Kyzylorda-news.kz Қазақстанның бұрынғы білім (қазір Оқу-ағарту) министрі, парламент депутаты Асхат Аймағамбетов университеттегі ішкі және ректорлық гранттардың не себепті аз бөлінетінін түсіндіріп, бос білім гранттары туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат Telegram-арнасында "Грант алмаған жағдайда не істеу керек?" деген жазбасынан кейін, оқырмандардан толассыз сауалдар мен өтініштер келіп түскенін айтты. Асхат Аймағамбетов өзіне жиі қойылаған негізгі сұрақтарға толыққанды жауап берді.

“Жоғарғы оқу орындардағы ішкі гранттары немесе "ректорлық" гранттардың иесіне, әдетте, шәкіртақы берілмейді. Тек тегін оқуға құқық береді. Олар конкурс негізінде және университеттердің сайттарында көрсетілген нақты критерийлер бойынша бөлінеді.
Университеттер мұндай гранттарды көптеп бере алмайды. Өйткені бұл университеттің бюджетіне қосымша жүктеме болып, оқытушылардың жалақысын көтеру немесе құрал-жабдықтар мен зертханалар сатып алу мүмкіндігін азайтады”, – дейді Асхат Аймағамбетов.

Ол бірінші семестрдің қорытындысы бойынша бос білім гранттары барын еске салды. Айтуынша, әр семестрден кейін мемлекеттік гранттар босайды. Сәйкесінше студенттер оқу үлгерімі бойынша оқудан шығарылады немесе гранттан бас тартып жатады. 

“Бұл гранттар әр семестрдің соңында ішкі конкурс нәтижелері бойынша ақылы бөлімде оқитын студенттерге тағайындалады. Сондықтан сіздер өз GPA көрсеткіштеріңізге және басқа да критерийлерге назар аударуларыңыз керек — сіздің үлгеріміңіз бен белсенділігіңіз қаншалықты жоғары болса, бос грант алу мүмкіндігіңіз де соншалықты артады. Тамызда гранттарды тағайындау нәтижелері жарияланғаннан кейін белгілі бір бөлігі игерілмей қалады (негізінен "Серпіннің" гранттары), ал тағы бір бөлігі студенттердің өздерінің бас тартуына байланысты бос қалады (негізінен бұл студенттердің 2, 3, 4-ші таңдаулары бойынша жеңіп алынған гранттары). Бұл гранттар әдетте қыркүйек айында қайта бөлінеді”, – дейді депутат.

Ол министрлік гранттарды өз қалауымен немесе "кімге жетпеді" деген принцип бойынша емес, еңбек нарығының қажеттілігі мен жиналған баллдарға сүйене отырып бөлінетінін айтады. Демек бұл гранттарды квоталарға байланысты грант ала алмағандарға ғана қайта бөлуге болмайды. Сондықтан басқа мүмкіндіктерді де қарастыруға кеңес береді.

“Облыс әкімдіктерінің гранттарына қатысты, мұнда да гранттарды бөлу және тағайындау ережелері нақты белгіленген. Әкімдіктер белгілі бір облыстың кадр қажеттіліктеріне баса назар аударады және оқу аяқталғаннан кейін осы аймақта міндетті түрде жұмыс істеу шартын қояды. Әртүрлі коммерциялық ұйымдардың гранттарына келер болсақ, олар ең алдымен, осы мекемені білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталады. Олар компаниялардың ішкі іріктеу ережелері бойынша беріледі. Гранттарды іріктеу және тағайындау ережелері туралы ақпаратты осы компаниялардың сайттарынан біле аласыздар”, – дейді Аймағамбетов.

Депутат әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттағы азаматтар үшін оқу ақысын төмендету бойынша жеңілдіктер алу мүмкіндіктері де қарастырылғанын айтты. Университеттер өз деңгейлерінде түрлі жеңілдіктерді ұсынады, бірақ бұл шешімдер қатаң реттеліп, коллегиалды түрде қабылданатынын ескертті. Бұл туралы ақпаратты тікелей университеттерден сұрау керегін айтты.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, мемлекетаралық келісімдер аясында шетелдік мемлекеттерден бөлінетін гранттар көп бөлінеді. Ақпаратты "Болашақ" сайтынан табуға болады: bolashak.gov.kz. Бұл гранттар оқу және/немесе тұру шығындарын қамтуы мүмкін. Мысалы, гранттарды Венгрия, Түркия (250 орын), Қытай (155 орын), Оңтүстік Корея, Польша тб. береді. Гранттар сондай-ақ ТМД елдерінің кейбір елдерінен де беріледі.

Сондай-ақ 29 жасқа дейінгі тұлғалар, яғни жетім балалар, аз қамтылғандар, ерекше қажеттіліктері бар тұлғалар және алты жеңілдік санатының біріне жататын тұлғалар "Қазақстан халқына" гранттарына ие бола алатынын айтты. Бұл туралы ақпаратты қордың ресми сайтынан білуге болады. 

“Кадрларды даярлауға 1% шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылар бөлетін гранттар да бар. Олар гранттарды тұрақты түрде береді, бірақ, өкінішке қарай, бұл процедура жиі ашық емес және сыбайлас жемқорлыққа бейім болады. Ақпаратты олардың сайттарынан табуға болады. Шынтуайында гранттардың негізгі бөлігі бөлініп болды. Ал әлі де бөлінетін гранттар бойынша (олар көп емес) қатаң тағайындау ережелері бар. Сондықтан грант алмағандардың барлығына да грант беріледі деп үміттенудің қажеті жоқ”, – деп жазды депутат. 

Ол гранттарды тағайындау ережелері көрсетілген сайттың сілтемесін қалдырды. 

Фото: Ашық дерекөзден

Тағы да оқыңыз: