білім мен тәлімді тәрбиемен қамту білім беру ұйымдарының құзырындағы жұмыс. Жас буынның жарқын болашаққа сенімді қадам басуы, кейінгі өмір сапасының жоғары деңгейде болуы мектептен алған оқу және білім сапасымен өлшенеді. Сол үшін білім ордаларында қажырлы еңбек етіп жүрген мұғалімдер мен оқытушылардың маңызды рөлін жете түсініп, олардың кәсіби құзыреттіліктерінің дамуына барынша жағдай жасау керек. Үнемі шығармашылық болып, кәсіби және жеке өзін-өзі тәрбиелеу мұғалімнің педагогикалық шеберлікті меңгеруі қажетті дағдыларды дамытуға көмектеседі. Ал нағыз ұстаз әрдайым ізденіс үстінде болатын ұстаз деп сөзімді түйіндеймін.

Биылғы оқу жылында ҰБТ-көрсеткішінен үздік, білім деңгейі жө­нінен үшінші орында тұрмыз. Үнемі шығармашылықты, дамытып отыру мұға­лімнің педаго­гикалық шеберлікті меңгеруі мен өзіндік шығармашылық зертханасын құру үшін қажетті қасиеттер мен дағдыларды дамытуға көмектеседі.


Мақпал МАРҚАБАЙ

Тағы да оқыңыз: