Kyzylorda-news.kz  Қызылорда облысы, Қазалы ауданында балалардың зейінін ашып қана қоймай, балғындарды бақытқа бөлеген – «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасы бар. Заманауи ілім менен білім берер, аудандағы бәсі биік балабақшаның алған асуы, бағындырған белесі де ауызтолтырып айтарлықтай. Жақында аталған орынға барып, меңгерушісі Жанат Көлановамен жолығып, бала бағбандарының бүгіні мен болашағын саралап, көріп қайтқан едік.

Әйтеке би кентінің 5-ші квартал аталып кеткен аймағында орналасқан №21 «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасы» «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып, 2014 жылы қазан айының алтыншы жұлдызынан бастап пайдалануға берілді. Балабақшаның материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталып, педагог мамандар заманауи технологиялар бойынша білім жетілдіру курстарынан өтіп, ұлт болашағы – бүлдіршіндерді заман талабына сай тәрбиелеуде елеулі үлес қосып келеді.
Балабақшада 12 топ бар. Бұнда баланы қабылдау, ойын, жатын, ыдыс-аяққа және қол жууға арналған бөлме, меңгеруші, әдіскер кабинеті, логопед, дефектолог, есепші, педагог-психолог, шаруашылық меңгерушісі кабинеті, музыка, денешынықтыру залы, медициналық кабинет және оқшаулау бөлмесімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бүлдіршіндерге патриоттық, эстетикалық, адамгершілік тәрбие беру, өз ой-пікірін білдіре алатын, салауатты өмір салтына сай, болашақтың тірегі болатын дені сау, жан-жақты азамат етіп тәрбиелеуде балабақшада дене шынықтыру нұсқаушысы, педагог ұйымдастырушы, педагог-психолог, логопед, дефектолог мамандары, музыка жетекшісі, би жетекшісі жұмыс істейді.

– Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын басшылыққа алып, әр баланың қызығушылығын, ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, жалпы адами және ұлттық құндылықтар негізінде оларды толыққанды дамыту мен әлеуетін ашу мақсатында жұмыс жүргізіп келеді. Рухани адамгершілік құндылықтың негізі – халық педагогикасынан бастау алады. Оның бірнеше ғасырлық тәжірибесіне сүйене отырып, рухани құндылықты сақтай отырып, болашақ ұрпақты еңбекке, қоғамдық ортаға дайындау, имандылық қасиеттерін бала бойына сіңіру әрбір педагогке жүктелген. Сондықтан да заман талабынан кеш қалмай жаңашылдыққа, инновациялық өзгерістерді күнделікті тәрбиелеу – білім беру процестерінде ұйымдастыру балабақша педагогтеріне қойылатын басты талаптардың бірі, – дейді балабақша меңгерушісі Жанат Көланова.

Балабақшаның материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталып, педагог мамандар заманауи технологиялар бойынша білім жетілдіру курстарынан өтіп, ұлт болашағы – бүлдіршіндерді заман талабына сай тәрбиелеуде елеулі үлес қосып келеді. Балабақша педагогтерінің озық тәжірибелерін аудан, аймақ, облыс көлемінде тарату мақсатында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Мектепке дейінгі ұйымда тәрбиелеу мен оқыту үшін баланың жас ерек¬шеліктеріне сәйкес біліктері мен дағдыларын әрекет түрлерінде ойын ар¬қылы қалыптастыру» тақырыбында аудандық семинар өткізілді. Семинарға аудандағы мектепке дейінгі ұйымдардан екі жүзге жуық педагог қатысты. Сонымен бірге педагогтердің шығармашылық шеберлігін шыңдау, педагогикалық тәжірибелерін көпшілікке тарату, мектепке дейінгі балалардың заманауи ақпараттық-технологияларды пайлану арқылы білім, білік дағдыларын меңгерту мақсатында 2024 жылы 22 мамыр күні Қызылорда облыстық оқу орталығының ұйымдастырумен «Тәрбиеленушілердің дене, зияткерлік және жеке тұлғалық дамуын қамтамасыз етудегі жаңашыл бағыттар, ортақ ізденіс, тиімді нәтиже» тақырыбындағы облыстық вебинар өткізілді. Вебинарға облыстық оқу орталығы директорының орынбасары Г.Б.Дихамбаева, облыстық оқу орталығы мектепке дейінгі бөлімінің меңгерушісі Ж.С.Хожбанова және облыс көлемінде 100-ге жуық педагог қатысып, тәжірибе алмасып, оң пікірлерін айтты. Аталған семинарларда мектепке дейінгі мекемедегі білім берудің 5 дағдысы бойынша заманауи, ақпараттық технологияларды пайдаланып, өз тәжірибесін бөлісіп, шығармашылықпен жұмыс жасаған Г.Жұбаныш, М.Танирбергенова, А.Бауыржан, А.Утеген, Н.Нұрылла, С.Тұрғанбай, М.Шапихова, А.Жолмырзаева, Т.Казмамбетова, М.Мейрамбек, А.Нұрдәулет, Б.Көзімай, Г.Жолмырзаева, Г.Уразымбетова, Б.Сержанова, Р.Алгазиевалардың ашық ұйымдастырылған іс-әрекеттері ұсынылды.

– 2024 жылдың қаңтар айынан бастап балабақшамызда «IT балабақша заман талабы» жоба аясында, мектепке дейінгі білім беруде ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалану мақсатында STEAM кабинет ашылды. Бұл кабинеттің мақсаты – цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану арқылы мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру, мектепке дейінгі ұйымда өзгерістерді енгізу үшін қажеттіліктерді анықтау, заман талабына сай инновациялық технологияларды енгізу үшін IT-жобасын іске асыру, «Тірек білім беру ұйымы» базасында ақпараттық технологияларды пайдалану тәжірибесін облыстың басқа білім беру ұйымдарына тарату, жаңартылған білім беру мазмұнына көшуді ескеріп, цифрлық технологияларға негізделген оқу бағдарламаларын әзірлеу, мектепке дейінгі ұйымда өзгерістерді енгізе отырып, заманауи тұлға қалыптастыру және бала, ата-ана, педагог бірлесіп, мақсатты нәтиженің жоғары көрсеткішіне ие болу, – дейді балабақша кабинеттерімен таныстырған Жанат Қуанышқызы.

Ұйымдастырылған тәрбиелеу – білім беру жұмыстарының нәтижесінде балабақша бірнеше рет аудандық білім бөлімі, облыстық білім басқармасы, Қызылорда облыстық оқу орталығының және республикалық балаларды ерте дамыту институтының Алғыс хаттарымен марапатталды.


Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

Тағы да оқыңыз: