Kyzylorda-news.kz. Жас ұрпақтың білімді болуы жаһандық дәуірде бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізін қалауына жол ашады. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына жол ашатын заманауи талаптар. Мұндағы негізгі ой – білім бәйгесінде биіктен көрінетін білікті маман, уақыт талабына сай, кез келген кезеңде бәсекеге дайын тұлға қалыптастыру.
Күн санап ақпарат кеңістігі өркендей түскен заманда жас ұрпаққа сапалы білім беру мұғалімнің, ұжымның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуін талап етеді. Білім бар жерде өрлеу де бар, өсу де бар, жетілу мен кемелдену де толастамақ емес. Бұл ретте, Жалағаш ауданы білім саласына келгенде ауыз толтырып айтарлықтай, көпке мақтанарлықтай жетістікке жетті. Жыл сайынғы ұлттық біріңғай тестілеудің нәтижесімен, республикалық, қала берді халықаралық білім бәйгелерінде топ жарып жүрген талапты шәкірттерімен қашан да алдыңғы қатардан көрініп келеді. Осындай қарқынмен, қабілетпен, жүйелі жұмыс, жан-жақты ізденіс толастамаса бұл саланың кенжелеп қалмайтыны анық.
Аудан мектебінің бүгінгі бет-бейнесін жаңа қырынан көрсетіп келе жатқан Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейін ерекше атап өтуге болады. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп Әбу Насыр Әл-Фараби атап өткендей, қай дәуірде де бала тәрбиесіне аса қатты мән берілген. Тыңнан түрен салып, заманның көшіне ілесетін, білім ошағынан алған білімі мен тәрбиесін қоғам үшін пайдаға жарата алатын, бойындағы жастық бұла күшін елдің келешегі үшін жұмсайтын жігерлі жастарды ұядан ұшырып келе жатқан бұл мектептің жетістігі мен жемісті сәттері көп-ақ.
«Бүгінгі заман басқалардан білекпен емес, біліммен озатын заман. Бұрынғыдай емес, білім саласындағы оқу үрдісі де, білім беру критерийлері де барлығы өзгерді. Қазір жан-жақты, жаңашыл, үнемі ізденіс үстінде болсаң ғана еңбегіңнің жемісін көре аласың. Шүкір, біздің мектеп білікті ұстаз, білімді шәкірттерден кенде емес. Ұстаздар қауымы барынша балаларды ынталандыруға, әрбір сабағын жаңаша, қызықты идеямен өткізуге талпынады. Өйткені оқушыны жалықтырып алмауды ойлайды. Түрлі білім додаларында жеңіске жетіп жүрген оқушылар бар. Олар жетістікке жеткен сайын мектебіміздің мерейі асып, ұстаздардың қызметіне деген ынтасы, жауапкершілігі арта түседі. Біздің білім ошағының бір ерекшелігі дейін, бізде бірнеше сыныпты біріктірген «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы құрылған. Халқымызда шаңырақ сөзінің киелі де қасиетті екенін ескерсек, бір шаңыраққа біріккен жас ерекшелігі әртүрлі екі сыныптың оқушылары үлкеннің кішіге деген қамқорлығын, кішінің үлкенге деген ізетін қалыптастыратын ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре отырып, оқушылардың өзін-өзі басқаруын дамытып, жасөспірімдер арасында кең етек алған әлімжеттік пен құқық бұзушылықтың алдын алуға, тәртіп пен мінез-құлық мәселесін шешуге мүмкіндік бергенін тәжірибе көрсетіп отыр. Әрбір «Шаңырақ» дүйсенбі күні өтетін дәстүрлі оқушылар жиынын кезекпен жалпыазаматтық және ұлттық құндылықтарға сәйкес шығармашылық ізденіспен өткізеді. 10 минутта шаңырақ мүшелері мерекелік құттықтаулар, белгілі кісілермен сыр-сұхбаттар, кездесу, әдеби-музыкалық монтаждар сияқты тағы басқа да формаларда жиындар өткізіп, сол тақырыпта газеттерін таратады. «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы оқушылардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастырып, қоғамға қызмет етуді мектеп табалдырығынан дайындауды мақсат етеді. Оқушының өзін-өзі басқаруы әр оқушыға ұйымдастырушылық қызметке белсенді қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етіп, бастама көтеру, шешім қабылдау және өз шаңырағында оны жүзеге асыру арқылы көшбасшылық қабілеттерін дамытады», – дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Айқын Жақсылықова.
Сонымен бірге бұл қауымдастық жұмысы «Қазақтың 100 әні» жобасы бойынша тізімге енген бір әннің тарихымен таныстырып, сол әнді орындау арқылы ұлттық өнерді насихаттап та келеді екен. Ұмыт болған халық әндері мен халық композиторларының әнін іздеп, тарихын зерттеп, әнді орындау арқылы оқушылардың бойында ұлттық өнерге деген құрметтері артатынына сенімді. Иә, біз табан тіреген мектептегі жүйелі жұмыстардың легі тек мұнымен тоқтап қалмайды. Оқушылар, мектеп қызметкерлері мен ата-аналар арасында кеңінен насихатталып, аз уақытта өз нәтижесін көрсете бастаған «Көп оқып, көп білуге ұмтыл: лицей шәкірттері оқуға міндетті 30 кітап» жобасы да балаларды белсенділікке тәрбиелейді. Барлық сынып бұрыштарында үш тілде жазылған 30 кітаптың тізімі ілініп, мектеп кітапханасында арнайы көрме әзірленген. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен тығыз тәжірибе алмасу барысында «Букроссинг» акциясы арқылы сирек кездесетін кітаптарға мектеп оқушыларының қол жеткізгенін айта кеткен жөн. Жоба басталғалы үш жылда 30 кітаптың тізімі толықтырылып, қазіргі таңда жүзге жуықтапты. Жалпы осы жоба оқушылар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты оятып қана қоймай, оқылған көркем әдебиеттер төңірегінде ой бөлісіп, кейіпкерлер әлемін талдау арқылы әдеби тілде сөйлеуге, өз ойларын еркін жеткізуге мүмкіндік береді.
«Мен әлемге домбыраны танытамын!», «Ата-ананың жұмыс орнындағы 3 күн», «Туған жерге тағзым!» өлкетану саяхаты, «Ақылды бейсенбі» кездесуі, «Балалар әлеміндегі игі істер» әлеуметтік жобалары - мектептегі жаңаша тәрбие үрдісі. Ал «Балалар әлеміндегі игі істер» жобасында мектепте үйде оқитын мүмкіндігі шектеулі оқушыларды қамқорлыққа алу арқылы, оқушыларға өмірдің басқа қырынан қарай білуге, мүмкіндігі шектеулі балалардың тірек қозғалысында шектеу болғанымен, армандары мен қиялдарында шектеудің жоқ екенін түсінулеріне мүмкіндік болды десем болады. Оқушыларға рухани құндылықтарды, оның ішінде адамгершілік пен имандылықты сөзбен емес, іспен көрсетудің қаншалықты маңызы бар екенін осы жоба дәлелдеуде десек те қателеспейміз», – деген Айқын апай оқушыларға ұлттық рух пен ұлттық тәрбие беруде «Мұрагер» домбырашылар сыныбының рөлінің зор екенін жеткізді.
Қандай шара болсын мектепке келген қонақтарды күмбірлеген күймен қарсы алу – мектептің игі дәстүрлерінің бірі дейді. Расымен мектепте күйші оқушылардан жасақталған «Мұрагер» домбырашылар ансамблін көпшілік жақсы біледі. Биылғы оқу жылында «Мұрагер» сыныбына 41 оқушы қабылданыпты. Ұлттық өнерді насихаттауда қазіргі таңда бұл оқушылар қазақтың 100 күйі бойынша «Мен әлемге домбыраны танытамын!» жобасымен жұмыс жасауда.
Қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру. Инклюзивтік білім беру – барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім беру үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат. Бұл ретте аталған мектептен ашылған арнайы сыныптар әдеттегі сыныпта дәстүрлі оқыту жағдайында қанағаттандырылмайтын ерекше білім беруге қажеттілігі бар оқушыларды саралай оқытады. Білім алушыларға арнайы курстан өткен сынып жетекшілер мен пән мұғалімдері бекітілген. Сонымен қатар түзету сабақтарына психолог, логопед, дефектолог арнайы мамандары тағайындалып, оқушыларды сыныптан тыс мәдени-шараларға өз сыныптарымен бірге қатыстыруды қамтамасыз етеді.
Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды демекші, мектеп-лицейі жоғарыда аталған жобалармен шектеліп қалмай кезең-кезеңімен басқа да жобаларды енгізу арқылы мектеп мәдениетін қалыптастыруды, үштік одақ арасындағы байланысты нығайтуды көздейді. Соның ішінде «Шапағат» әкелер кеңесінің жұмысын ерекше атап өткен жөн. Бала тәрбиесінде әкелердің рөлі мен ықпалын күшейтуге, әкелер мәртебесін көтеруге бағытталған кеңес жұмысы көпке үлгі. Нәтижесінде әкелердің сабақ үдерісі мен тәрбиелік шараларға қатысуы жолға қойылып, жиналыстарға белсенді қатысу көрсеткіші артқан. Әкелермен жоспарлы тренингтер, топтық жұмыстар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер жиі өтеді. Мектепте әкелерге педагогикалық-психологиялық кеңес беру пункті жұмыс жасайды. Сонымен бірге мұғалімдермен бірлескен түнгі кезекшіліктерге шығуы арқылы жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға да атсалысып жүр.
Қанша жобаны қатар жүргізіп, білім мен тәрбиені ақсатпай отырған мектеп ұжымының еңбегі елеусіз қалған емес. Жеткен жетістіктер, көрсетілген құрметтің бәрі сапалы білім беру ісінің нәтижесі деуге әбден болады. Ақын-сазгер А.Орынбаева, тәжірибелі мұғалімдер Ж.Тұрған, Ш.Қанбаева, Г.Есжанова, Е.Ыдырыс бастаған ұстаз деген ұлы есімді арқалап жүрген барлық педагогтің еселі еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Мәдени, спорттық шаралардағы жетістіктерден бөлек, әскери-патриоттық тәрбие бағытында Отан қорғаушылар күніне орай өткен аудандық саптық байқауда да аталған мектеп 1 орынды иеленген. Ал теннис үйірмесінің жетекшісі Т.Тұрғанов 15 оқушыны аталған спорт түріне баулып, оқушылардың спортқа деген ынта-жігерін қалыптастырып жүр. Сонымен бірге отыз жылға жуық білім саласының ыстық-суығына төзіп жүрген осы білім ошағының география пәнінің мұғалімі Гүлдана Ермаханова да талай баланың қанатын қатайтып, білім нәрімен сусындатуда адалдық пен жауапкершілікті бірінші орынға қойып келеді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасын», облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ комитетінің «Құрмет грамотасын», аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамотасын», облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттарын, «Жыл ұстазы – 2020» номинациясын алса, облыс әкімдігінің білім беру саласының қызметкерлеріне тағайындалған біржолғы сыйақысының иегері атанған. Білікті маманның білім берудегі жаңада әдістемелік, жаңартылған білім беру мазмұны сынды бірнеше жұмыстары баспаға ұсынылған. Ал қазық тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Шолпан Қанбаева салада 27 жылдан астам уақыт еңбек етіп, бірнеше мәрте марапат төрінен көрініпті. ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатына, облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ комитетінің «Құрмет грамотасына», «Үздік мұғалім – 2021» номинациясына, «Үздік мұғалім – 2022» номинациясына ие болған.
Мұнан бөлек те «Құндылыққа бағытталған білім беру жағдайында музыка және кәсіптік білім беруді дамытудың инновациялық тәжірибесі» атты облыстық пән бірлестік жетекшілерінің секция отырысында «Ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып оқушылардың ұлттық музыкаға деген шығармашылық қабілеттерін арттыру» тақырыбындағы шебер-сынып көрсеткені үшін Жалағаш ауданы, №201 мектеп-лицейінің музыка пәнінің мұғалімі Алтынкүл Жаңашева, «Тәрбиелік орта: құндылыққа бағдар және үздік тәжірибелер» тақырыбындағы тәрбие орынбасарларының бірлестік әдістемелік отырысында жұмыс көрсеткені үшін Феруза Досанова, Білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген мұғалімдердің облыстық спартакиадасына іріктеу мақсатында шағын футболдан өткізілген жарыста үздік ойын көрсеткені үшін №201 мектеп мұғалімі Нұрғазы Ақылов, аудан бойынша білім саласының қызметкерлері арасында өткен шағын футбол сайысына қатысқаны үшін №201 мектеп мұғалімі Самат Нұрпейісов, Шахан Дәулет, Білім беру ұйымдарының педагогтары арасында өткізілген «Үздік авторлық бағдарлама-2022» облыстық байқауында I орын алғаны үшін Жалағаш ауданы №201 мектебінің мұғалімі Әлима Жаңабергеновалар үздіктер қатарынан көрініп, мектеп абыройын асқақтатып келеді.