Kyzylorda-news.kz  Арал ауданындағы білім ордаларында оқушылардың шығармашылық, интеллектуалдық қабілетін арттыруға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асуда. Облыстық білім басқармасы мен Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған пресс-тур барысында Арал ауданындағы бірнеше мектеп пен балабақшалардың жұмысымен таныстық.

Қаладағы №262 мектеп-гимназияда ұлттық құндылықтардың қайта жаңғыруына ерекше мән беріліп, тың бастама, инновациялық жобалар іске асуда. Педагогтер ұлттық ойындарды қазіргі заманға сай жаңа форматқа бейімдеп, қызықты тапсырмаларға толы «Көкпар», «Ақсүйек», «Қыз қуу» ойындарын ұйымдастырған. Бұл оқушылардың ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауына әсер етумен қатар, зеректігін арттыратыны да рас. Мұндағы заманауи үлгіде жабдықталған телестудия да "елге белгілі тілші боламын" деген жастарға үлкен мүмкіндік.

Оқу орнының басшысы осы студия жанынан жақын аралықта «астрономия» кабинеті ашылатынын атап өтті. Қазіргі уақытта білім ордасында «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша да ауқымды жұмыстар жүріп жатыр.

Аралдағы №220 мектепте «Медиа және журналистика» жобасы аясында ашылған студия да шығармашылыққа бейімі бар оқушылардың қанатын қататуда. 

№62 мектеп-лицейде инфокиоск бөлімі арқылы кітап оқуға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ IT салаға қызығатын оқушылар үшін, арнайы құрылғылармен жабдықталған робототехника кабинеті жұмыс істейді.

Ал Сексеуіл кентіндегі «Алма-Рай» балабақшасында бүлдіршіндердің дамуына, сауат ашуына барынша жағдай жасалған. Балабақша меңгерушісі Алмагүл Еңсепова бөбекжайдың ерекшелігі туралы айтты.

– Балабақша алаңы кішкентайлардың танымдық қабілетін арттыру мақсатында безендірілген, әр топтың алаңы қажетті ойын және спорттық құралдармен қамтамасыз етілген. Әдістемелік кабинетте балалар мен ата-аналар арасында жұмыс түрлерін ұйымдастыруға көмек көрсететін қажетті әдістемелік, анықтамалық, танымдық әдебиеттер бар. Жыл бойы балалар әдебиетінің кітапханасы толықтырылып отырады. Барлық ойын құралдары балаларға қолжетімді және санитарлық талаптарға сай келеді. Балабақшадағы әдістемелік құралдардың талаптарға сай келуі мемлекеттік стандарт бойынша жүргізілген, – деді ол.

Мұнан кейін Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектебіндегі оқушылардың жұмысымен танысып, «Ақмешіт» домбырашылар ансамблінің өнеріне тәнті болдық. Жас өнерпаздар орындаған Абайдың күйі «Торжорға» мен Құрманғазының «Балбырауын» күйі құлақтан кіріп, бойыңды алады. Бүгінде «Ақмешіттің» өнерпаздары жас ерекшеліктері бойынша «Кіші топ» (7-10 жас), «Орта топ» (10-13 жас), «Үлкен топ» (14-17 жас) болып үш топқа бөлінеді. Ансамбль құрамындағы Қадіржан Амедулла, Нұрдәулет Тәни, Рустам Жолдыбай, Қарақат Рахметқали, Әділжан Көпберген, Гүлсезім Қазиева сынды жеке орындаушылар – республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары. Ансамбль құрамында үш оқушыдан құралған «Ақмешіт» триосы да үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр.

– Ашылғанына 4 жыл болған ансамбль облыстық, республикалық, халықаралық кон- курстарда және жекелей орындау байқауларында жеңімпаз атанды. Оқушылар Құрманғазы, Дина, Қазанғап, Түркеш, Дәулеткерей секілді күйшілердің 20-дан астам күйін орындап жүр, – деді Салиха Қабделова.

 

М.Төлеген

Тағы да оқыңыз: