Kyzylorda-news.kz. Асылы,  әрбір  ұстаз  ақ  тілеулі  ана  тәрізді.  Ақ  пен  қара  деп  қарамай,  барлық  баланың  бойынан  жақсылық  іздейтін  ізгі ниет  иесі.  Бұлақ  көрсе  көзін  ашып,  шәкірті  өзінен  асып  түссе  көңілі  толып,  бар  ғұмырын  балаға  арнаған  қарапайым да қайсар  жандар,  елдің  ұйытқысы  ұстаздар. Аққұм ауылындағы А.Бисенов атындағы №38 орта мектептегі үздік педагогтардың бірі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Шілдебаева да талай шәкірттің қанатын қатайтып, саналы білім берген білікті маман. 

Қазіргі заманғы білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп – оқу-білімге үйрететін орта болса, оның жүрегі – мұғалім. Білікті, білімді, ұлағатты ұстаз атану, осы қасиетті ұғымды қастерлеп, қадір тұту, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы деп білеміз. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуінде. Білім  берудегі  педагогикалық   ұстанымның  негізгі  мәні – оқушылардың ой-өрісін  жан-жақты  дамыту,  оларға  қазіргі  заман  талабына  сай  білім  беру  және  тәрбиелеу. Оқушыны  жан-жақты дамыту дегеніміз, баланың жан дүниесін, рухани  өсуін,  қабілеті  мен  дарынының  өрістеуі,  парасатты  ой  мен  адамгершілік көзқарасының  қалыптасуы  деген сөз.  

«Мен бүгінгі таңда білім беру саласында 28 жылдай еңбек етіп келемін. Күн сайын алдымда отырған шәкірттеріме зер сала қараймын. Алға үмітпен талпынған олардың алдында менің де ұстаз ретінде үлкен жауапкершілігім бар екенін іштей сезінемін. Сондықтан менің өзіме қояр талабым, алдыма қойған мақсатым жоғары болуы тиіс, өйткені сол жарқыраған шамшырақты дер кезінде байқап, дер кезінде жаға білу – менің ұстаздық парызым. Сыныптағы балалардың бірі зерек те алғыр, бірі енжар, бірі баяу, бірі тым пысық. Ал менің бәріне беретін білімімнің мазмұны мен қоятын талабым бірдей де, олардың мұны қабылдауы түрліше» деген Жанар Төлешбайқызы осы салаға келгеніне еш өкінбейтінін, керісінше еліміздің келешек азаматтарын тәрбиелеу зор мақтаныш екенін айтады.

Жанар Шілдебаева өз мамандығын сүйетін, әр оқушының болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайтын, өзі де үнемі ізденіс, даму үстінде жүретін жанның басты мақсаты – білімді ұрпақ қалыптастыру. Кейіпкерімізбен тілдескенде өзі айтқандай мамандығына деген ерекше ықыласын, сүйіспеншілігін байқай түстік. Ол жаңашыл ұстаз ретінде заман ағымына сай шәкірттерін жан-жақты дамыған, өмірге реалистік тұрғыдан қарайтын, терең біліммен қаруланған тұлға ретінде қалыптастыруды көздейді. Ұстаздың саладағы жетістіктері де аз емес. Ұстаздық еңбек жолында «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері атанған. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Жылдың үздік мұғалімі» төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ «Мәртебелі ұстаз – ел мерейінде» облыс әкімінің 833 400 теңге көлемінде қаржылай сыйақысын жеңіп алған. Облыстық «Үздік қысқа мерзімді жоспар-2023» байқауында жүлделі 1 орынды, «Үздік қоғамдық – гуманитарлық бағыттағы пәндердің бірлестік жетекшісі-2022»  облыстық байқауының   аудандық кезеңінде 2 орынды, «Үздік авторлық бағдарлама-2023» байқауында 2 орынды, «Білім» педагогикалық шығармашылық орталығы және «Ustudy» аймақтық тестілеу орталығы ұйымдастырған   «Шығармашыл педагог-2022» ІІ Республикалық олимпиадаға қатысып,  І дәрежелі дипломды иеленген. Мұнан бөлек жалпы білім беретін мектептердің 8-11 сынып оқушылары арасында өткізілген облыстық «А.Байтұрсынов оқулары» байқауында  9 оқушысы Гүлзира  Шәкір 1 орын, облыстық байқауда алғыс хатпен марапатталса, жалпы білім беретін мектептердің   5-6 сынып оқушылары арасында  өткен пәндік олимпиадада қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 6 сынып оқушысы Инабат Абайқызы  2 орынды, жалпы білім беретін мектептердің 7-11 сынып оқушылары арасында өткізілген республикалық «Жарқын болашақ» олимпиадасының аудандық кезеңінде  «Білгірлер бәйгесі» бөлімі бойынша оқушысы Гүлзира Шәкір II орынды, жалпы  орта білім беретін мектеп оқушылары  арасында  қазақ тілі пәні бойынша өткен Республикалық «Болашақ» зияткерлік байқауында 9 сынып оқушылары  Думан Жандосұлы, Жасмин Еркенова, Динара Дастан, 6 сынып оқушылары Абайқызы Инабат,  Ібанқызы Жасмин  І орындармен  марапатталды. 

«Ана тілі – халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің бір айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі» деп Жүсіпбек Аймауытов айтпақшы, тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем. Туған тіл туралы қанша толғақты ой қозғасақ та шегіне жетіп, тауыспасымыз анық. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Расымен, қазақ тілі мен әдебиеті – баланың жүрегіне бойлай еніп, оның рухани өрісін болжай алатын пән. Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы мақсат – бала қиялын қияға өрлетер ғажайып ертегілер, шыншыл да сыншыл аңыз-әңгімелер, ерлікті дәріптеген батырлар жыры, шынайы махаббатты мұрат еткен әсерлі ғашықтық жырлар, өткір де өміршең шешендік сөздер арқылы халқымыздың рухани құндылықтарын бойына сіңірген, ертеңгі еліміздің тізгінін ұстайтын жас жеткіншекті тәрбиелеу. Әрине жастар әдеби шығармаларды оқу арқылы халқының арманы мен қиялын, өткені мен бүгінгі өмірін таниды. Сүйікті кейіпкерлердің арасындағы достығы мен сүйіспеншілінен, патриоттығы мен еңбеккорлығынан, адалдығы мен адамгершілік қасиеттерінен үлгі алып, жақсысына жаны сүйсініп, жаманынан жиреніп, өзінше ой түйіп, жан-жақты іздене біледі. Ал біз әңгімемізге арқау еткен Аққұмдағы мектептің үздік мұғалімнің шынайы жүрегінен шыққан тәлімді сөздері мен жауапкершілік жүгінің ауыр екенін сезінген ұстаздық болмысына қайран қалып, еріксіз басыңды иесің. 

Біздің түйетініміз егер мұғалім нағыз өз ісінің шебері, мамандығына аса жауапкершілікпен қараса, осы ұлы тұлғалар айтқандай асыл сөздерге лайық бола білсе, онда оның шәкірті де тегін болмасы анық. Ал білім бар жерде өрлеу де бар, өсу де бар, жетілу мен кемелдену үрдісі де толастамақ емес. Ендеше біздің бүгінгі мақаламызға арқау болған қайраткер атындағы алтын ұядан талантты, талапты шәкірттер мен озық ойлы азаматтар тәрбиеленіп шыға берсін демекпіз.

Тағы да оқыңыз: