Kyzylorda-news.kz Өткен оқу жылы аймақ үшін айтарлықтай жетістіктерге толы болды. Аймақтағы білім беру ұйымдарының оқушылары жыл басынан бері бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурсына 25 оқушы қатысып 16 оқушы жүлделі орындарға ие болды.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша президенттік, республикалық, олимпиада және ғылыми жоба конкурсының қорытынды кезеңіне 121 оқушы қатысып, 40 оқушы жүлделі орын еншіледі. Алғаш рет өткізілген ауыл мектептерінің оқушыларына арналған олимпиаданың республикалықкезеңіне 53 оқушықатысып 26 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Нәтижесінде Қызылорда облысы республика көлемінде «Үздік олимпиадалық команда» атанды.
– «Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті», – деп Аристотель айтқандай, білім болашағымыздың жарқын болуының бірден-бір кепілі. Осы жолдағы тағы бір оқу жылы санаулы күндерден соң өз мәресіне жетеді. Қазіргі сәт жыл бойына жасаған еңбегімізге есеп беретін, алдағы бағыт-бағдарымызды айқындайтын межелі мезет. Мектеп оқушылары жүйелі әрі табанды жұмыстың нәтижесінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, 2023-2024 оқу жылында жаратылыстану-математикалық бағыттағы 6 пән бойынша «Талдысу», «Қамбаш» Олимпиадалар және қосымша білім беру орталықтары базасында жалпы білім беру ұйымдарының 7-10 сынып оқушылары 6 кезең бойынша 960 оқушы дайындық курстарынан өтті. Биыл алғаш рет «Менің қолымнан бәрі де келеді» атты облыстық олимпиада өткізілді. Одан бөлек облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде ұйымдастырылған байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды, – деді Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.
Аймақтың білім беру саласы бойынша педагог мәртебесін жоғарылату және шығармашыл мұғалімдерді қолдау бағытында бірқатар шаралар атқарылуда. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған жыл сайынғы «Үздік педагог» республикалық конкурсынан 2022 жылы 4 педагог «жеңімпаз» атанса, 2023 жылы 5 педагог «Үздік педагог» атағының иегері атағымен үздік үштікке еніп, әрқайсысы 3 млн.теңге көлемінде грант иеленіп, өңірдегі «Үздік педагогтардың» санын 32-ге жеткізді.
– Өткен жылдың соңында Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық деңгейдегі 5 «Үздік педагогке» облыстық бюджет есебінен әрқайсысына 1 035 000 теңге көлемінде бірреттік сыйақы берілді. Сонымен қатар, 2023 жылы Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен шығармашыл ұжымдарды қолдау мақсатында 2014 жылдан бастау алған «Орта білім беретін үздік ұйым» облыстық конкурсының қорытындысымен Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейі «жеңімпаз» ретінде танылып, облыстық бюджеттен 34 млн.теңге грант табысталды. Бұл конкурс биылғы жылы да өз жалғасын табатын болады, – деді А.Есжанов.
Облыстық білім басқармасы педагог мәртебесін жоғарылату бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді.
Биылғы оқу жылының аяқталуына санаулы күндер қалды. Облыс бойынша 330 мектептен 181 804 оқушы бітіреді. Оның ішінде 11 - сыныпты 8 240 түлек аяқтап, үлкен өмірге қадам басады. «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 589. Тоғызыншы сыныпты аяқтаушы «Үздік аттестатқа» үміткерлер саны – 2014.
Сонымен қатар, қорытынды бітіру емтихандары 9 сыныптағы 16 015 білім алушы үшін 2024 жылғы 29 мамыр – 10 маусым аралығында, 11 сынып білім алушыларының мемлекеттік бітіру емтихандары – 2024 жылғы 28 мамыр – 11 маусым аралығында өтеді.
Осы ретте, айта кетуіміз қажет «Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы №125 Бұйрығының талаптарына сәйкес, 11–сыныпты бітіруші «Алтын белгіге» үміткер оқушылардың жазбаша емтихандарын облыстық білім басқармасы жанынан құрылған комиссия тексеретін болады. Бұл «Алтын белгіні» тек лайықтылар алады деген сөз. Комиссия жұмысы барысында ашықтық пен әділдік қағидаттары қатаң сақталатын болады.
Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі, 27 - 31 мамыр аралығында 5 - 8 сыныптарда білім алатын 69 715, 10 сыныптардағы 10 130, жалпы барлығы 79 845 оқушы бірінші рет «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен емтихан тапсыратын болады.
Сондай-ақ, басқарма басшысы соңғы күндері қоғамда көп талқыланып жатқан мектеп бітіру іс-шараларына қатысты кеңірек тоқталып өтті.
– Қазақстан Республикасы Оқу - ағарту министрлігі тарапынан білім беру ұйымдарындағы мектеп бітіру іс-шараларын өткізудің Тұжырымдамасы бекітілді. 24 мамыр күні «Білімім – Отаныма» 1-10 сынып бойынша бірыңғай тәрбие сағаты өтеді. Тәрбие сағаты мемлекеттік гимнмен басталады. Тәрбие сағатында балалардың жыл бойы білім жетістіктері мен қоғамдық белсенділіктеріне тоқталу маңызды. Сонымен қатар, Отанға деген құрметін арттыру мақсатында патриоттық тақырыпта шығармалар мен өлеңдер оқу, еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштері мен Қазақтың батырлары туралы әңгіме аңыздардан үзінділер келтіру ұсынылады. Онан соң «Мен. Мектеп. Ұстаз» тақырыбында 9, 11 сынып түлектері эссе жазады. Онда өзінің оқып шыққан мектебіне ыстық ықыласын, ұстазға алғысын білдіреді. Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбындағы 11 - сынып оқушылары үшін «мектеп бітіруші түлектердің іс-шарасы 25 мамыр күні өтеді. Іс-шараны өткізу мектептің бірінші басшылығының бұйрығымен және ата-аналар комитетінің келісімімен жүзеге асады, – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, аталған іс-шараларға ата-аналар мен қамқоршылық кеңес мүшелері және ардагер ұстаздар қатысады. Әрбір білім ұйымы «Бала шақтан болашаққа», «Мың алғыс саған – ұстазым», «Жолын болсын жас түлек», «МектепLife» тақырыптарындағы түлектерге арналған түрлі креативті бағдарламалар түрінде іс-шаралар өтеді. Сонымен бірге түлектердің міндетті түрде мектеп формасында болуы қатаң бақыланады.
Басқарма басшысының айтуынша барлық білім беру ұйымдарының басшыларына басқарма тарапынан, мектеп бітіруші түлектердің ата-аналарымен сәнді киім-кешекке жұмсалатын шығындардың орынсыздығы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуге, мерекелік дастархандарды ұйымдастыруға, жалға берілетін автокөліктерді пайдалана отырып, қалада, қала сыртында экскурсиялар өткізуге жол бермеу жөнінде қатаң түрде тапсырылды.
Аттестат тапсыру салтанатты шарасы ағымдағы жылдың 14 маусым күні «Жолың болсын, Жас түлек!» мектептің мәжіліс немесе спорт залдарында өткізіледі. Түлектер іс-шараға міндетті түрде мектеп формасымен қатысады.
Тағы да айта кетерлігі ағымдағы жылдың 6-14 мамыр аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеудің ең маңызды үшінші кезеңіне өтініштер қабылданды. Маңыздылығы сонда, бітірушілер осы тестілеудің қорытындысымен берілетін сертификат арқылы мемлекеттік грант конкурсына қатысатын мүмкіндікке ие болады.
ҰБТ-ның өзі бүгінгі күннен басталып 5 шілдеге дейін жалғасатын болады. Тестілеу пункттері Қызылорда қаласы, Арал ауданы, Арал қаласы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, Жаңақорған ауданы, Жаңақорған кентінде орналасқан.
– Мектеп бітірушілердің 89,7 пайызы немесе 7 391 оқушы қатысады деп күтілуде. Ендігі кезекте, Мемлекет басшысының бастамасымен - үш ауысымды және апатты мектептердің проблемасын түбегейлі шешуге, 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында жүзге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына тоқталар болсақ, өңірімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланды. 2024 жылы 10 мектеп, 2025 жылы 11 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Нәтижесінде 4 апатты, 3 бейімделген ғимарат және 14 жаңа мөлтек аудандардағы орын тапшылығы мәселелері шешімін табады. Биыл 10 мектептің құрылысы басталды, – деді.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста салынатын мектептерді сапалы жабдықтау үшін қолданыстағы стандарттар шеңберінде сипаттамасы бар жиһаз өнімдерінің ең ыңғайлы, қауіпсіз, практикалық және эргономикалық үлгілері, яғни технологиялық жабдықтар мен жиһаздардың техникалық сипаттамалары 2023 жылы Оқу-ағарту министрлігімен бекітіліп, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның Қызылордадағы өкілдігіне және Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына жолданған.
Биылғы жылдың 30 тамызына дейін пайдалануға берілетін 6 мектепке баратын оқушылар саны мен педагогтар саны нақтыланды. Сонымен қатар, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы құны 7 млрд. 900 млн. теңгені құрайтындарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат, Шиелі ауданында құны 988 млн. теңгеге 100 орындық мектептіңжәне жергіліктібюджетесебінен құны 926 млн теңгеге Жаңақорған ауданында 150 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде.
Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты мектеп және Ақшатау ауылындағы бастауыш мектептің жаңа ғимараты жеке инвесторлардың демеушілігімен салынуда.
Балаларды қосымша біліммен қамту үлесін арттыру мақсатында «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен құны 2 млрд 300 млн теңгеге 350 орындық заманауи Оқушылар сарайы мен жергілікті бюджет есебінен Жаңақорған ауданында 200 орындық Оқушылар үйі және 50 орындық Өнер мектебі салынуда. Басқарма басшысы нысандардың барлығы жаңа оқу жылы қарсаңында ел игілігіне табысталатынын жеткізді.
Сондай-ақ, сол жағалауда «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен құны 4 млрд. 800 млн. теңгені құрайтын Музыкалық колледж ғимаратының іргетасы қаланды. Келешекте бұл білім насандары озық ойлы, өнерге құштар, спортқа бейім дарынды балалардың шамшырағын жағатын білім ордасына айналады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында биыл облыс орталығынан құны 11 млрд. теңгені құрайтын «Шығармашылық академиясын» салу жоспарлануда.
Биыл жергілікті бюджет есебінен 3 млрд. 100 млн. теңгеге 8 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтеді. Білім мазмұнын арттыру мақсатында мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін соңғы үлгідегі бейнекамералар алуға биыл жергілікті бюджеттен 1млрд. 500 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Құрылғылар жаңа оқу жылына дейін білім беру ұйымдарына орналастырылады.
Ресми ақпартқа сәйкес, аймақта 1-10 сынып аралығында 173 859 оқушы бар. Бүгінгі күні оның 170 383-ін немесе 98 % жазғы тынығумен және еңбекпен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шараларға қаржының барлық көздерінен 919,4 млн. теңге жұмсалуда. Облыс көлемінде жазғы демалысты ұйымдастыруға 2 518 педагог, 38 белсенді студенттер мен 23 ерікті тартылады.
Мұнан бөлек, «Қазақстан Халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорының «QN Жаздық жолдама-2024» қайырымдылық жобасы аясында +1430 бала «Қазақстан халқына» қоры арқылы Түркістан облысы, Біркөлік елді мекенінде орналасқан «Қуаныш» демалыс орнына барады. Биыл мектеп жанынан жұмыс жасайтын жазғы тынығу лагерінде 150 мыңнан астам бала демалатын болады. Одан бөлек, қала сыртындағы 8 лагерьде 7 ауысымда 7 035 бала демалса, аймақтан тыс жерде орналасқан лагерьлерде 6 ауысымда 5 646 оқушы демалыспен қамтылады.
Мектеп жанындағы жазғы тынығу лагерьлерінде киіз үймен этнолагерьлер, палаткалы лагерьлер ұйымдастырылады. Жалпы тынығумен 1-10 сынып оқушыларының 38 504, яғни 22,1 % құрайды Сонымен қатар, еңбек жасақтары, туристік серуен, үйірмелер, спорттық-зияткерлік сайыстарға 131 879 оқушы қатыстырылады. Бұл 1-10 сынып оқушыларының 76 % құрайды.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан, есепте тұратын балалар жазғы тынығумен толық қамтылады. Жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Ауыл лайф», «Сыр камп», «Дәстүрлі қоржын», «Жас қазақ», «Киелі Қазақстан», «кітап құрттары» жобалары өтеді.
– Биылдан бастап аймақ басшысының қолдауымен «Сыр лигасы» жобасы жүзеге асуда. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, зияткерлік дағдыларды дамыту. 130 мыңға жуық оқушыны қамтитын жоба - 7 сайыс түрінен өтуде. Жазғы демалыс кезінде де оқушылар арасындағы аталған сайыс түрлері жалғасады, – деді басқарма басшысы.
Жоғарыда айтылғандай жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жаңа оқу жылында да өз жалғасын табады.
Аружан Мырзалықызы