Kyzylorda-news.kz Облыс орталығында 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Бақытты шақ – балдаурен» атты мерекелік кеш өтті. Салтанатты шараға М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің үйірме өнерпаздары қатысты. Шараны Титов шағын ауданындағы М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің директоры Молдашев Манас Батырбекұлы ашып, бүлдіршіндерді мерекесімен құттықтап, ата аналар мен ұстаздарға, сондай-ақ, жергілікті тұрғындарына өз алғысын білдірді.
Мерекелік кеште «Бозторғай» хор, «Сандуғаш» және «Ақбаян» ән үйірмелері мен дәстүрлі өнерді насихаттайтын «Тәлім» жыр терме, «Балбұлақ» домбыра үйірмелерінің өнерпаздары өнер көрсетті. Сонымен қатар Ә.Молдағұлова атындағы №173 орта мектептің тынығу лагерінде демалушы оқушылар және «Ақ білек» балабақша бүлдіршіндері қатысып, өз өнерлерін паш етті. Үйірме өнерпаздарының мерекелік концертін тамашалауға келген Титов және Гагарин аймағының жас бүлдіршін тұрғындарына М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің ақылы қызметінен түскен қаржыға балмұздақтар таратылды. Балалар күніне орай ұйымдастырылған шарада ұйымдастырушылар 200-ге жуық балаға мерекелік көңіл-күй сыйлады.