Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде сот медицинасы саласының ардагері, «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері Қамбар Сексеновтің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында «Сот медицинасы» дәрісханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Осы салаға 47 жылға жуық ғұмырын арнаған Қамбар Өмірзақұлының кәсіби жолы осы саланың даму тарихымен тығыз байланысты. Мерейтой иесінің құрметіне ашылған дәрісхана білім алушылардың сот медицинасы бағытындағы білімін жетілдіруге және тәжірибе мен білім сабақтастығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Салтанатты ашылу рәсімінде университеттің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Дана Абдрашева мерейтой иесін құттықтап, оның еңбек жолындағы жетістіктерін атап өтті.

Қызылорда облысы Әділет департаментінің басшысы Баукен Әлмеш Қамбар Сексеновке құрмет грамотасын табыстады. Ал Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының Қызылорда облысы бойынша сот сараптамалары институтының директоры Ержан Фархадұлы Орталық директоры Бақытжан Байтілесовтің атынан құттықтауын жеткізді.

Сондай-ақ Қырғыз Республикасы Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Бактыбек Батырбаев университет ректоры Догдурбек Чонтоевтің құттықтауын табыстады. Қамбар Өмірзақұлының әріптесі, отставкадағы полиция полковнигі Қошманов Максұт Ахметұлы да мерейтой иесіне ізгі тілегін білдірді.

Жаңа дәрісхана болашақ заңгерлердің білімін тереңдетуге, сот медицинасы саласының ерекшеліктерін меңгеруіне және кәсіби даярлығын арттыруға үлес қосады. Сонымен қатар бұл бастама сала ардагерлерінің еңбегін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа өнеге етуге бағытталған.

коркыткоркыт

Тағы да оқыңыз: