Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданы бойынша білім бөлімі Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында №36 Әбдіджа Тәжібаев атындағы мектеп-лицей базасында семинар өткізілген болатын. Семинарға аудандық білім бөліміне қарасты барлық білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.
Аталған іс шарада Қызылорда облысының ішкі мемлекеттік аудит департаментінің Жоспарлау, талдау, есептілік және сапаны бақылау бөлімінің бас маман, мемлекеттік аудиторы Жасұлан Тәңірбергенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, жемқорлықты болдырмаудың жолдары туралы сөз сөйлеп, өз тәжірибесімен бөлісті.
Сыбайлас жемқорлық саясатының мақсаттары мен міндеттеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру,оның алдын алу көріністерін азайту, құқықтық мәдениет деңгейін жоғарылату, құрылымдық және қоғамдық ұйымдардың жұмысын қамтамасыз ететін қабылданған шешімдердің ашықтығы және жариялылығы кіреді. Жалпы, әрбір білім саласы қызметкер білуге тиіс факторлар қатарына мыналар жатады. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылық пен күрестің нормативтік құқықтық базасын, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылу тәртібі, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу және жол бермеу, сыбайлас жемқорлыққа байланысты әр түрлі іс-әрекеттерге қарсы шығу кіреді.
– Білім саласы қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық мәселелерін болдырмау мақсатында үнемі түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады. Сырдария ауданы бойынша 17 білім ошағында ұстаздар мен техникалық қызметкерлер жұмыс жасайды. Сыбайлас жемқорлық факторларын болдырмау мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Біз қашанда сыбайлас жемқорлық туралы заңның қағидаларына бағынамыз. Білім саласының мамандары адалдықты ту етіп, халық баласын оқытады деп сенеміз, – деді Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков.