Kyzylorda-news.kz Бала қуанышы жүректі де, жанды да жылытады. Жүзге еріксіз күлкі мен шаттық сыйлайды. Өз қуанышымен басқаларды қуантатын бала бақыты әр адамды толғандыруы керек. Балалықшақ ең таза, кіршіксіз, қисынсыз кезең. «Бақыт деген – менің бала күндерім» деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, балалық әркімнің жадында қызықтармен, шат — шадыман ойын, риясыз күлкімен есте қалады. Ойын баласы үшін ойынынан артық қызық жоқ.
Оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында Арал ауданындағы № 220 орта мектебінде "Балдәурен" жазғы тынығу лагері өз жұмысын бастады. 1 маусым – Балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келген ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті.
Лагердің ашылуында сөз алған мектеп директоры Ә.Әбілбаев балаларды мерекемен құттықтап, көтеріңкі көңіл-күймен демалуларына тілектестігін білдірді.
Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, балалар өз өнерлерін көрсетіп, ән айтып, биден шашу шашты. Шара соныңда Света Қалмағанбетова балаларға тәтті балмұздақ таратты.
Г. Тілекова,
Арал ауданы,
№220 орта мектеп тәлімгері
