Kyzylorda-news.kz Қашанда сапалы білімнің іргетасы бастауыш сыныпта қалыптасады. Сондықтан мектеп табалдырығын аттаған әрбір балаға бағыт-бағдар беретін алғашқы ұстаздың ұлылығын барлық адам мойындайды. Мамандыққа деген адалдықты шәкіртке деген сүйіспеншілікпен ұштастырған алғашқы ұстаз бала жанының бағбаны екені сөзсіз.  Кенжегүл Раманқұлова – 35 жылға жуық абыройлы қызмет атқарып, терең білім мен тәлімді тәрбиені шәкірттеріне сіңіріп, адамға тән асыл қасиеттерді бойына жинаған саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған ұлағат иесі. Білікті ұстаз талай жыл бойы ауыл балаларына білім мен тәрбиені қатар беріп, қажырлы еңбек етіп келеді.

Ұлағатты ұстаз Кенжегүл Жорабекқызы 35 жылға жуық уақыт Сырдария ауданына қарасты Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы №135 орта мектепте қызмет етіп келеді. Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң 1987-1990 жылдары М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені жалпы білім беретін мектептің бастауыш кластарында оқыту мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп, 1991-1994 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтында бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі маман­дығын игеріп шығады. Бала кезінен білімге құштар болған білікті маман алғашқы еңбек жолын 1990 жылы №135 А.Тоқмағамбетов атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Саналы ғұмырында талай шәкіртін білім нәрі­мен сусындатып, тәлімді тәрбие беріп жүрген ардақты ұстаз мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, бағдарлы оқыту ісі жөнін­дегі орынбасар, оқу ісінің орынбасары қызметтерін атқарған. Аяу­лы жан ұстаздық қызметімен қоса отбасын қатар алып жүрген үлкен шаңырақтың шамшырағы, ұйытқысы. Өмірлік серігі қажырлы еңбек етіп жүрген шаруа адамы. Білікті ұстаз жолдасымен бірге 4 бала тәрбиелеп, бүгінде бақытты ата-әже атанып отыр.

– «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді халық даналығында. Мекте­тегі білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы және негізі бастауыш сыныптардан басталатыны белгілі. Бастауыш мұғалімі ол тек оқытуышы ғана емес, ол – бағбан, баланың жарқын болашағына жол көрсетуші, бағыт-бағдар беруші, сонымен қоса баланың бойындағы қабілет көзін ашушы. Бастауыш мұғаліміне қойылар талап пен жауапкершілік басқалардан екі есе жоғары деуге болады. Осы тұста ұстаз ретінде баланы сол қалпында жақсы көру маңызды екенін айтқым келеді. Тентек пен тілалғышты, ұғымтал мен ойлау қабілеті төмен, ұқыпты мен жалқау оқушыларды бөліп-жармай, барлығын да бірдей жақсы көру керек. Балаларға деген мейірімділік пен сүйіспеншілік бар жерде қатыгездік болмайды, намысына тиетін сөздер айтылмайды, олардың әрбір жетістіктеріне қуанып отырасың. Оларды түсіне білу, яғни солардың көзқарастарымен санасу, оларды ересектерше қабылдау, қамқорлық танытқанына қуану, ақыл­дасып отыру маңызды. Олардың танытқан қамқорлықтары мен әрбір ісіне кешіріммен емес, үлкен құрметпен қарау керек. Балаларды түсіну дегеніміз – оларды билігі­ бағындыру емес, керісінше олар­дың бүгінгі өмірі­не сүйене отырып, бола­шақ өміріне алғашқы дәндерін себу. Бала жүрегінің тебіренісі мен жан дүние­сінің қозғалысын түсіне білген педагог оқушысының тәрбиесі­мен тереңдей айналыса алады. Мұғалімнің бойынан адамға тән жақсы қасиеттердің барлығы – күлімсіреу, қаталдық, ұстамдылық, салмақтылық, сезімталдық, шынайылық, зияткерлік, тіл табысушылық, өмірге деген махаббат болуы керек, – дейді білікті ұстаз.

Кенжегүл Раманқұлова өзінің ұстаздық еткен жолында «Бастауыш сыныптағы математика пәнінің үздік мұғалімі – 2021» аудандық байқауына қатысып, ІІ орын иегері атанды. Ұлағат­ты ұстаз әр сабағында қазіргі заман талабына сай дамыта оқытудың жаңа технологияларын пайдалана отырып, әртүрлі әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданып, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырып, құштарлығын оятып, жан-жақты ізденуге ұмтылдырады. Тәжірибелі маманның сыныптан тыс жұмыс­тары, тәрбие сағаттары, мере­келік іс-шаралары үнемі жоғары деңгейде өтеді. Білікті ұстаздың талай жылғы еңбегі ақталып, сол еңбектің нәтижесінде бүгінде алған марапаттары мен жетісіктері жетерлік. Атап айтқанда, 2018 жылы «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталса, 2019 жылы ҚР бастауыш сынып оқушы­лары арасындағы олимпиадада оқушы жетістігі үшін «Алғыс хат» алған. Одан бөлек Қызылорда облыстық білім және ғылым қызмет­керлері кәсіподағының Құр­мет грамотасымен марапатталған. Абырой биігіндегі ұстаз шәкірттері де шетінен өнерлі, дарынды және соның нәтижесінде жеткен жетістіктері де аз емес. Мәселен, Мұхамедияр Абзалұлы «Бояулар құпиясы» атты республикалық сурет байқауында ІІ орын иеленсе, Балнұр Болатбекова І орын иегері атанған. Республикалық пәндік олимпиададан Батырбек Ақылбекұлы мен Айнамкөз Уалиханқызы халықаралық «Ақбота» сайысында жүлделі І орынды қанжы­ғаларына байлады.

– Кенжегүл Жорабекқызы әр сабағын жоғары ізденушілікпен, заманауи технологияларды пайдаланып, жан-жақты шығармашылықта өткізетін ұстаз ретінде ұжым арасында сыйлы. Өз пәнін жетік меңгерген маманның бойында адамгершілік қасиеттері мол. Әрбір іске аса жауапкершілікпен қарайды, ұжымда беделді. 2019-2024 жылдары мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болған. Саналы ғұмырында балаларға тәлім-тәрбие беріп, қажырлы еңбек етіп жүрген білікті ұстаздың мектебіміздің өсіп-өнуіне, дамуына, бүгінгідей дәрежеге жетуіне қосқан үлесі мен еңбегі орасан зор, – дейді мектеп директоры.

Алтынай ЖҮНІСОВА

Тағы да оқыңыз: