Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев Тереңөзек кентінде орналасқан «Айгөлек» балабақшасының ұжымымен кездесті.
«Айгөлек» балабақшасында 20-дан астам қызметкер жұмыс жасап, 50 бала тәрбиеленуде. 2022 жылы балабақша ғимараты қатты отыннан, көгілдір отынға қосылып, жұмыс жасауда.
«Балабақшада берілген тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы әрі жан – жақты тәрбиемен дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын, ал тәрбиеші – сол балабақшаның жүрегі, яғни, Сіздердің қолдарыңызда баланың тағдыры тұрады. Бұл мамандықтың қыры да, сыры да сол – күн сайын көз алдарыңызда өсіп, дамып келе жатқан жас ұрпақпен жұмыс істеу. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін»,-деді аудан басшысы кездесу барысында.
Бала тәрбиесімен тікелей айналысып отырған ұжым қызметкерлері де өз кезектерінде бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
– Қазіргі уақытта балаларды балабақшамен қамту мәселесі аудан бойынша жолға қойылған. Халық баласына сапалы білім берудің баспалдағы қаланатын балабақшаның материалдық базасы кеңейгені дұрыс. Әркез сала мамандарына қолдау көрсетіле бермек. Бұл ретте, жаман мамандарды жұмыс тарту мәселесі назардан тыс қалмағаны орынды. Себебі, тәжірибелі кадр дайындауда үлкен жауапкершілік керек. Сондықтан біз балаларын сеніп тапсырған ата-аналар алдында сапалы қызметімізді көрсеткеніміз дұрыс. Әрине, білім саласында өзекті мәселелер көп. Балаларды жеке меншік балабақшалар да, тәрбиелеу үстінде. Барлық балабақшаның жұмысы білім саласының стандарттық ережесіне сай болғаны дұрыс деп есептеймін. Алдағы уақытта балабақша қызметкерлерінің жағдайын жақсартуға мемлекеттен қолдаулар болатынына сенеміз, – деді аудан басшысы.
Кездесуден кейін аудан әкімі балабақшаның жалпы жұмысымен танысып, балаларға берілетін тағамдардң күнделікті мәзірімен және қоймалардағы, асханадағы азық-түліктердің сапасын көріп шықты.
Жалпы, Сырдария ауданы бойынша 30 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жұмыс жасауда, онда 2050 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 17 мемлекеттік балабақша-1450 бала, 7 жеке балабақша-385, 6 шағын орталық-215 бала тәрбиеленуде.