Kyzylorda-news.kz Бүгінде 1300 шәкірт білім алатын Қызылорда қаласындағы Абылайхан атындағы №140 орта мектебі білім көкжиегінде бала тәрбиелеу мен сапалы білім берудің үлгісін көрсетіп келеді. Ел аузында «Ақ школ» деп аталып кеткен мектептің тарихы сонау 1958 жылдан басталады.
Ашылған алғашқы оқу жылында яғни, 1958-1959 жылдары аталған мектеп үш ауысымда оқытатын 7 жылдық білім ошағы болады. 1961 жылы мектепті сол тұста қалалық білім бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Мәриям Сабырқызы Хусайынова басқарады. Сол жылы жаңа мектепке тарихи оқиғаға сәйкес "КПСС-тің XXII партсъезі атындағы мектеп» деген атау беріледі. Ал 1962 жылдан бастап мектеп 8 жылдық болып кеңейтілген. Оқушылар саны көбейіп, 3 ауысыммен сабақ оқыған. Ол тұста оқушы саны 407 болса, білім берген ұстаздар саны 54-ке жеткен. Мектеп 1961-1971 жылдар аралығында орыс-қазақ аралас мектебі, 1972 жылдан бастап қазақ мектебі болып қайта құрылады.
Мектеп тарихында 1966 жылы 8 жылдық мектепте класс саны 42-ге жеткен екен. Бұл тұста орыс класымен қоса қазақ кластары ашылып, бала саны 2 есеге дейін өскен, яғни оқушы саны 1554, мектепте 12 қазақ кластары дәріс алған. Осы тұста-ақ №140 мектеп жақсы жетістіктермен ауызға іліге бастайды. Мәселен, Зермұхамедова Раушан «Оқу ағарту ісінің үздігі», "Қазақ СССР халық ағарту ісінің озық қызметкері" төсбелгісінің иесі болады. Аға мұғалім Зермұхамедова Раушан дәріс берген шәкірті Мәзбаева Кенже 1969 жылы Одақтық олимпиадаға химия пәні бойынша қатысады. Ал 1975-1982 жылдар тұсында жалпы мектеп тарихындағы тағайындалған екінші директор Абенов Абдулла еңбек атқарады. Тарихтағы кемелденген социализм кезеңінде жаппай оқушылар демалысын еңбек тынығу лагерімен ұштастыру науқан алады. №140 мектебінде де 1973-1988 жылдар аралығында осындай лагерь ұйымдастырылады. Онда жыл сайын жазғы каникул кезінде 150 оқушы еңбек етіп, әрі демалған. Бұл кезеңде 24 күн бойы әр бригада 30 оқушыдан бірлесіп шөп шабады, соңынан адал еңбекақысын алады. Мектеп Жалағаш ауданының Аққұм совхозымен шефтік байланыста болғандықтан, үнемі сол елді мекенде еңбек еткен. 1980 жылдан бастап мектептегі мұғалімдер арасынан ұлт аспаптар оркестрі, ұстаздар хоры әуез пәні мұғалімі Дәуметов Тұрмағанбеттің ұйымдастыруымен вокалды-инструменталды ансамбль жасақталған. Бұл топ қалалық ұстаздардың көркемөнерпаздар сайысында бірнеше рет І орынды иемденген екен.
Білім ордасына 1982-1997 жылдар аралығында жаңадан мектеп директоры болып Әділхан Білманов келеді. Білікті маманның басшылығымен мектепте көптеген істер атқарылған. Заман талабына сай мектеп қайта жабдықталады. Мектепте оқушы саны өсуіне орай 1991-1992 оқу жылынан бастап мектеп ғимаратына 120 орындық оқу ғимараты қосылады. Соның нәтижесінде орыс тілі, шет тілі кабинеттері жаңадан лингафон кабинеті болып жабдықталған. Білім беру ісінде 1986 жылдан бастап балаға 6 жастан білім беру ісі қолға алынғаны тарихтан мәлім. Бұл кезеңді №140 мектеп те бастан өткереді.Мектеп басшысы Әділхан Білмановтың көп еңбегінің арқасында 6 жасар бүлдіршіндер үшін аз уақытта барлық жағдай жасалынады. Оқу класы, ойын бөлмесі, жатын бөлме жабдықталады. Асхана, демалыс бөлмесі де әзірленеді. Сөйтіп, 1986 жылдың 1 қыркүйегінде алғаш рет мектепке білім беру ісінің үздігі, тәжірибелі ұстаз Жалымбетова Айша 6 жастағы 25 оқушымен 1 класты қабылдайды.
Білім ордасына мұнан кейін 1997-2003 жылдары мектептегі оқу, тәрбие жұмыстарын ұйымдастырып отырған Берік Бекенов басшылық жасайды. Елдің тәуелсіздік алып, қиын-қыстау кезеңінде мектеп білім жүйесінде өзіндік орнын жоғалтпайды. Берік Бекеновтың тұсында мектепте күрделі жөндеу шаралары жасалады, мектеп ғимараты заманға лайық жаңа мазмұнға сай етіп қайта жабдықталады. Компьютер класы ашылады. Сол тұста мектепте 1269 шәкірт білім алса, оларға 120 мұғалім дәріс береді. Оның 96-сы жоғары білімді, өз мамандығының иелері болатын. Алғаш рет 2003-2004 оқу жылынан басталған ҰБТ Бекенов Беріктің тұсында жүзеге асады. Қиыншылығы болғанмен, нәтижесі де жаман болмайды. Сондай-ақ ол басқарған тұста мектептің жылу жүйесі жаңартылады, барлық пән кабинеттері заманға сай көрнекіліктермен жабдықталады.
Екі мыңыншы жылдардан бастап еліміздің экономикасы тұрақталып, дамудың даңғыл жолына қадам баса бастаған тұсы. Бұл кезеңдерде елдің әлеуметтік саласында біршама оң өзгерістер орын ала бастады. Білім жүйесіне де өзгерістер енгізілп, заман талабына сай білім беру үрдісі қалыптасты. Осы кезеңдерде, яғни, 2003-2004 жылдары мектепті Биқожаева Сәрсен Сәлімжанқызы басқарған тұста, директордың әдістемелік орынбасары Ахметкүл Ниязованың ұйымдастыруымен оқытушылардың біліктілігін арттыру, қалалық семинарлар ұйымдастыру, мұғалімдер шеберлігін шыңдайтын ұстаздар сайысы, пән бірлестіктері арасындағы сайыстар көптеп ұйымдастыруымен ерекшеленеді. Осы жылдары қала, облыс мектеп ұстаздары арасында екі жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Наурыз шапағаты» фестиваліне 60 мұғалімнен құралған ұжымның үлкен хоры құрылды. Аз уақыт қана еңбек етсе де Сәрсен Сәлімжанқызы ұжым мүшелерімен тіл табыса еңбек етіп,өзінің адами қасиетімен ұжым мүшелерінің алғысына бөленген жақсы басшы ретінде мектеп тарихында қалады.
Мектеп құрылған күнінен бастап өсу мен өрлеу үстінде, дамылсыз ізденіс жолында биіктерден көріне біледі. Тек білім мен ғылым негізін қалап қоймай, ұрпақ тәрбиесіне де ерекше көңіл бөледі. Қоғамға лайықты азамат қалыптастырады. 2004 жылы №140 мектеп ұжымын Кенбаева Жанат Имашқызы басқарған тұстан бастап мектеп өмірінде көп өзгерістер белең ала бастайды. Ең басты жағымды жаңалық мектепте мультимедия кабинеті жабдықталады. 2007 жылдың қаңтарында 5миллион 228 мың теңгеге мультимедия кабинеті жабдықталады. 2006 жылдан бастап мектеп компьютерлері интернет желісіне қосылып, 2008 жылы қараша айында әрқайсысының құны 1миллион 200 мың теңге тұратын екі интерактивті тақта іске пайдалануға беріледі. Оның бірін мектеп түлегі, кәсіпкер азамат Серік Қарымсақов өз мектебіне сыйға тартқан болатын.
Білім ордасының қалыптасу тарихында көп жылдардан кейін ең алғаш «Алтын белгіні» 2008 жылы салтанат қалиева есімді оқушы иемденеді. Одан кейінгі оқу жылында Мұрсал Нұрила да ұстаздар үмітін ақтап, мектеп мәртебесін өсіреді. Бұл ұжым ұстаздарының және мектеп басшылығының жүйелі жұмысының жемісі болатын. 2009 жылы мектеп директоры Жанат Кенбаеваның басшылығымен мектеп Елбасының «Жол картасы» бағдарламасымен республикалық бюджеттен бөлінген 45миллион 500 000 мың теңге қаржы көлемінде күрделі жөндеуден өтеді. Жаңа, заманауи кейіпке енген мектеп жаңа тыныс алды десек артық болмас. Ескі терезелер пластикалық материалмен жасалған терезелермен ауыстырылады. Барлық құбырлар жаңаланады. Есіктер мен еден де жаңаланады. Облыс әкімі Болатбек Қуандықов, қала әкімі Мұрат Ергешбаевтар жаңарған мектептің «Білім кілтін» тапсыру салтанатына қатысып, ұжымға, оқушыларға өз ізгі тілектерін білдіреді.
2010 жылы қалалық білім бөлімінен 400 мың теңгеге 4 комплект компьютерлер берілді. Мектеп кітапханасы 663,7 мың теңге көлемінде қаражатқа оқулықтармен толықтырылады. Қосымша 5миллион 820 мың теңгеге 4 кабинетке, биология, физика, информатика, химия кабинеттеріне интерактивті тақта толық құрал–жабдығымен беріледі. Бұл әлі күнге дейін мұғалімдердің шығармашылықпен сабақ жүргізуіне едәуір көмегін тигізіп отыр.
Абылайхан атындағы №140 орта мектебінің даму жолы мұнымен тоқталған емес. Әр жылдары мектепке басшылық жасаған директорлар білім ошағындағы білім сапасының артуына, тәрбиенің ақсамауына, оқушылардың сапалы білім алуына барынша жағдай жасап, өз қолтаңбаларын қалдырады.
2011 жылы мектеп директорлығына Қоңырбаева Гүлмира Рәсілқызы келеді. Оның тұсында да мектептегі игі істер жалғасын табады. «Алтын белгі» иегерлері мектеп үмітін ақтап, білім көрсеткіші жағынан қала бойынша 9 орынға көтеріледі. Ұжымның жаңа басшысы мектеп өміріне араласып, қызметке кіріскеннен бастап-ақ жетістіктерге қол жеткізеді. Басшының мұрындық болуымен 2011 жылы 593,3 мың теңгеге мектептің сыртқы жылу құбыры түгелдей ауыстырылады. Осы жылдың қараша айында өрт сөндіру құрылымдарына су беріліп, 510 мың теңге қаражат жұмсалады. Қыздар шеберханасына екі тігін машинасы қойылып, екі кабинетке салқындатқыш кондиционер орнатылады. Дәл сол жылы білім сапасын арттыру мақсатында әдеби кітаптарға 70 000 теңге бөлінеді. Оған қоса, қалалық білім бөлімінен 1миллион 748 мың теңгеге оқулықтар беріледі. Яғни, жыл сайын оқулықтар бағдарламаға сай жаңаша мазмұнмен жаңартыла бастаған болатын.
Мектепке көп көңіл бөліне бастаған осы жылы 222,8 мың теңгеге 24 жартылай жұмсақ орындықтар, 136,8 мыңға акт залына орындықтар беріліп, мектеп ішінің мүліктері де жаңартылады. Кабинеттерге орындық, 319,8 мың теңгеге шкафтар, 100 парта тарих, қазақ тілі, шет тілі, физика кабинеттеріне 908,1 мың теңгеге әкеліп орнатылады. 2012 жылы жергілікті бюджеттен құны 769 мыңды құрайтын қаражатқа заман талабына сай өзін-өзі тану кабинеті жабдықталады.
Ал 2019 жылдан бастап мектепті Мұсабаева Айгүл Нажмадинқызы басқарып келеді. Жаңа басшы білім ошағында тың серпіліс әкеліп басталған істің одан әрі дамыту, балалардың заман талабына сай білім алуына мүмкіндік жасайды. Оның тікелей ұйымдастыруымен білім ордасында робототехника кабинетін, түзету-дамыту және «Coworking» орталығы ашылады. Заман адымына сай жаңа компьютерлер, құралдармен жабдықталған робототехника кабинетінде оқушылар дәріс алып қана қоймай, түрлі жобаларын өз бетінше құруды үйреніп, жаңаша кейіпке енген «Coworking» орталығында кітап оқуға машықтануда. Сонымен қатар, мектеп ауласынан жылыжай салынады. Мұнда түрлі көкөністер шығарылып, еңбек, биология, география пәндерімен байланыс нәтижесінде оқушылар түрлі тәжірибелер жасауда. Мектеп басшысы Айгүл Нажмадинқызының жаңа бастамасымен венчурлік әдіс негізінде жылыжайдан түскен пайданы оңтайлы пайдалану мақсатында «Метеорология» тәжірибе алаңын салады. Бұл да өз кезегінде оқушылар игілігі үшін жасалған ұтымды бастама болады. Метеорология алаңында оқушылар желдің бағыты мен жылдамдығын, жауын-шашын үлесін анықтайды. Алғашқы жұмыстардың сәтті көрінісі, нәтижесі ретінде 2019 жылы Қызылорда қаласы әкімінің «Табысты ұжым» номинациясымен марапатталады. Мектеп миссиясында біліммен қатар ғылымға ден қою, ғылыми тұрғыда негізделген түрлі жобалармен айналысу мақсаты тұрды. Осы орайда, Облыстық білім басқармасы басшысының қолдауымен «Ғылыми бағдар беру» шеберханасы құрылады. Шеберхана аясында 8 кіші мектеп жұмыс жасап, педагогтер мен оқушылардың жан жақты ізденіс жұмыстарымен айналысуы үшін «Педагогикалық дизайн» студиясы ашылады. Облыс көлемінде білім беру қызметкерлеріне әлеуметтік серіктес мекемелермен бірігіп ашық тәжірибе алаңдар, форсайт-сессиялар, конференциялар, вебинарлар мен шебер сыныптар өткізіп, тәжірибе алмасып келеді. Лейкхед (Канада) университетінің профессоры Сет Агбо, Дарем (Англия) унивесритетінің профессоры А.Кәрібаева, Суррей (Англия) университетінің профессоры В.Филимонов, Глазго (Шотландия) университетінің профессоры Б.Төлегеновтың қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады. Жүйелі де ұтымды жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2021 жылы «Үздік мектеп» номинациясымен марапатталады. Бүгінгі таңда педагогтер үлесінің 90 пайызын педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модераторлар құрайды. Сонымен қатар 1 ғылым кандидаты және 10 педагогика ғылымдарының магистрі еңбек етуде.
Алпыс жылдан астам тарихы қалыптасқан білім ордасының даму тарихы осындай. Бүгінде аталған мектеп білім көкжиегінде өзіндік орнын қалыптастырып, алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ал 2017 жылы Қызылорда қаласы әкімінің қаулысы негізінде мектепке Абылай хан атауы беріледі.
А.Әлім