Kyzylorda-news.kz 35 жылдық тарихы бар А.Байтұрсынов атындағы №211 орта мектебі білім беру ісінде жаңа бастамаларды жүзеге асырып, білімді, білікті, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуді мақсат еткен білім ордасы. Алаш қайраткерінің есімі берілген білім ошағы ұлт ұстазының атына лайық білім беруді басты мақсат санайды.
Заман талабына сай ғылымды игеру – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл ретте бар жауапкершілік білім беру орындарына артылатыны сөзсіз. Қазіргі таңда елімізде білім беруде уақыт талабына сай инновациялық технологияларды қолдану міндеттелген. Жаңа инновациялық тәсілдер негізінде мектептерге жағдай жасау – білім саласын дамытудың, білім мен ғылымды игеретін ұрпақ тәрбиелеудің негізі болмақ.
Мыңнан астам шәкірт тәрбиелеп отырған оқу ордасының ғимараты биыл күрделі жөндеуден өткен. Жаңа ғимарат іші жарық, жылы, жайлы. Оқушының білім алуына қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оқу кабинеттері, зертханалар заманауи технологиямен жабдықталып, баланың тек теория тұрғысында емес, тәжірибе жасап көруіне де қолайлы жағдай жасалған. «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында тағайындалған мектеп басшысы Айжан Әлімова білім ошағының жұмысын жандандырып, сапалы білім беруді арттыруда жас та болса іскерлігін көрсетіп, қолдан келер мүмкіндікті қалт жібермей жүйелі жүргізіп келеді. Ол алда үлкен жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырғанын айтады.
Бүгінде орта мектепте қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, оқушылардың қазақ тілінде ойлау және сөйлеу дағдысын жетілдіру мақсатында республикалық «Тілге бойлау» жобасы қолға алынуда. Бұл аймақта алғаш рет пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылмақ. Оны жүзеге асыруда А.Байтұрсынов атындағы №211 орта мектебі таңдалған.
– Оқу-ағарту министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы «Тілге бойлау» жобасының концепциясын іске асыру мақсатында мемлекеттік қазақ мектептерде білім алушылардың тілдік дағдыларын жетілдіруді қолға алуда. Жоба аясында 6 ғылыми зерттеу зертханасы мен ҚазТест орталығы жұмыс істейді. Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарымен шығармашылық байланыс орнатылып, екі жақты меморандумға қол қойылды. Сонымен бірге Алматы қаласындағы мемлекетті тілді дамыту институты, Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы, облыстық әдістемелік орталықпен тығыз байланыс орнатылған, – дейді мектеп директоры.
Білімді ұрпақтың мектеп қабырғасынан жан-жақты дамуы, ізденісте болуы керек-ақ. Ал мектеп қабырғасында жүзеге асатын жобалар оқушының қабілетін ашуға, дағды қалыптастыруға таптырмас құрал.
«Тілге бойлау» жобасының да оқушыларға берері мол. Соның нәтижесінде оқушылардың қазақ тілін терең меңгеруіне, таза, анық сөйлеуіне, сөз саптауына, тіпті шығарма, мәтінді сауатты жазуды игеруіне де сеп болмақ. Білім ордасының басшысы Айжан Шорабекқызының айтуынша, жоба аясында оқушылар әр пән бойынша термин сөздерді қолданбай қазақша атауымен айтуға дағдыланады.
– Жоба бойынша 6 зерттеу бағыты қамтылған. Оның ішінде «Тыңдалым» ғылыми-зерттеу зертханасында оқушының бойына ұлттық құндылықты сіңіру, әлемді қазақ тілі арқылы таныту, рухани, ұлттық дүниетанымын кеңейту міндеттелсе, «Айтылым әрекеті» зертханасында ауызша сөйлеудегі әдеп, мәнерлі сөйлеу шеберлігін үйретеді. Сол сияқты «Академиялық жазылым» зертханасында әлеуметтік-мәдени, ғылыми, ресми, іскерлік бағытта мәтін жазуды игереді. Яғни мәтінге, ғылыми жобаға жоспар құру, шығарма, эссе, мазмұндама жазуда ойын көркем жеткізуді әрі орфографиялық, пунктуациялық қатесіз жазуды үйренеді. Бұдан бөлек «Оқу сауаттылығы» зертханасы бар. Мұнда оқушылардың функционалдық сауаттылығын, академиялық білімі мен дағдысын, оқу сауаттылығының сапасын арттыруға басымдық беріледі. Ал «Грамматикалық өнер» зертханасында оқушылардың коммуникативтік дағдысы қалыптастырылады. Қазақ тілі білімінің мета тілін меңгеру арқылы түрлі деңгейдегі пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобаларда өз мүмкіндіктерін көрсететін болады. Жобаның соңғы бағыты «Ахметтану» ғылыми-зерттеу зертханасы деп аталады. Мұнда гуманитарлық және жаратылыстану пәндері бойынша ғылыми-зерттеу жұмысы ұйымдастырылады, – дейді Айжан Шорабекқызы.
Мектепте тілді меңгеру жұмысы мұнымен шектелмейді. Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау бойынша Қазтест орталығының базасы қалыптаспақ. Қазіргі таңда орталық базасы қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
– Ұлттық тестілеу орталығымен алдағы уақытта біліктілік тестін, сондай-ақ магистратура, докторантураға түсуде дайындық тесттерінен өтуге мүмкіндік жасалуда. Сонымен бірге 4-9 сыныптарға арналған сынамалы тест топтамасы әзірленді. ПИЗА, ПИРЛС, ТИМСС, АЙСИЛС-ке типтес тапсырмалар құрастырылды, – дейді білім ордасының басшысы.
Қазақ тілі білімін дамытуда қажырлы еңбек еткен Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп ұжымы атына заты сай білім ошағы болуды мақсат еткен. Сол мақсатқа жету үшін «Тілге бойлау» пилоттық жобасын сәтті жүзеге асыруды көздейді.
Еліміздің білім саласын әлемдік талапқа сай ету, білім сапасын арттыру, сол арқылы оқушылардың 3 тілді жетік меңгеруі, ақпарат пен технология заманында заманауи технологиямен жұмыс істей білуін, креативті ойлап, талдау жүргізе алуын, олардың жеке, жұппен, топпен бірге жұмыс істей алуын қалыптастыру ұстаздарға қойылар басты талап. Бұл ретте мектеп ұжымы оқушыларға сапалы білім беріп, саналы ұрпақ, тұлға ретінде өсуіне күш салуда.
Ұлағаттты жандардың шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі еш кеткен емес. Білім беруде ұстаз үмітін ақтаған оқушылар жетерлік. Олар мектеп абыройын асырып, білім сапасының артуына да өз үлесін қосуда. Қалалық, облыстық, республикалық сайыстарында үздік шығып, білім додасында оза шапқан шәкірттер мектеп мақтанышы. Былтырғы оқу жылының қорытындысы бойынша межелі мақсатқа жеткен білім ордасын тәмамдаған 40 түлектің 26-сы білім грантын иеленді. Білімді де тәрбиелі шәкірт тәрбиелеу ісінде мектепте 80-ге жуық мұғалім жұмыс істеуде. Оның 30-ы педагог-зерттеуші болса, 14-і педагог-сарапшы, 20 педагог-модератор бар. Сонымен қатар мектепте инклюзивті білім беру кабинеті жасақталып, ерекше балалардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасалуда. Бұдан бөлек оқушының рухани толысуына, шығармашылығын дамытуына Coworking орталығының да септігі мол. Одан басқа 32573 кітап қоры бар кітапхана қызметін кітапқұмар оқушылар игілігіне пайдалануда.
Білім ордасында тек білім беру ісі емес, шәкірттерді өнерге баулу, қабілетін ашу, спортқа бейімдеу шаралары да қолға алынған. Қыз баласының өнерді игеріп, қазақы дәстүрді меңгергені, ұлттық құндылықты дәріптей алғаны жақсы емес пе? Осы орайда білім ордасында «Іскер ана» жобасы қолға алынған. Мұндағы мақсат – халқымыздың салт-дәстүрін қыз балалардың бойына сіңіру, тұрмыстық бұйымдар жасауды үйрету, қолөнер шеберлігіне баулу. Сол үшін арнайы кабинет жабдықталып, оны оқушылардың жасаған бұйымдарымен толықтырған. Кабинет тоқу құралдары, тігін машиналары сынды өзге де қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ал оқушылардың қолынан шыққан қолөнер туындылары бөлмеге ерекше сән беріп тұр.
Баланы өнерге баулуда қолөнер үйірмесінен бөлек «Сарыжайлау» домбыра үйірмесі де жұмыс істейді.
Ұлттық құндылықты бала бойына сіңіруде мектеп ұжымы басымдық берген тағы бір дүние тоғызқұмалақ ойынының тың әдісінің енгізілуі. Мұндағы ерекшелік тоғызқұмалақтың жаңа түрінде оқушылар ойынды асық арқылы және топпен ойнайды. Оның өзіндік ережесі мен тәртібі бар. «Бұл баланың ақыл ойын дамытып қана қоймай, қимыл-қозғалысының ширақ болуына да әсер етеді» дейді ұстаздар қауымы. Сондай-ақ шахмат, каратэ-до үйірмесі де оқушылар үшін жұмыс істеуде. Тоғызқұмалақ үйірмесіне 70 оқушы барса, 50 оқушы шахмат, 40 оқушы каратэ-до спортын үйренуде.
Қазіргі таңда оқушы қауіпсіздігі – басты назарда. Бұл ретте білім ошағы күзет қызметі, өрт, дыбыстық ескерту мен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген.
Оқушыға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, өнерге үйретіп, спортқа баулып жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасаған білім ұясынан келешек мықты азаматтардың шығары сөзсіз. Мұндай заманауи мектепте білім алған бала да арман жоқ.
Айдана Сейіл