Kyzylorda-news.kz Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Осындай ұстаздыққа қойылатын биік талап үдесінен шығып, шәкірттерінің сүйіктісіне айналған жан №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Роза Бердікеева.

– Роза Әлденбайқызы – бірінші санатты педагог-зерттеуші. Өзінің өнегелі еңбек жолында көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, білім саласында шәкірттерге саналы тәрбие мен сапалы білім беруде аянбай еңбек етуде. Сабақтарында жаңа технологиялық замануи әдіс-тәсілдерді пайдаланып, үлкен дайындықпен, шығармашылықпен, жауапкершілікті түсіне отырып өткізеді, – дейді әріптесі Құрманғали Құлымбетов.

Білікті ұстаздың шәкірттері облыстық, республикалық олимпиада, ғылыми жобалардың жеңімпаздары, мектепті үздік бітірген алтын белгі иегерлері. Жалпы білім беру ұйымдарының екінші, төртінші сынып оқушылар арасындағы республикалық  «Бастау» математикалық турнирінің облыстық кезеңінде 4-сынып оқушысы Сымбат Серікбай екінші орынды иеленді. Ұлағатты ұстаз шәкірттерін ғылым жолына қызықтырып, ізденіспен жұмыс жасауды басты назарда ұстайды. Соңғы жылдары оқушылары ғылыми жоба байқауларында жетістіктерімен қуантып жүр. Атап айтқанда шәкірттері Айзере Төлеген Айзере мен Назерке Қайролла «Алоэ – жасыл дәрігер» тақырыбында "Зерде" республикалық  ғылыми жобалар байқауында екінші орын иеленіп, ұстаз мерейін өсірді.

Роза Бердікеева «Білім беру мазмұны, жаңарту идеялары бастауышта: теория тәжірибе және нәтиже» тақырыбында республикалық ғылыми тәжірибелік конференцияға қатысып, үздік шығармашылық жұмысы үшін Алғыс хатпен марапатталды. Өз тәжірибесінен дайындалған әдістемелік нұсқаулықтары мен «Мен зерттеушімін» атты жаратылыстану пәні бойынша авторлық бағдарламасы үздік деп танылып, іс-тәжірибесі аудан көлемінде таратылуда. Білікті ұстаз мектептегі жас мамандарға бар білгенін үйретіп, тәжірибе алмасып, тәлімгерлік атқарып келеді. Жастарға әдістемелік көмек ұйымдастырып, биік жетістіктерге жетелейді.

– 2022-2023 оқу жылында педагогикалық шеберлік орталығында «Мектеп командасы: тиімді басқару және білім сапасы» тақырыбында білім беру бағдарламасы бойынша білім көтеру курсынан өттім. Курста алған білімім бойынша мектепте ата-аналар серіктестігін күшейту жобасы аясында жұмыс жасадым.Ұрпағымыздың тәрбиелі, білімді азамат болып өсуінде ата-ананың атқарар рөлі ерекше деп айтар едім. Осы бағытта ата-аналармен «Әкелер мектебі», «Әжемнің ертегісі», «Мектептегі бір күн» тақырыбындағы арнайы ұйымдастырылған іс-шаралар балалардың білімі мен тәрбиесіне  оң әсерін берді, – дейді шығармашыл ұстаз.

Ардақты ұстаз педагогикалық еңбек өтілінде ұзақ мерзімді нәтижелі жұмыстары үшін аудандық білім бөлімінің, аудан әкімінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Жылдың үздігі, «Жыл ұстазы» аталымының жеңімпазы атанған Роза Әлденбайқызы білімге деген құштарлығымен, біліктілігімен ел алдында зор беделге ие.   Еліміздің ертеңі, жас ұрпақтың жаңа заманға сай жігерлі де, намысты болып өсуіне біліммен қаруландырып, бойларына қазақы болмыс тәрбиесін сіңіруде атсалысып жүрген шебер ұстаз.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: