Kyzylorda-news.kz. Көп жылдық тарихы бар, сан мыңдаған шәкірттерді түлеткен бұл білім ордасының тарихы сонау 1937 жылдан басталады. Әуелгіде №4 бастауыш теміржол мектебінің атауымен ашылған білім ордасында 6 сынып қана жасақталып, 140 оқушы білім алуға келген еді.
Білім ошағының алғашқы басшысы Николай Иванович Муров болса, алғашқы ұстаздары қатарында Клавдия Петровна Архипова мен Палина Михайловна Войткевич болған екен. Ал 1940 жылдың басында мектеп директоры қызметіне Глаголева Клавдия Федоровна тағайындалады. Қырқыншы жылдардың ортасында Клавдия Федоровнаның басшылығымен мектеп ғимаратының екінші қабаты салынады. Бұл жыл сайын оқушылар мен сыныптардың көбеюімен байланысты болған. Аталған білім ошағында елімізге нәубет болып келген сұрапыл соғыс жылдарының қиындығына қарамастан жыл сайын 300-ге жуық бала білім алған. Сондай-ақ, соғыс жылдарында әскери госпиталь болған. Соғыстан кейін 1960 жылға дейін жеті жылдық мектеп, 1967 жылы алғаш рет орта мектеп атауы беріліп, орта мектептің бірінші түлектері қанат қағады.
Білім ордасы бұдан кейін де бірнеше рет атауын өзгерткен. Мәселен, 1960 жылы мектеп атауы №411 орта мектеп болса, 1989 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Жамбыл атындағы №120 орта мектеп атауымен қайта өзгереді. Мектепті әр жылдары тәжірибелі директорлар басқарады. Олар Юлаев Александр Иванович, Чихирников Яков Анатольевич, Ионцев Арий Аврамович, Бондаренко Федор акимович, Юрий Акимович Ганнибал, Фрумгарц Альберт Исакович, Худякова Зинаида Федоровна, Исхакова Ильгамия Зафаровна, Төрешов Тойлыбай Төрешұлы, Ыдрысова Жұмакүл Базарбаевна, Ғалымжан Нурмакович Тоқмырзаев, Қалтай Кеңесұлы Оразбеков, Роза Тағыбергенқызы Жадиева, Ануза Аманжоловна Шамшатова болды.
Мектептің бірнеше ұстаздары Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің мақтау қағаздарымен, Қазақстан Республикасының құрметті мұғалімі атақтарымен марапатталған. Олардың ішінде Джаппаркулова Шамшия Абжанқызы, Шонина Любовь Михайловна, Калина Мария Ивановна, Төрешов Тойлыбай Төрешұлы, Жарылкасынова Ақкуміс сынды мұғалімдер бар.
Сонымен қатар мектеп өмірінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Валентина Никитенкова, Ұлбала Есенжолова, Зейнеш Жағалова, Жақсылық Құлмағанбетова, Балсұлу Кенжеғараева, Солодухина Людмила Васильевна, Маковенчук Любовь Ивановна, Рузманова Галина Федоровна, Гордеева Вера Александровна, Щербакова Галина Сергеевна, Ким Юлия Николаевна, Демина Роза Михайловна, Гуро Раиса Васильевна, Денисова Елена Ивановна, Осауленко Раиса Ивановна, Золотухин Николай Владимирович, Талгат Набиев, Марат Кабиров сынды ұстаздар есімін шәкірттері мен әріптестері мақтаныш тұтады. Білікті ұстазы бар мектептің оқушылары да білімді. Бұған дейін мектеп бітірген түлектер қазіргі таңда ғылым, спорт, білім, экономика, мәдениет саласында қызмет атқаруда. 1980 жылғы түлегіміз Пятибратов Михаил – мықты биофизик, Санкт-Петербург Университетінің профессоры, 1985 жылғы түлек Нағиятова Ляззат - филология ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетініңі профессоры, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің мұғалімдері: Успанова Зеребике, Шильдебаева Ляззат, Телемисова Базаркуль, Баекова Светлана, Акбенбетов Болат, Серикбаева Валентина, Цай Вячеслав. Спорт жанкүйерлеріне Лептиков Владимир, Байшуленов Алибек, Шалгимбаева Светлана, Тимошин Сергей сынды шәкірттердің есімдері спорт саласындағы жеңісті еңбектерімен таныс. Экономика саласында Фаткульдинов Фарид Кабибуллаевич, Хен Вячеслав Афанасьевич, Гайниев Равил Шайхиваевич, теміржол саласында Байсугуловтар, Изтелеуовтар, Медеуовтер, Айтөреевтер династиясын мақтанышпен айта алады. Ал А.Н.Фаткульдинова, М.И.Калина, Л.М. Шонина, Б.Б.Еримбетова, Г.Сактаганова, С.А.Микушина, К.Е.Силкина, Н.А.Жук, Т.У.Байходжаева, С.Сулейменова есімді шәкірттері жоғары педагогикалық білім алып, өздерінің алтын ұя мектептерінде еңбек жолдарын бастаған.
Білім ордасын басқарған басшылар әр кезеңде заманға сай материалдық-техникалық базасын жақсартуға және оқу-тәрбие үдерісін жаңартуға өз үлестерін қосқан. 2008-2009 оқу жылында мектепке қосымша ғимарат салынып, жобалық қуаты 500 оқушы болған. 2014 жылы мектеп толық жөндеуден өтіп, сынып едендері мен есік терезелері ауыстырылып, шатыры қайта жөнделген. 2018-2019 оқу жылында жаңа модификациядағы биология, 2019-2020 оқу жылында физика, 2021-2022 оқу жылында химия, 2022-2023 оқу жылында робототехника, инклюзия, алғашқы әскери дайындық және технология кабинеттері жабдықталып, қолданылып келеді. Заман талабына сай мектептің ішкі, сыртқы беттері әрленіп, мектеп ауласы асфальттанып, брусчаткалар төселді. 2021-2022 оқу жылында 2 дана, 2022-2023 оқу жылында 2 дана интербелсенді панель алынып, оқушылар игілігін көруде. Бұдан бөлек, коворкинг, домбыра кабинеттері жұмыс жасауда.