Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданына қарасты Аққыр ауылындағы №188 орта мектеп ұжымы жыл сайын жаңа оқу жылын жақсы нәтижемен қорытындылауда. Оған түлектердің жоғары оқу орындарына оқуға түсуі дәлел. Ал жуырда күрделі жөндеуден өткен зәулім ғимарат білім қуған оқушылардың қажетіне жарауда.
Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Алимова ауыл мектебінде балалардың білім алуында ешқандай мәселе жоқ екенін айтады. Сондай-ақ ол жыл сайын білім алатын оқушылар қатарында айтарлықтай өсім болып жатқанын да жасырмады.
«Иә, біз – аудан орталығынан шалғайда жатқан елді мекенбіз. Дегенмен мемлекеттің ауылдық елді мекендерді, ондағы әлеуметтің әлеуетін жақсартуға бағытталған барлық қолдауынан құр қалып жатқанымыз жоқ. Өткен жылдары өзіміз жұмыс жасайтын, шәкірттер білім алатын осы мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудан және облыс орталығынан шалғайда демесеңіз, бізге де қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған жаңа зәулім нысанда жұмыс жасаған ұнайды. Оған мемлекет қолдау көрсетіп отыр. Осындай үлкен қолдау барда біздің алдымыздағы жауапкершілік те еселенетінін жақсы білеміз. Сондықтан шәкірт тәрбиелеуде шабытынымызды еселеп, жеткен жетістікке тоқмейілсімей, одан да жоғары нәтижеге кол жеткіземіз», – дейді Гүлмира Әбдіразаққызы.
№188 орта мектеп былтыр оқу жылын 155 оқушымен бастаған. Оның жетеуі – мектеп бітіруші. Ал ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі ұстаздардың жемісті еңбек еткенін аңғартады. Мәселен, былтыр бұл мектептен түлеген 7 оқушы да ҰБТ-ға қатысып, жеті оқушының алтауы еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алуға мемлекеттік грант жеңіп алса, біреуі облыс әкімінің грантына ие болған.
Айта кетейік, биыл Аққырдағы №188 орта мектеп жаңа оқу жылын 167 оқушымен бастаған. Биыл алғаш ауылдағы алтын ұяның табалдырығын 23 бала аттап отыр. Былтыр 1 сыныпқа қабылданған балалар саны 17 болған.
Аққырдағы ертеректе іргетасы қаланған білім ордасы 30 жылдан аса уақыт күрделі жөндеу көрмеген. Осыдан 2-3 жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама игілімен 200 млн теңгеден астам қаражатпен көне нысан қайта жаңарды. Білім ұясының шатыры жаңартылып, есік-терезелері заманауи құрылыс материалына ауыстырылған. Ғимараттың ішінен дәретхана салынып, су, кәріз жүйелері жүргізілген. Тозығы жеткен электр жүйесі жаңаланған. Ішкі қабырғалары қайта сыланып, жаңа еден төселген. Нысанның сыртқы қабырғалары металл сайдингпен қапталған. Аулаға брусчатка, асфальт төселіп, абаттандыру жұмыстары жасалған. Мердігер мекеме білім нысанының сыртынан да дәретхана жасаған. Сыртқы есік жанынан мүгедектер арбасы еркін сиятын арнайы пандус салынған. Мектеп ғимаратының алдына да балалар демалатын жайлы орындықтар орнатылған.
Биыл Аққырдағы орта мектепті 9 бала тәмамдайды. Олардың барлығы бүгінде ұлттық бірыңғай тестілеуде бақ сынауға ниетті. Мектеп директоры Гүлбану Орынбаева түлектерден айына екі рет ҰБТ-ға дайындық мақсатында тест алынатынын айтады. Бастысы білікті мұғалімдерден құралған бұл ұжымның бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектерінде нәтиже бар.