Kyzylorda-news.kz Жаймашуақ жаз айлары көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын мезгілдің бірі. Әсіресе, 9 ай білім алып, мектептің бір сыныбын артқа тастаған оқушылар үшін көңілді шақ. «Адамның бір қызығы – бала деген». Әрбір жанның жүрек түкпірінде, көңіл қалтарысында жүретін өмірлік қағида бұл. Себебі, біздің өміріміздің мәні де, сәні де – бала. Бүлдіршіндердің сыңғыр күлкісін есту біз үшін үлкен бақыт. Жаз маусымында білімгерлер демалысқа шыққан алғашқы күннен елімізде жазғы тынығу лагерьлері өз жұмысын бастады. «Жаз жайнатып, күн күлдіріп біз лагерьге барамыз», - деп, оқу жылын аяқтаған балалар балалық шақтың балдай сәттерін тынығу лагерьлерінде өткізіп, балалық естеліктерін шаттық пен мерекеге толтырады. Біз де балалардың қуанышты сәттерін бөлісіп, аудандағы «Тау самалы» тынығу лагерінің бір күндік жұмысының куәсі болып қайттық.

 Салауатты өмір салтын ұстанатын лагерь ұжымы таңертеңгісін балаларға жаттығу жасатып, спортқа баулиды екен. Одан әрі таңғы асын ішкен балалар, аулаға шығып алаңсыз көңілді демалысқа кіріседі. Төрт топқа бөлінген 80 оқушыны аға тәрбиеші мен 4 көмекші тәрбиеші қадағалап, қызықты тапсырмаларды беретінін аңғардық. Алдымен әр топтаға балаларды түгендеген аға тәрбиеші баланың бойындағы патриоттық сезімді нығайта түсу мақсатында мемлекеттік Әнұранды ойнатып, балалар оны тікесінен тік тұрып шырқап шықты. Баланың демалыс орнында да Әнұран шырқап, елге деген құрметін ешқашан естен шығармайтыны еріксіз жанымызға қуат сыйлады. Одан әрі балалар флешмоб билеп, көңілді демалып, жанын әнге, сылдыр күлкіге тойдырып, әртүрлі іс-шаралар мен спорттық ойындар өткізді. Лагерь демалушыларына әртүрлі ойындар ойнатылып, көптеген жарыстар, тақырып бойынша тапқырлық, сөзжұмбақ сайыстары ұйымдастырылып тұрды. Бір мезгіл балдырғандар сурет салып, сахналық қойылым қойды.

-Күн сайын жоспарға сай таңертеңгілік жаттығулар, ертеңгіліктер, сайыстар өткіземіз. Тәрбиешілер әр күнге белгіленген түрлі мерекелік іс-шараларды ұйымдастырып, балғындардың демалысы қызыққа, қуанышқа толы болуына бар күш-жігерін, өнерін аямай жұмсауда. Жалпы, лагерьде бір ауысымның ұзақтығы 10 күн. Бір ауысымда 80 бала қамтылады. Жеті ауысымға 560 бала қамтылған. Негізінен біздің тынығу лагеріне көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары тегін келеді. Айта кететін бір жәйт, бала жаңа ортаға бірден бейімделе алмайды. Алғашқы үш күнде үйіне қайтқысы келіп, ата-анасын сағынуы қалыпты жағдай. Бірақ сол басында үйіне қайтқысы келген балалар, 10 күн өткен соң қоштасу кешінде лагерьді қимай, көңілдері босайды. Сондықтан, ата-аналар да алғашқы екі-үш күнде баланың көңіл-күйіне қарап шешім шығармай, кішкене сабыр сақтаса деймін, - дейді лагерь директоры Бағлан Момынханов.

Иә, жайдарлы жаздың ерекшелігі де осында. Жаз айының әр күні мейрам демекші өскелең ұрпақтың қызыққа толы ұмытылмас естеліктері осындай жазғы демалыс лагерлерінен басталатыны даусыз. Ал, ол демалысты ұтымды ұйымдастырып, баланы жалықтырып алмас үшін аянбай еңбек ететін тәрбиешінің орны бір төбе.

-Демалуға келген балалардың денсаулығын күнделікті медбике бақылап, олармен сауықтыру іс-шараларын жүргізеді. Демалушылардың сапалы тамақтануы да назардан тыс қалған емес. Арнайы бекітілген ас мәзірі бойынша бес мезгіл тамақ беріледі. Сондай-ақ, баланың демалысын қызықты өткізу үшін «Жасыл табан», «7 Арал», «Су патшасы – Сүлеймен», «Кім тапқыр?», «Геннис жолы» сынды сайыстар ұйымдастырамыз. Ол ойындарға балалар белсене қатысады. Лагерьдің артықшылығы да осындай көңілді кештердің көптеп ұйымдастырылуында, - дейді лагерьдің аға тәрбиешісі Дархан Ыдырысов.

Байқасақ, балалардың демалысы қаншалықты көңілді өтіп жатқаны жүздерінен көрініп тұр. Өйткені, олардың сапалы демалуына барлық мүмкіндік жасалған. Таудың етегі, салқын таза ауа, емін-еркін ойнауға арналған кең аула, шомылуға арналған қауыз бен монша, футбол ойнауға жасыл алаң, баскетбол, баллейбол алаңы қамтамасыз етілген.

-Менің тынығу ларіне алғаш келуім. Өзіме ұнады, жаңадан достар таптым. Тәрбиеші апайлар күнде түрлі ойындар ойнатады. Әсіресе, «Жасыл табан» ойыны маған қатты ұнайды. Сондай көңілді. Суға шомылып, доп ойнаймыз. Тағамдары да өте дәмді. Келесі жылы ата-анамнан осы лагерьге тағы да жіберуін сұраймын, - дейді демалушы балғын Заңғар Ержанұлы.

Осы ретте айта кетейік, аудан көлемінде балалардың жазғы тыны­ғу мекемелері өз жұмысын бастамас бұрын жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық бас­қарма мамандары мен аудандық прокуратура өкіл­дері бірнеше кемшілікті анықтап, тиісті ескертулер жасағанын айтады.

Нақтылап тоқталсақ, Құттықожа баурайынан қоныс тепкен, жарты ғасырдан астам уақыт жеткіншектердің құтты мекені болып келе жатқан «Тау самалы» тынығу лагері аумағында айнадай тазалықтың жоқтығын айтудың өзі ұят. Демалыс мекенінің корпустарының кейбірі толық жабдықталмаған, жатақханада жарық толықтай шешілмегені анықталған. Ал лагерь басшысы Бағлан Момынханов бұл кемшілікті түзетіп жатқанын сөз етті.

– Балалардың жазғы демалысы жақсы өтуі үшін лагерь айналасы тазартылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жататын орын, арнайы корпустары мен асхана талапқа сай қамтылды. Ағаш бұталарының артық жерлері кесіліп, әктелді. Ойын алаңдары мен сахналық кешен дұрысталды. Балаларды қабылдауға әзірлік жасалуда, – деді ол.
Лагерь аймағын залалсыздандыру бойын­ша «Ұлттық сараптама орталығы» аудандық филиалымен келісім шарт жасалыпты.

Ашығын айту керек, мұндағы өзекті мәселе – бала дәрігерінің штаты қаралмаған. Тынығу жайында әрбір баланың жеке бас амандығы маңызды. Демалыс кешенінің бала жанынан табылуға тиіс дәрігермен қамтыл­мауы көңілге қонбайды. Осы мәселені түбегейлі шешуде аудандық емхана мен лагерь арасында жұмыс жүріп жатыр екен.
Айта кететіні, «Тау самалы» лагерінде өзекті мәселенің бірі – монша болатын. Мәселеге аудан басшылығы мән беріп, шешіп берді. Тағы бір жаңалық стритбол ойын алаңы да тынығушы қауымның уақыт өткізетін орнына айналды.

Биыл «Тау самалы» лагері маусым айының бірінен бастап әр он күн сайын 75 баладан қабылдайды. Лагерь жеті лекпен қабылдайты­нын ескерсек 525 баланың тынығуына мүмкіндігі бар. Оларға 7 тәрбиеші қызмет көрсетеді.
Жалпы 2024 жылы аудан бойынша 18 мың­нан аса оқушы жазғы сауықтыру шаралары­мен қамтылуы жоспарлануда. Оның – 15 370-і лагерьге барады. Аудан мектептерінде 1-20 маусым аралығында күндізгі тынығу лагері ұйымдастырылады. Бұл жөнінде аудандық білімі бөлімінің тәрбие істері жөніндегі бас инспекторы Мира Жандарбекова:

– Жылда жазғы тынығу лагеріне қатысты ата-аналардың арыз-шағымын қараймыз. Бірі тамақ құнарсыздығына шағымданса, бірі ұйымдастырушылық іске көңілі толмай жатады. Сол себепті биыл лагерьді таңдағанда келісім шартқа қол қоярда жан-жақты талқылап алғаны абзал. Ата-ана өз баласының жан-жақты жағдайына сергек қараса көп шағым да болмайды, – дейді.

Мектеп жанынан ұйымдастырылған тынығу лагерьлерінің дайындығын білу үшін аудан орталығында орналасқан №110 мектеп-лицейі директоры Фарида Ниязованы сөзге тарттық. Оның айтуынша, 1-4 сыныптан 50 бала екі лек бойынша қамтылады. Оқушылардың әр күні қызықты өтуі үшін денешынықтыру, музыка және сурет пәнінің мұғалімдері қызықты жобалар әзірлеуде.

Өткен жылы осы мекемеге аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқарма мамандары мен аудандық прокуратура өкілдері тексеру жүргізгенде қоқыс жәшігі қойылған аймақтың үш жақтама қоршалмағаны сын болған еді. Осы олқылықты қалпына келтіріп жатқан лагерь ұжымы биылғы жазғы тынығу жұмысына сақадай-сай екендіктерін айтты. Тау баурайында жасыл желекке көмкерілген тынығу лагерінде «Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру» мекемесі талапкерлерді тестке дайындаудың соңғы апталығын өткізіп жатыр.

«Талдысу» лагері биылғы жазғы сауықтыру маусымына үлкен дайындықпен келіп отыр. Материалдық базасы жаңарып, техникалық қауіпсіздігі, санитарлық тазалығы ескерілген. Бүгінде лагерь аумағында балалар үшін 12 түрлі бағытта үйірме жұмыс жасайды. Алдағы уақытта робототехника, IT жобалар және шет тілдерін меңгеруге қызығушылық танытқан балаларға арналып қосымша үйірмелер ашу көзделуде. Сондай-ақ, лагерьдің басты ерекшелігі – балалардың табиғи қорықтарға саяхаттап, экскурсия жасауына жан-жақты жағдай жасалған.

«Талдысу» облыстық олимпиадалар қосымша білім беру орталығының директоры Елдос Жұмаділлаұлы:

– Оқушылардың тамаша табиғат аясында тынығуы үшін жылдар бойы легерьдің айналасын әсем гүлзарлар мен жасыл желекке айналдырып келеміз. Біздің лагерь тау етегінде болғандықтан ауасы таза, ерекше табиғатқа бай. Сондықтан болар, жылына кем дегенде жеті маусым бойы демалушылар үзілген емес, – дейді.

Орталықта баланың еркін тынығуына барлық жағдай жасалған. Жайлы жатын орыннан бастап, тамақтануы, демалысы, үйірмелер, мол қоры бар кітапхана, түрлі саяхаттық сапарлар, ауладағы аспанасты көрмелері әрбір оқушының танымдық көзін ашады, ерекше әсер сыйлайды. Бұл орайда, орталық директорының ұйымдастырушылық қабілеті, өрендерді жақсы істерге баулу мақсатындағы ізденістері, іскерлік шеберлігі нәтижесін беріп келеді.

Айта кетейік, мұндағы өзекті мәселе – уческелік полицейдің жоқтығы. Биыл 2100-ден аса бала қабылдауды жоспарлап отырған лагерьдің тәртібін күзету өзекті іс. Әр аймақтан жасақталған өрендердің арасында туындайтын қақтығыстардың алдын алу мұң болып тұр. Бұл мекемеде 13-ке жуық тәрбиеші маман қызмет еткенімен күндіз-түні кірпік қақпай тыныштық күзету мүмкін емес. Бұл туралы тәрбиеші Гүлжан Саттарова да қуаттады.

– Әр аймақтан келген балалардың бір ортаға ұйысуы қиынға соғатын кездер көп. Әр үйдің еркесінің ереже бұзып, кикілжіңге ұласатын кезі болады. Осындайда тәртіп сақшыларының көмегіне мұқтажбыз. Біздің қалауымыз, осы мәселе орынды шешім табуы керек, – деді ол.

Біз де шалғайдағы ағайынның талабын жасырмай, жауапты органнан жауап болар деген үміттеміз.

«Байкен-U», «СКЗ-U», «Қызылқұм» сияқты ірі кәсіпорындар және жеке кәсіпкерлер демеушілігі арқылы Түркістан облысындағы «Машат», «Адем», «Біргөлек», Қызылорда қаласындағы «ORDA», «Саяхат» лагерьлерінде демалушы балғындар саны артып келеді.

Қазақстан Республикасы Оқу ағарту министрлігімен жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын бірыңғай бағытта ұйымдастыру мақсатында әзірленетін тұжырымдамасын негізге алып, «Жайдарлы жаз» бағдарламасы шеңберінде аудандағы қосымша білім мекемелері жұмыс жасайтын болады. Әлшекей атындағы, Бесарық, Түгіскен балаларға арналған өнер мектебі және аудандық Оқушылар үйінде жазғы мезгілде «3D-модельдеу», «Робототехника» т.б 25 үйірме жұмыс жасап, онымен 720 бала қамтылады.

Мектеп қабырғасындағы оқушыларға жазғы демалыс үшін лагерьге жолдама беріледі. Жолдамаға ие болғандар жолға шығып, жаңа ортаны жатсынбай қабылдауды үйренеді. Лагерь – жаңа таныстықтың мекені, мәнді мәдениеттің ошағы, бірнеше білім ордасының оқушылары бас қосатын орта. Қызықты сәттердің ордасы, жаныңа жақын құрбы-дос тауып, емен-жарқын араласып, әзілдесіп, өнер жарыстырып, одан қалды қызықты ойындармен кеш батыру – лагерьдегі жазғы демалыстың жарқын кезеңдері. Түрлі тентектіктің, еркеліктің, ісмерліктің, шеберліктің көрініс табатын, жастықтың лебі есетін лагерьде көптеген қызықтың да, шырғалаң шыжықтың да орын алатыны сіз бен бізге мәлім. Сондықтан да әр баланың қауіпсізігін басты назарда болуы маңызды.

Хош. Лагерь тынысына қайта оралсақ. «Су патшасы – Сүлеймен» тақырыбында сахналық қойылым қойған тәрбиешілер мен демалушылар өз рөлдерін жоғары деңгейде алып шықты. Демалушылардың уақытын қызықты өткізу мақсатында ұйымдастырылған қойылымның соңы балаларды сергітуге ұласып, жасөспірімдер топқа бөлініп бір-біріне су бұрқап ойнады. Көзбен көрген кісінің көңілін еріксіз көтеретін көріністерге куә болған біз де жазира пейіл мекенінен балалық шаққа саяхат жасап қайтқандай күй кештік.

 

Айсұлу Алданазар

Тағы да оқыңыз: