Kyzylorda-news.kz.  Қай  қоғамда  болмасын  адамзат  үшін  ең  қажетті  мамандықтың  бірі  –  ол  ұстаздық.  Білікті  ұстаз бүгінгі  заманның  талабы.  Тәлім-тәрбие  мен  қоса,  оқу-білімді  де  қатар  үйрететін  де  ұстаз.  Білімді  ұрпақ  елдің  ертеңі, ұлт  айнасы  десек  те  болады.  Ұрпақ  білімді  болса,  мемлекетіміз  әлемнің  алпауыт  елдерімен  иық  тіресіп,  бәсекеге қабілеті  жоғарылай  түседі.  Осындай  саналы  ұрпақты  тәрбиелейтін  сіздердің  еңбектеріңіз  ұшан-теңіз.    

Тынымсыз еңбегі мен білімі қатар ұштасқан осындай аяулы жандардың бірі де бірегейі – Мария Айтбайқызы. Ол 1961 жылы Жалағаш ауданындағы Ақсу ауылында туып-өскен. Мектеп қабырғасында жүргенде зерек те алғыр қыз 1973 жылы Артек пионер лагеріне жолдама алады. Туған ауылындағы №116 орта мектепті жақсы бағамен бітіріп, 1978 жылы алғашқы еңбек жолын Жалағаш аудандық Оқушылар сарайында үйірме жетекшісі болып бастайды. 1983 жылы Қызылорда Н.В.Гоголь атындағы педагогика институтын қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша бітіреді. Қызылорда қаласында тұңғыш ашылған Ақмешіт қазақ-түрік қыздар лицей директорының орынбасары қызметін атқарады. Білім ордаларында ұстаздық қызмет атқарып жүрген уақытта Мария Айтбайқызын жас ұрпақтың болашағы үнемі толғандыратын. Өмірден өз жолын жаңылмай табуына ұстазының ықпалы басым болатыны жадында ұялап тұратын. Сол себепті де өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарауына тиісті екенін өзіне ескертіп отыратын. Сонымен бірге үнемі ізденумен, жаңа нәрсені білуге ұмтылумен, талпынумен ғана оқушылардың сеніміне ие болатынын ұмытқан емес. Осындай қасиеттерімен дараланған ұстаз республикалық «Елім-ай» эстетикалық бағдарламасы бойынша Тірек мектебі жұмыстарының негізін қалады. 1993 жылы Ақтөбе қаласында өткен ІІ республикалық шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдер слетінің делегаты болды. Өмір атты шексіз әлемнің күн сәулесі секілді шәкірт жүзіне нұр сеуіп, санасына білім сіңіруден шаршамаған ізденімпаз ұстаз 1996-1998 жылдары Қызылорда қалалық білім бөлімінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері қызметін атқарды. 1998 жылдың қаңтар айынан бастап «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында әдіскер, кабинет меңгерушісі, аға оқытушы, деңгейлік бағдарламалар орталығының тренері, инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы болып абыройлы еңбек етті. 
Мария Айтбайқызы 1998-2005 жылдары Сорос-Қазақстан қорының, Қазақстан Оқу ассоциациясының білім гранттарын жеңіп алды. Жалағаш, Қармақшы, Арал аудандары және Қызылорда қаласы мектептері мұғалімдерін RWCT бағдарламасының гранты бойынша оқытуға қол жеткізді. Грант аясында Арал ауданы мұғалімдері орталығына компьютер сыйлады. Облыстың 5000-нан аса мұғалімі мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ғалымдарын халықаралық «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасы аясында жаңа оқыту технологиялары бойынша біліктілігін арттырды. Қаншама мұғалімнің жаңашылдықпен жұмыс жасап, республикаға танылуына үлесін қосты. Тек қана облыс мұғалімдері емес, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облысы мұғалімдеріне біліктілік арттыру курстарын жүргізіп отырды.
Облысымыздың 1998 жылғы тарихында есімі ең алғашқы білім саласында білім грантын иеленген ұстаз ретінде қалды. Тек қана ұстаздардың емес, оқушылардың да түрлі байқауларда, ғылыми жоба жарыстарында топ жарып, жүлделі орындардан көрінуіне атсалысты. Ақын Қасым Аманжоловтың: «Мектепті сыйлағандықтан, мамандығын жан-тәнімен сүйгендіктен, мұғалім ең алдымен өзінің интелектісін көтеруі керек, дүниеге деген көзқарасын биіктетуі керек» деген сөзі дәл Мария Айтбайқызы сынды ұстаздарға арналғандай. Аға оқытушының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған «Диктанттар жинағы», «Мектеп оқушыларына арналған қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша олимпиадалық тапсырмалар жинағы», «Сыр қойнауы» аймақтық өлкетану тәрбие бағдарламасы», «М.Өтемісұлы шығармаларын оқыту» облыстық жинақ, «М.Өтемісұлы шығармаларын оқыту» республикалық жинақ тағы басқа да еңбектері баспа беттерінде жарық көрді. 

Ал «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында орта мектепте «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндерін оқыту әдістемесі» атты әдістемелік құралы республика көлемінде таратылды. Әдістемелік құралды студенттер мектеп тәжірибесінде қолдануда. Мұғалім еңбегі өлшеусіз. Еткен еңбек жеміссіз қалмайды. Халықаралық RWCT тренері Мария Айтбайқызы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының “Құрмет” грамо-таларымен, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің алғыс хаттарымен марапатталған. Үш баланың анасы, бес баланың әжесі атанып отырған ұстаз – отбасының ұйытқысы. «Өзіңді қарапайым жылы лебізіңмен сыйлата білмесең, құр қаталдықтан түк те шықпайды» дейді Лев Толстой. Иә, Мария Айтбайқызы күлімсіреп жүретін жылы жүзімен, еңбек етуден шаршамайтын жігерлі қасиетімен, шындықты айтудан тайсалмайтын өжеттілігімен курс барысында ұстаздар қауымын өзіне тез баурап алатын. Өзім де қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан, ол кісінің алдында бірнеше рет тәлім алдым. Курс барысында үйретері көп ұстаздың әрбір дәрісін қызыға тыңдап отыратынмын. Отбасы мен қызметтің жүгін қатар алып, абыроймен еңбек етіп жүрген Мария Айтбайқызының әрбір ісі өзгелерге үлгі болары хақ. Білім  шыңына  шыға  алған  мемлекет  қана  әлемдік  деңгейде  еркін  самғап,  өз  бағытын  дұрыс  таңдай  алады.  Сондықтан елдің  келешек  тұтқасын  ұстар  ұрпақтың  білімді  де  білікті  болуы  ең  алдымен  ұстазға  байланысты. Біз осындай жастарға таудай талап беретін ұстаз атты мәртебелі мамандық иелерінің жұмыстарына жеміс тілейміз.

Тағы да оқыңыз: