Kyzylorda-news.kz.  Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік орны мен мәртебелі төрі бар Баян Сүюбаеваның есімі ауданның білім саласында ұлағатты ұстаз, мәдениет саласында өнер жанашыры, мемлекеттік қызмет саласында білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде зор құрметке ие. Саналы ғұмыры ауданның өсіп-өркендеуімен тікелей байланысты ардақты жан ауданда бірнеше салаға абыройлы басшылық жасап, ел мүддесі жолында қалтқысыз қызмет етті. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған еңбек ардагері ауданның тыныс-тіршілігінен үнемі хабардар болып, қоғамнан алыстаған емес. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері, Қазақстанның мәдениет саласының майталманы Баян Орынбекқызымен жүргізілген сұхбатты ұсынамыз.

– Баян Орынбекқызы, Сырдария ауданы – өміріңіздің ұмытылмас кезеңдері өткен, еңбегіңіз сіңген киелі мекен саналады. Өзіңіздің есіміңіз аудан халқына жақсы таныс. Ауданда ұзық жылдар абыройлы еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан едіңіз. Бүгінгі сұхбатымызды балалық шағыңыз, өскен ортаңыз, ата-анаңыз бен алғашқы ұстазыңыз туралы естеліктерден бастауды жөн көрдік.

– Оңашада отырып өзімнің өмірбаяным туралы ойлағанда, көз алдымнан ақжарқын мінезді, ақ жүректі, жылы жүзді ұстаз бейнесі көрініп, мені қиялға енгізіп, еріксіз нұрлы естелікке жетелей жөнелетіні бар. Ұстаз бейнесі шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі деп екені жақсы білемін. Алғаш мектеп табалдырығын аттап, алтын ұяға ақ көңілмен қадам басқан сәтімде күлімдеп қарсы алған, қолымнан жетектеп партаға отырғызып, «Әліппе» кітабын ұстатқан, алғаш әріп үйреткен менің сүйікті де, ең алғашқы ұстазым әлі есімде. Ол кісі менің ақылшым, алғашқы данышпаным, өмірге бағыттаушым болған. Алғашқы ұстазымнан білім жолының таза, тура, әділ жол екендігін ұққан едім. Бойына асыл қасиеттерді жиған ұстазымның келбеті маған ұстаздық жолды таңдауыма үлкен ықпал жасай білді. Мен бұрынғы Сырдария ауданына қарасты Коммунизм деген жерде дүниеге келіп, №43 мектепте 10 жылдық білім алып, Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеде оқыған.

Тарихта ақыл-парасаты мол тұлға¬лардың көпшілігі ұстазына ерекше құр¬метпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны анық. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан болатын. Сол ізбен мен де ұстаздардың ұстазы болған марқұм апамыз Ақалтын Әлжанова апайдың жолын қуған едім. Ол кісі «Нағыз мұғалім болғың келсе, кіші оқу орнынан баста, ол жерде саған әдіс-тәсілін, баламен жұмыс жасаудың қыр-сырын үйретеді, содан кейін жоғарғы оқу орнын жалғастырасың» – деп кеңес берді. Апайымның ақылымен педагогикалық училищені жақсы аяқтап, сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, білімімді жалғастырдым. Балалық шағымнан есімде қалғаны ойын ойнағанда үнемі «мектеп ойынын» ойнайтынбыз. Мен міндетті түрде мұғалім болатынмын. Достарым «Сен ғана мұғалім боласың ба? Ойнамаймыз» – деп ренжіп, үйлеріне кетіп қалатын едім.

Ата-анам өте ақкөңіл, қарапайым жандар болған. Әкем Кеңес Одағы кезінде «Құрметті құрылысшы» атағын алған азамат еді. Анам наубайханада жұмыс жасады. Әкем өмірден ерте өтті, анам да 63 жасында қайтыс болды. Біз – алты ағайындымыз. Құдайға шүкір, бәрі отбасылы, балалы-шағалы екенін айта кетейін.

– Еңбек жолыңыздың бас¬тауы болған қыз¬метіңіз Сізге несімен қымбат болды? Өмірдегі басты қа¬ғида ретінде қандай ұстанымға сүйе¬несіз?

– Қай заманда болмасын, ұстаздарға құрмет ерекше болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ. Ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. «Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда жазылғандығын білемін.

Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған игі қасиеттер менің жеке өмірімде де, қызмет жасаған кездерімде де басты қағидама айналды. «Ешқашан қызметің мен мамандығыңды алға тартып, жеке басыңның жұмысын бітіруге тырыспа» деп отырушы еді ата-анам. Қазір де бұл сөз үнемі жадымда тұрады. Кісінің ар-намысына тиіп, жеке басын төмендетіп, рейтинг қуып, танымал болуды мақсат тұтқан емеспін. Әр сөздің салмағы бар, жауап берер сәт туғанда өкініп қалмасақ екен деген тілегім бар.

– Сіздің еңбекке деген жігеріңіз тіпті өзге салада да қызмет етуге әкелді. Ауыл әкімі болу кездейсоқтық па, әлде ел ағаларының сенімін ақтаудан туындаған жауапкершілік пе? Ел арасында жүрген жылдардан аз-кем айтсаңыз?

– Әрине, кездейсоқтық деп айта алмаймын. Ол кезде мен облыстық білім жетілдіру институтының кафедра меңгерушісі болып қызмет ететінмін. Сол кездегі аудан басшысы, заман ағысы мен бағытын болжай білетін, өмір мектебінен терең білім жинаған, «елім» деп еңбек еткен ел ағасы Ибрагим Әбибуллаев сенім артып, өзінің туған ауылына ауыл әкімі болып қызмет жасауыма ұсыныс жасады. Ол кезде елдің ахуалы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы қазіргідей емес, қиын болатын. Жұмыс болғасын қиындығы мен қызығы бірге жүреді. Ауыл тұрғындарын толғандырған ең өзекті мәселе – аяқ су болатын. Күндіз-түні еткен еңбектің арқасында ауылға 17 шақырым жерге аяқ су келді. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады. Ауылдық клуб салынды, ең бірінші болып ауылға әлеуметтік дүкен аштық, жолдар да жөнделді. Ауылдағы ағайынның жай-күйін, төрт-түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп, қайнаған еңбектің ортасында ел-халық болып ауылды дамытуға, өркендетуге, көркейтуге аянбай тер төгіп, күш-жігерімізді жұмсадық. Қиын күндерді де еңсердік. Мен үшін ауыл – ең ыстық мекен саналады.

– Сырдария ауданының хал¬қы өзіңізді, білім саласындағы еңбегіңізді жоғары бағалайды. Жалпы, жаныңызға жақын болған ауданның білім саласының ыстығы мен суығына төтеп беруге қандай қасиет ықпал етті деп ойлайсыз?

– Әр жетістіктің артында үлкен еңбек пен ізденіс жатады. «Ақыл, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» – деп хакім Абай бекер айтпаса керек. «Қызығы мен қиындығы» қатар жүретін ұстаз мамандығын таң-дағандарға үлкен жауапкершілік артады және ыстығы мен суығына төтеп беруге тура келеді. Сол жауапкершілік жүгін сүйреп, халықтың оң бағасын алу үшін еңбектің, тиянақтылықтың, мамандыққа деген сүйіспеншіліктің маңызы зор. Облыстың аудандарында «Атамекен» тәлім-тәрбие орталығын ашуға ықпал еткенім мен үшін үлкен жетістік. Ұстаздықтың қадір-қасиетін, оның ұлы да мәртебелі мамандық екенін тереңнен сезіндім. Сырдария ауданының білім саласына басшылық қызметке келмес бұрын №35 И.Тоқтыбаев атындағы орта мектепке директор болдым. 2004 жылы аудандағы ең іргелі білім ошағының мәртебесін арттыруға күш салдым. Сенім білдірген аудан басшылығының қолда¬уының арқасында ата-аналармен бірігіп, мектепке заманауи келбет беріп, жөндеуден өткіздік. Әлі есімде, әріптестерім мені «Құрылысшы директор» деп атайтын еді.

Ал аудандық білім беру бөліміне басшылық еткен жылдары инновациялық білім беру желісін дамыту мақсатында ауданда 5 мектеп-лицейі ашылған болатын. Білім саласындағы ең үлкен көрсеткіш – ұлттық бірыңғай тест нәтижесі екені белгілі. Сондықтан жаңа оқу жылы басталысымен ұлттық бірыңғай тестке дайындық әлсін-әлсін пысықталды. Кез келген бітірушіге оның білім деңгейі мен қабілетіне қарай кәсіби бағыт-бағдар беріліп, қай деңгейде, қандай оқу орнында кәсіби білім алуға мүмкіндігі бар екендігі жөнінде түсіндіру, талдау жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Нәтижесі жаман болған жоқ. Облыс аудандарының көшін бастадық.

ҰБТ-ға дайындық жұмыстары мектептегі күндізгі, кешкі дайындық түріндегі қосымша консультациялық сабақтармен толыққан болатын. Ауданға бас¬шылық жасаған Ғанибек Қазантаевтың тікелей қолдауымен «Жалын» тынығу лагерінің базасын жыл бойы пайдалану мүмкіндігі туған еді. Аудан басшысының тапсырмасымен тұрғын-жайларға жылу кіргізіліп, жылы суға дейін қамтылды. Толыққанды жұмыс жасайтын жағдайға жетіп, лагерьде білікті, жоғары деңгейлі мамандармен репетиторлық сабақтар ұйымдастырылды. Ауданға жоғарғы оқу орындарының оқытушыларын шақырып, дайындық сабақтары өткі-зілітін еді. Сонымен қатар әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары үшін сынама тестілеуден өтуге қажетті төлемақы қаржысы жергілікті бюджеттен қаралды. Бітірушілерді ҰБТ-ге даярлауда соңғы 3 жылда жыл бойына жұмыс жасайтын «Жалын» лагеріндегі ұйымдастырылған курстар балалардың жоғары білім алуына тікелей әсер етті. Сондай-ақ оқушылар үйі мен инновациялық мектеп-лицей базасында компьютерлерді, зертханаларды және 3Д принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопаркі мен бизнес-инкубаторларының желісі құрылды. Бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге кө¬мектесті. Нәтижесінде, ауданның білім саласындағы көрсеткіші, яғни ҰБТ бо¬йынша соңғы орыннан алдыңғы орынға шығңа білді. «Ең үздік олимпиадалық команда – 2019» номинациясын алғанымыз – ауданның білім саласының соңғы 10 жылда жеткен ең үлкен жетістігі. Бір сөзбен айтқанда, Ғанибек Қонысбекұлы ауданды басқарған жылдары білім саласына айрықша қолдау көрсетті, аудан бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған. Осындай сәттерде жанымнан табылып, бірлесе жұмыс жасап, қолдау білдірген ауданымыздың ұстаздарына шынайы алғысымды білдіремін.

– Тәжірибелі басшы, білім сала¬сының майталман маманы ретінде жас кадрларға айтар кеңесіңіз, өмірден түйгеніңіз, мұғалім мәр-тебесі туралы пікіріңізді білсек?

– Әрбір елдің болашағы, оның білім ордасы мектебінде шыңдалады. Бүгінде ақын М.Жұмабаев айтқандай, қоғам «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жалындаған жастарға сенеді. Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуі үшін жас мамандардың ойының ұшқырлығы, тың идеялары өте маңызды. Қандай мамандық иесі болса да, өз істеріне жауапкершілікпен қараған адамның жетер жетістігі де өте көп.
Жастарға әлеуметтік көмек көрсету, жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында да игілікті шаралар қолға алынып жатқаны қуантарлық. Біз төл тарихын жетік білетін, бағалайтын және мақтан ететін және алған білімін әлемдік өркениетпен үндестіре білетін өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуіміз қажет. Ел ертеңінің тұтқасын ұстар жастарға патриоттық тәрбие беру, олардың бойына Отансүйгіштік және азаматтық қасиетті қалыптастыру, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған әр игі істе аудан жастарына ризашылығымды білдіремін. Жастарымыздың алдағы уақытта аянбай еңбек ететіндеріне сенімім мол екендігін жеткіземін.

«Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданғаны белгілі. Оны әрине, қолдаймыз. Бұрын мұғалім келе жатқанда алдын кесіп өтпек түгілі, алыстан бас киімімізді шешіп, құрмет көрсетіп, сәлем беретінбіз. Қазір мұғалімнің мәртебесін көтеру туралы заң қабылданғаны ұстазға деген құрметті заңмен белгілеуге дейін жеттік деген сөз. Мемлекет тарапынан мұғалімнің материалдық жағдайын көтеру, жалақысын жыл сайын арттыру қолға алынды. Дегенмен, ұстаздың кәсіби біліктілігімен қатар оның барлық жағынан – жүріс-тұрысынан бастап, киім киісіне дейін ұстаз деген атқа лайықты болуы керек деп ойлаймын. Сол кезде педагогтың мәртебесі асқақтайтыны мәлім. Оның ел алдында қадірі жоғары болатыны сөзсіз.

– Өзіңізді білім саласын өрге сүйреген білікті басшы ретінде білетін ел-жұрт Сіздің өнер саласына, яғни мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне басшылық жасағаныңыздан хабардар. Бұл саланың қандай қиыншылығы мен қызығы есте қалды?

– Мәдениет саласына 2012-2016 жылдар аралығында басшылық жасған. Сол жылдары кең көлемде аудандық, облыстық және респуб-ликалық шаралар жоспарланып, өткізілді. Атап айтар болсақ, 2012 жылы діни ағартушы, ғұлама ғалым Қалжан ахун Бөлекбайұлының 150 жылдығына арналған шаралар, облыстық ақындар мүшәйрасы, 2014 жылы талант пен қабілетін киелі сахнада сарпыған қасиетті Сыр топырағының түлегі, актриса, Қазақстан және КСРО халық әртісі – Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған аймақтық «Сахна саңлағы – Сәбира» атты монолог орындаушылар байқауы, Қызылорда қаласында өткен «Сырдария ауданының мәдениеті мен өнері күндері» жоғары деңгейде ұйымдастырылып, аудан өнерпаздары қала халқының ықыласына бөленіп, өнерсүйер қауым тарапынан жоғары баға берілді. Сонымен қатар жылдан-жылға қанаттары қатайып, шеберліктері шыңдала түсіп, кәсіби ұжымдарға үзеңгі қағыстыра бастаған аудан бойынша 14 халықтық ұжым шығармашылық ізденіспен репертуар байыту, тәжірибе жинақтау, қатарларын өнерлі жастармен толықтыру, ақылы қызмет көрсету мақсатында гастрольдік сапарларда болып, халыққа мәдени қызмет көрсетті. Ауданның мәдениет саласы да мен үшін өте қымбат саналады.

– Ел мүддесі үшін қырық жылғы еңбектің зейнетіне шыққан Сіздің қазіргі кезде немен айналысып жүргеніңізді білсек?

– Құдайдың берген 4 немеренің әжесімен. Қызым жолымды қуып, балабақшаның меңгерушісі қызметін атқарады. Әжеде бос уақыт болмайды екен. Алда үлкен жоспарларым бар. Әзір¬ге жоспарларым құпия болып қалсын.

Өмірге құштар жан ретінде айтарым, тілеулес барлық адамдарды жақсы көремін. Жақсы көрмеуге қақым жоқ. Мен білетін «Адам» деген атта адамға тән жақсы қасиеттердің бәрі бар. Адамға керегі – мейірім, жетпейтіні де – мейірім. «Адам» деген құрметті атты ұстап тұрған да осы мейірімнің ұғымы болып табылады. Сондықтан да ұдайы жан-жағымнан жақсылық іздеп жүремін. Айналама тек жылы сөз, жақсы сөз айтсам деймін. Мына өмірдің өзегі де, қуаты да – жақсы адамдар деп білемін. Сіздерге сұхбат үшін алғысымды айта отырып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деген тілегімді жеткізгімін.

– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!

6fa103d5-ef27-4ba1-b1f9-67b44b20c2ef.jpg

Тағы да оқыңыз: