Kyzylorda-news.kz  Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес, 2021 жылдан бастап «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған заң аясында біршама оңтайлы іс атқарылып жатыр. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы – мәртебелі мемлекеттік награда. Бұл атақ мұғалімдерге үздік жетістіктері мен мемлекет алдындағы ерекше еңбегі үшін беріледі. Осы уақытқа дейін республика бойынша 46 мұғалім осы марапатқа ие болса, биылғы 5 қазанда тағы 24 мұғалімге жоғары награда берілді. 

Кәсіби мерекеде мерейі үстем болған ұстаздар қатарында – Қызылорда қаласындағы №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нағиша Есбосын да бар. Қасиетті Қазалы топырағының тумасы, ұлағатты ұстаз Нағиша Қожаққызымен телефон арқылы тілдесіп, сұхбат алудың сәті түскен еді.

– Нағиша Қожаққызы, құрметті атағыңыз құтты болсын. Бұған дейін де бірнеше рет марапат төрінен көрініп, түрлі атақтарды иелендіңіз. Десе де бұл награданың жөні бөлек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алғанда қандай сезімде болдыңыз?

– Әрине, ерекше толқыдым. Бұл – Президенттің өз қолымен табыс ететін мұғалім үшін ең үлкен, мемлекеттік деңгейдегі құрметті атақ болып табылады. 2021 жылы ең алғаш 20 мұғалімге берілді. Солардың бірі болып Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №249 мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, менің жан құрбым Жамила Әбжанова алып келді. Сол кезде қатты қуанып, дәл осындай ұстазға жасалып жатқан құрметке, шынайы еңбегіне берілген марапатқа риза болдым. Дәл осы сезімді өзім алған кезде де басымнан кешірдім. Оның үстіне Ақорданың төрінде керемет әсер. Ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Үлкен толқыныс, толғаныс. Адам өмірінде төбеңнен нұр төгіліп тұратын сәулелі сәттер болады ғой. Міне, менің бойымды дәл осы күй биледі. 

Мамандығына адал болып жүрген барша мұғалімдер қауымына, балаларға білім беру, шәкірттерді қанаттандыру жолында уақытын да, өмірін де арнап жүрген әрбір ұстазға жұғысты болса екен деп тілеймін. Бұл, әсіресе, жас мұғалімдерге үлкен мотивация. Адал еңбектің жоғары бағаланатындығының дәлелі деп санаймын. 

Иә, сөзіңіздің жаны бар. Еткен еңбегімнің жемісін көріп, сый-құрметке бөлендім. Атап айтар болсам, бірнеше жинағым мен әдістемелік құралдарым жарыққа шықты. Соның ішінде «Қыздармен сырласу сабағы» және «Оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері қоржынынан» жинақтарым республика көлемінде таратылып, мектептерде факультативтік сабақтар ретінде өткізіліп жүр. Республика, облыс көлемінде семинарлар мен шеберлік сабақтарын өткіздім. Республикалық «Q talks» жобасындағы сөзім телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы таратылды. Облыстық ішкі саясат бөлімінің пулспикері ретінде үнемі саяси ақпараттарды насихаттау жұмыстарына да араласып келемін. Менің бастамаммен әдістемелік желілер, іс-әрекетті, сабақты зерттеу жұмыстары облыс көлемінде жүзеге асып, бірнеше мектептермен тікелей жұмыс жасап отырмын. 2020 жылы «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен, 2021 жылы «Ы.Алтынсарин» белгісімен марапатталдым.

Ұстаздың мерейін тасытатын, еңбегінің нәтижесін көрсететін ол – шәкірттерінің шыққан шыңы. Дайындаған оқушыларым облыстық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар байқауында, түрлі мүшәйралар мен сайыстарда жеңімпаз атанып, биік тұғырлардан көрініп жүр. Соңғы 5 жылда 3 оқушым республикалық олимпиаданың «Алтын», «Күміс» медальдарын иеленді.

– Ұстаздық деген ұлы жолда тер төгіп, шәкірт тәрбиелеу бала күнгі арманыңыз ба, әлде ата-ана ықпалы әсер етті ме?

– Мен 1973 жылы 1 қыркүйекте Қазалы ауданына қарасты Ғани Мұратбаев ауылындағы №91 мектепке бірінші сыныпқа қабылданып, алғашқы ұстазымды, жаңа достарды, мектеп партасын көрген сәттен-ақ ерекше әсер алдым. Сол жылы көрініс, жап-жас ұстаз, оның маған мейіріммен күлімсірей қараған сұлу жүзі көз алдымда. Сол күні сабақтан үйге «Мен мұғалім боламын» деп айқайлап кіргенім әлі есімде. Бастауыш бітіріп, бесінші сыныпқа барған кезде Райхан Жұмағамбетова апай математика пәнінің мұғалімі болды. Сол кісіні көрдім де, «Математика пәнінің мұғалімі боламын» деп шештім. Абайдың өзі: «Адамға жақсы мінез ата-анадан, жақсы ұстаздан, құрбыдан жұғады. Әсіресе, кімді қаттырақ жақсы көрсе, содан көбірек жұғады» деп айтады. Мұғалімдерімді жақсы көргендігімнен болар, мамандыққа деген қызығушылығым, бала арманым сонау шақта санамда қалыптасты. Күндердің бір күнінде менің алғашқы ұстазым аяқ астынан дүниеден озды. Бұл оқиғадан кейін бастауыштағы арманым қайта тірілгендей болды. Ең алғашқы ұстазыма: «Сіз сияқты мұғалім боламын» деген сертім санамда лаулады. 8-сыныптан кейін Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеге түсіп, бастауыш сынып мұғалімі болуға бел будым. Кейінірек бұл туралы былай жазғаным есімде: 

Бір арман әлдиледі бала жастан,
Тәтті еді сол әлдиім әуел бастан.
Ең алғаш ұстаз алдын көрген күні
«Мұғалім болам!» – дедім ­ойланбастан.
Тұрғасын лүп-лүп етіп жүрек қалап,
Өзімді әжептәуір ұстаз санап.
Жасап ап көрнекілік ағаш-тастан
Өтуші ем қозы-лаққа күнде сабақ.

Ол кезде біздің ойыншығымыз, қуыршақтарымыз болған жоқ. Төл бағатынбыз. Сол төлдерге өзімнің сыныптастарымның атын қойып, апайдың бүгін өткен сабағын соларға қайталап өтіп жүретін едім. 

Нығайып әр жыл сайын қадамым бек, 
Ұстаз қып елестеттім өзімді тек.
Серт бердім алғашқы ұстаз қазасында,
«Мұғалім дәл өзіңдей боламын» – деп. Әрі қарай осы өлеңім жалғаса береді. 

Арман қуып, педагогикалық училищеге түстім. Ол жақта жүргенде де математика пәнін жақсы көрдім. Бітіргеннен кейін «физика-математика» пәнінің мұғалімі боламын деп жүрдім. Әртүрлі себептермен физика-математика пәні мұғалімдігіне бармадым. 

Педагогикалық училищені бітіргеннен кейін Қазалы ауданындағы №249 орталау мектептің аға пионер вожатыйы болып еңбек жолымды бастадым. Келесі жылы ҚазГУ-дің филология факультетіне түстім. Қазалы ауданының комсомол комитетінің үшінші хатшысы бола жүріп, мектептермен тығыз байланыс жасадым. 1992 жылы ҚазГУ-ды бітіргенен кейін Қазалыдағы №216 Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепке мұғалім болдым. Одан кейін директордың бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Бертін келе Қызылорда қаласына ауыстым. Қорқыт ата атындағы университеттің жанындағы «Қабілет» мектеп-гимназиясында жұмыс жасадым. 2012 жылы Қазақ-түрік лицейіне «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі болып ауыстым. Содан бері 12 жылдың жүзі болды. Осы жерде еңбек етудемін. Қазір қазақ-түрік лицейі №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицейі деп аталады. 

– Шәкірт болдыңыз, шәкірт тәрбиелеп жүрсіз. Бүгінгі ұстаз бен бұрынғы ұстаздың беделінде айырмашылық бар ма? 

– Мен, жалпы, бұрынғы мұғалім, қазіргі мұғалім деп бөлуге қарсымын. Қай кезде де мұғалімнің жүгі, жауапкершілігі бірдей деңгейде. Мұғалім шәкіртіне сапалы білім, саналы тәрбие, үлгі-өнеге берудің жолында ізденеді, жаңалықтың көшінен қалмайды. Сондықтан бұрынғы мұғалімдер басқаша еді, қазіргі мұғалімдер былай еді деп айтуға болмайтын секілді. 

– Әрбір адамның болашағына айқын бағыт-бағдар беретін бірден-бір тұлға ол – ұстаз! Мектептің жүрегіне баланатын мұғалімнің мәртебесі қалай қорғалып жүр? 

–  Мұғалімге жасалып жатқан құрмет жақсы деңгейде. «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданғаннан кейін де ұстаздарға Президент тарапынан, құзырлы орындардың тарапынан жақсы көңіл бөлініп, олардың әл-ауқатын жақсартуға, жұмысына деген құлшынысын арттыруға мотивация беруде көптеген шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мен оны қуана құптаймын. 

Бізде азғантай келеңсіз жағдай болса, соны дабырайтып көрсету сәттері өте көп. Мәселен, ата-ана тарапынан немесе қоғамдағы кейбір мәселелерге байланысты жүзден бір келеңсіз оқиға болып қалса, барлығы сондай секілді қабылданып кетеді. Ал тоқсан тоғызы жақсы бола тұра, кейде көрінбей қалады. 

Ұстаз мәртебесін көтеруде оларға жасалып жатқан құрметтің, шәкірттерінің, ата-аналардың, жұртшылықтың қолдауы, демеуі жылдан-жылға жақсарып келеді. 

– Нағиша апай, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет. Шығармашылық табыс тілеймін.


Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

Тағы да оқыңыз: