Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі және «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорымен бірлесіп 1-6 желтоқсан аралығында Астана қаласында «Тең мүмкіндіктер» балалар инклюзивті спорт фестивалін өткізуді жоспарлап отыр.
Осы бағытта Партияның Орталық аппараты жанындағы Саяси менеджмент мектебімен жиын өтіп, дайындық жұмыстары пысықталды.
Жалпы партияның «Халықпен бірге!» деп аталатын Сайлауалды бағдарламасында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолдау көрсету, олардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға айрықша көңіл бөлінген. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырылатын фестивальдің мақсаты: ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың дені сау құрдастары арасындағы достық байланыстарын нығайту, олардың әлеуметтік белсенділігін, сенімі мен өзара сыйластықтарын арттыру.
Жиыннан соң партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова білім, спорт, денсаулық сақтау секілді жауапты басқарма өкілдерімен бірге фестивальге қатысатын командалардың жол жүру, тұру, тамақтану, балалардың қауіпсіздігі секілді мәселелерді талқылап, шешу жолдарын нақтылады.