Kyzylorda-news.kz. Қызылорда оқушылар сарайы “BALAORDA” театр үйірмесі оқушыларының қатысуымен Георгий Хугаевтың «Қара шекпен» атты жаңа қойылымның тұсаукесері өтті.
Спекталь шымылдығы төрт түлікті өсірумен айналысатын шопан мен адамның сенімді серігі саналатын иттің диалогымен түрілді. Сахналанған шығармада шопаннан басқа кейіпкерлердің барлығы жан-жануарлар. Басты кейіпкер Тұзар есімді төбет.
Тұзар есімді төбеттің айналасында өтетін оқиға кейіпкерлері – Көкшолаң, Бе-бе, Кико, қасқыр, қоян, түлкі, қарға және басқалар.
«Қойылымды тамашалай отырып Тұзар есімді иттің өз иесіне адалдығын, жақындарына деген жанашырлығын аңғардық. Жанкештілікпен еңбек еткен ит образы арқылы махаббат пен достық, адалдық пен сатқындық сынды қарама-қарсы қасиеттер спектакльдің түпкі идеясын аша білді. Бұл қойылымның ертегіден бір-ақ айырмашылығы – спектакльдің соңы. Оқиғаның нүктесі адалдықты қадірлей алмаған Шопанның қолынан қаза тапқан Тұзардың қазасымен тәмәмдалды. Театрда кішкентай рөл болмайды, кішкентай актер болады деген қасиетті сөзді негізге ала отырып, дарынды да талантты оқушылар өз рөлдерін тамаша алып шықты. Сахналанған қойылым қызық болғаны сонша қалың көрермен күлді, жанарларына жас алды, астарлы бір ойды да түйді. Осынау туындыны ерекше дайындықпен сахналаған қойылымның режиссері Әлмұхаммед Алдажаровқа үлкен алғыс білдіремін, - дейді оқушылар сарайының директоры Меруерт Әбдіқалықова.