Kyzylorda-news.kz. Баламен жұмыс істеу – ең күрделі мәселе. Бүлдіршіннің бойындағы барлық білім мен тәрбиенің іргетасы балабақшада қаланатындықтан бұл тәрбие орнындағы әрбір қызметкер қабілетті, жауапты әрі терең білімді болуы қажет. Бүгінгі біз сөз еткелі отырған балабақшада аталған мәселе оң шешімін тапқан десек болады. Яғни, бұнда жоғары білімді, тәжірибесі мол мамандар балғындарға тәлім береді.
«Бала жас шыбық сияқты, оны енді ғана гүлдеп келе жатқан сәтінде қалай баптап, суғарсаңыз кейін нәтижесін өзіңіз көресіз. Біз ата-аналардың үмітін ақтауда және еліміздің ертеңгі ғалымдары мен спортшыларын, ұстаздары мен дәрігерлерін, өзге де түрлі кәсіптің тұтқасын ұстар азаматтарды тәрбиелеп шығуда жастық жігеріміз бен бойда бар білімімізді аямаймыз», – дейді «Гауһар Тас» балабақшасының қызметкерлері.
Әйтеке би кентіндегі «Гауһар Тас-1» балабақшасы 2014 жылдың маусымның екінші жұлдызынан бастап жұмыс жасайды. Балабақша меңгерушісі Жазира Айтуған балалардың жан-жақты қорғалған үйлесімді тұлға болып қалыптасуына жағдай жасауда. Балабақша ұжымының жақсы жетістіктерге жетуі, әрбір тәрбиешінің ізденімпаздығы мен еңбегінің арқасы. Алғашқы жылдары екі топта 50 бүлдіршін болса, 2017 жылы балабақша үлкейіп, 3 топта 75 орынға көбейді. Бүгінгі таңда 70 бала тәрбиеленуде.
Тәрбие ошағында 26 жұмысшы-қызметкер бар. Оның 12-сі педагог мамандар, 7-уі жоғары білімді, 5-уі орта арнаулы білімді қызметкер. Баламен жұмыс жасайтын жандар өз ісін жақсы білетін бірінші, екінші санатты мамандар. Балабақша ұжымның әрбір қызметкерлерінің міндеті – күнделікті тәрбиеленуші бүлдіршіндерге бақыт сыйлау.
«Үйренер нәрсең – білім мен мейірімділік» деп Жүсіп Баласұғын айтқандай, балабақша ұжымы әрбір күнін ізденіспен өткізеді. Бізде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы бойынша оқу-тәрбие жұмыстарың қазақ тілінде жүргізеледі. Қазірге дейін балабақшамыздан 8 рет қоштасу іс-шарасын жасап, 200 бүлдіршінді мектепке аттандырдық. Мектепке барған бүлдіршіндеріміздің жетістіктері өте көп, оқуда озат. Балабақшамыздың жетістіктері де аз емес», – дейді меңгеруші Жазира Өмірбекқызы.
Ұжым 2017 жылы «Бақытты отбасы» жобасы аясында «Болашағымыз – бірлікте» атты аудандық байқауда «Ең үздік сахналық киім» номинациясымен марапатталды. 2018 жылы «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында «Көзайым» аудандық би бийқауында 3 дәрежелі диплом иеленді. 2019 жылы «Ұлы дала ұрпағы» балалар байқауында ерекше көзге түскен «Сұңқар» және «Сүңгір» би тобы марапатталды. 2020 жылы «Мәңілік ел алыптары» республикалық рухани-потриоттық байқауда балабақша бүлдіршіндері 1 дәрежелі диплом алды. Жетекшісі аға тәрбиеші Жанат Жұбанова «Үздік тәрбиеші» төсбелгісін кеудесіне тақты. 2021 жылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған «Дарын» республикалық жас өнерпаздар байқауында бүлдіршіндер 1 дәрежелі дипломмен марапатталды. Балалар жылы аясында өткен «Өлкенің гүл жайнаған балғындары» атты іс-шарада «Балбөбек» би тобы үздік деп танылды. Осы жылы аудан әкімі балабақша бүлдіршіндерін өнер көрсеткені үшін марапаттады. Биыл мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының арасында ұйымдастырылған «Ойын – бала әрекетінің негізгі түрі» тақырыбындағы аудандық ашық есік күнінде жоғары іс-тәжірибесімен бөліскен, педагог-тәрбиешілер және психолог «Алғыс» хат иеленді. «Қазақсатан үміті» республикалық конкурсқа қатысып, өнерін паш еткен бүлдіршін Нұрсилла Ерболқызы бірінші дәрежелідипломмен марапатталды. Жуырда ғана 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балдәурен» аудандық би бауқауында «Балбөбек» тобы марапатталды.
«Әр жылдар аралығында балабақшамыздың педагог тәрбиешілері өз білімдерін тереңдетіп, шыңдатып көптеген сертификаттар алуда. Аудандық, облыстық байқауларға, сайыстарға қатысып, жоғарғы орындарды иеленіп, «Құрмет громотасы», «Диплом» иеленді. Әріптестерім әлі талай тәрбиеленушіні тәрбиелеп ұядан ұшырады деген сенімдемін», – дейді Жазира Өмірбекқызы.
Отандық білім берудің алдындағы жаңа міндеттер мен талаптарды орындау барысында, балалар бақшасына деген сұраныстың жоғарлауына байланысты, елімізде көптеген мектепке дейінгі ұйымдар ашыла бастады.
Осы орайда Әйтеке би кентінде құрылтайшы Айтуған Жазира Өмірбекқызының бастауымен 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, ЖШС «Гауһар Тас-2» балабақшасы ашылды. Бұнда екі топта 50 бүлдіршін бар. Оқу-тәрбие жұмыстары мемлекеттік тілде жүргізіледі. Алты жыл ішінде 300 балапанды тәрбиелеп, балабақшадан қанат қақты.
Балабақшада қажетті құралдармен, ойыншықтар толық жабдықталған. Оқу, ойын және ұйықтау бөлмелері, асхана, дәрігерлік кабинет бар. Ұжымды ұйытып, ауызбіршілікте ұстап отырған жас болса да іскер басшы атанған Тұрсынай Ешмағанбеттің еңбегі ерекше.
«Ұжым келешек ұрпақтың тәрбиелі болып өсуіне қызмет етуде. 23 қызметкер жұмыс жасайды. Тәрбие отбасынан басталатындықтан қашанда алдыңа келіп отырған тәрбиеленушілердің ата-анасымен жете танысып, үнемі қарым-қатынаста болуды тәрбиешілеріме басты мақсаты ретінде айтып отырамын. Мен еңбек еткен 5 жылдың ішінде жинаған тәжірибемді жас мамандарға үйретіп, үнемі қолдау көрсетіп отырамын. Қазіргі таңда 4 тәрбиеші 1 әдіскер, 1 ән жетекшісі бар. Балабақша бақыт баспалдағы болу үшін тәрбиешінің қосар үлесі мол. Тәрбиеші мамандығының қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Педагогтарымыз жылдан-жылға өз білімдерін шыңдап, біліктіліктерін аттыруда. Әр квартал сайын балалардың білімдерін тексеріп мониторинг өткізіп отырамыз. Жалпы стандартқа сай жұмыс толық өз деңгейінде атқарылып жатыр. Жетістіктерімізде жетерлік. Оларды атап айтатын болсақ, «Қазақ тілі» Қазалы ауданы бойынша қоғамы» қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен ұлтымыздың тұрмыс салт-дәстүрін насихаттау мақсатында өткізілген «Ана тілім – арым, салт-дәстүрім – бағым» атты байқауда бірінші дәрежелі дипломмен марапатталдық», – деді бізді жетістіктер қоржынымен таныстырған Тұрсынай Батырбекқызы.
Бұдан бөлек «Жеті Өнер» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен М.Әуезовтің 155 жылдық, Р.Бағланованың 100 жылдық мерейтойларына арналған IV республикалық рухани патриоттық байқауына қатысып І дәрежелі дипломант атанған. Қызылорда облысының Білім Басқармасының 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай балабақша меңгерушісі басқарма басшысынан «Алғыс» хат иеленді. Өткен жылы аудандық жеке балабақшалар арасында ұйымдастырылған «Өлкенің гүл жайнаған балғындары» атты мерекелік шарада ерекше өнер көрсеткені үшін тәрбиеленушілер аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізілген «Балдәурен» аудандық би байқауының аймақтық іріктеу кезеңінде «Гауһар Тас-2» би тобы жүлделі үшінші орын иеленді.
«Балабақшамыздың жақсы жетістіктерге жетуі, әрбір тәрбиешінің, ұжымның өз еңбегінің нәтижесімен, жаңалығымен біліктілігі мен білімдерінің арқасы деп білемін. Тәуелсіз еліміздің бақытты балдырғандарына білім тәрбие беруде балабақша ұжымы жаста болса біршама жетістіктерге қол жеткізді. Педагогтарымыз үнемі, шығармашылық ізденіс жолында. Ата-аналар пікірінше біздің «Гауһар Тас-2» балабақшамыз «балалардың саялы мекені». Балабақша келешек, ел басқарар, жер-суына иелік етер, ел-халқын гүлдендірер, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды шыңдап өмірдің ең басты сатысын қалайтын киелі ұя. Біз осы атқа лайықты болу үшін жастық жігеріміз бен күш-қуатымызды сарп етуге әрқашан дайынбыз», – деп әңгімесін түйіндеді ЖШС «Гауһар Тас-2» балабақшасының меңгерушісі Тұрсынай Батырбекқызы.