Kyzylorda-news.kz Біздің ойлау жүйемізді дамытып, шешім қабылдау қабілетімізді жетілдіретін математика пәні ғылымы – тек сандар мен есептерден құралмайды. Бұл пәннің маңыздылығы соншалық, ол біздің күнделікті өмірімізде де, ғылыми зерттеулерде де, технологиялық инновацияларда да кездеседі. Математика пәнін оқыту арқылы оқушылар логикалық және сыни тұрғыдан ойлау және проблемаларды шешу дағдыларын дамыта алады. Қалалық білім бөліміне қарасты Мұстафа Шоқай атындағы №187 ақпараттық технология мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Ақжан Ахатай – математиканы IT саласымен біріктіріп оқытып жүрген новатор ұстаз, педагогика ғылымдарының магистрі. Ерекше тәсілмен оқытудың арқасында оқушылар қиын есептерді оңай түсініп қана қоймай, байрақты бәсекелерде еліміздің атын халықаралық додаларда танытып жүр. Кейіпкеріміз еліміздегі мектептерде ІТ саласын дамытуға көп мүмкіндік берілгенін айтады.
– Соңғы он жылдықта ІТ саласы қарқынды дамып келеді. Мүмкіндіктер шексіз дер едім. Себебі қазір ең нашар деген мектептердің өзі толыққанды компьютерлер, электронды тақталар және интернетпен қамтамасыз етілген. Ендігі кезекте информатика пәні мұғалімдері ғана емес барлық педагогтар ақпараттық технологияларды, бағдарламаларды меңгере түсуі қажет. Бүгінгі күні инновациялық әдістер мен ақпараттық технологияларды қолдану арқылы оқушының ойлау қабілетін арттырып, ізденуін дамытып, қызығушылығын ояту, белсенділігін арттыру – ең негізгі мақсат. Осы орайда мен қызмет ететін Мұстафа Шоқай атындағы №187 ақпараттық технология мектеп-лицейінде «ІТ математика» пилоттық жобасы бастау алды. 2023 жылы мектебімізге жоба аясында атқарылып жатқан шаралармен танысу мақсатында Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, математик, профессор, физика-математика ғылымдарының докторы Жұмаділдаев Асқар Серікұлұлы келіп, батасын беріп кеткен еді. Одан бөлек «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру мақсатында мектебімізде «Bala QR» жобасы жүзеге асуда және Қызылорда облыстық «Ақпараттық технологиялар орталығы» қолдауымен «Grand Master бағдарламалау мектебі» арасында ақпараттық технология бағытындағы жұмысты жетілдіруде бірлескен жұмыс жүруде. ІТ мектеп-лицей ұстаздарын ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін оқу-тәрбие үдерісінде тиімді пайдалану үшін тәжірибелерін тарату мақсатында дайындалған авторлық бағдарламалары «Толықтырылған шындық» AR мобильді қосымшасы арқылы «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында өткен педагогтардің облыстық тамыз кеңесінің шығармашылық көрме алаңында таныстырылады. Мектеп оқушылары «Smartlab» бағдарламалау үйірмесінде IT программалау тілдерін меңгеру арқылы заманауи веб парақшалар дайындап, видео контенттер жасап, «Робототехника» үйірмесінде оқушылар лего конструктормен жұмыс істей отырып, 3D үйірмелерінде 3 өлшемді графиканы, анимацияның 3D графикасында көрсетілуі және виртуалды әлем бойынша тур жасау әдістерін үйренуде, – дейді білімді жас маман.
Қайсыбір ұстаздың білігі шәкірт білімімен сараланады емес пе? Кейіпкеріміз қазіргі таңда оқушылардың математикаға қызығушылығы басым екенін ерекше атап өтті. Әсіресе, заманның жаңа саласы ІТ мамандығын игеруді көздейтіндер мамандықтың математика, информатика сынды пәндермен тығыз байланысты екенін ұққан.
– Негізі, оқушыларды байқауларға қатыстырып олардың бойына сенімділік ұялата білу – басты мақсатым. Тек математика деп тоқтап қалмай, кез келген саладағы байқауларға қатыстырамын. Олардың жемістері де аз емес, өзіме ыстық болған алғашқы жетістіктеріме тоқталсам, 2023 жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІ кезеңінде математика пәні бойынша Ханшайым Қалыбек алғыс хат, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Физика және математика» кафедрасының ұйымдастыруымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдығына орай облыстық ғылыми зерттеу жобалары байқауында «Жас зерттеуші» номинациясымен Бекарыс Шамшатдинов І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ «Дарын» РҒПО ұйымдастыруымен өтетін ғылыми жобалар, пәндік олимпиадалар және басқа да «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» және тағы басқа додалардың қалалық, облыстық, тіпті республикалық кезеңдерінен жүлделі орындар иелендік. Мектеп тарихында үлкен жетістіктердің бірі – оқушым Ерболат Сәкен «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың республикалық байқауында «Компьютерлік графика және 3D модельдеу» номинациясының жеңімпазы атанып, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ІІ дәрежелі дипломымен марапатталды. Өзім үшін жетістіктің бірі – «Қазақстанда STEAM білім беруді дамытудың жол картасы шеңберінде» «Jana Talap» атты сертификатталған STEM тренерлерді даярлаудың халықаралық Қазақстан-Тайланд оқыту бағдарламасы бойынша 4-деңгейлі «Республикалық STEM тренер» мәртебесі бойынша оқуды сәтті аяқтап, сертификатталған тренер ретінде өз тәжірибеммен бөлісіп «Сабақта STEM оқыту әдістерін тиімді қолдану арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру» мақсатында облыс көлемінде мұғалімдермен семинар-тренингтер өткіземін, – деді оқушыларының жетістігімен бөліскен ұстаз.
Новатор ұстаздың айтуынша, биылғы оқу жылының басты жаңалығы – мұғалімдердің ЖИ (жасанды интеллект) қолдануы екен. Олар оқушыларды сабаққа қызықтыра білумен қатар оқу материалдарын түсіну оңай болу үшін ұстаздар қауымы жан-жақты заманауи технологияларды қолдануға тырысады.
– Мен көбінесе STEAM технологиясын қолданамын. Ол жаратылыстану пәндерінің интеграциясы, яғни бір математика сабағының өзінде информатика, химия, физика сынды пәндердің ұғымдарын қолдана отырып, есептер шығарамыз. Біздің мектеп былтырғы оқу жылында Қазақстанда STEAM-білім беру бағытын дамыту жол картасының аясында «STEAM Mektep Advancement» атты мектептерді сертификаттау бағдарламасынан өткені үшін «Сaravan of Knowledge» КҚ және ҚР Оқу-ағарту вице-министрінің республика бойынша арнайы дипломы табысталған 19 мектептің қатарында болды, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Білім алу жолында әуелі баланы сол пәнге қызықтыру маңызды. Қызығушылығы бар балаға оны терең меңгеруге, зерттеуге тырысады. Бұл ретте жас маманнан баланы қызықтыру әдісін сұрадық.
– Бұл – әріптестерімізбен ең көп талқылайтын мәселелеріміздің бірі. Математика пәніне қызықтыра білу екі есе күшті талап ететіндіктен, әр сабақты бір-біріне ұқсамайтындай өтуге тырысамын. Көбіне оқушыларды топқа бөліп, математикалық платформаларды, ЖИ қолданып тапсырмалар беремін. Жекелей де, жұп болып та деңгейлік тапcырмаларды орындайды. Кейде үй тапсырмасына қосымша тақырыпқа сай фильмдерді көруге ұсынғанымда балалардың қуанғанын сөзбен жеткізе алмаймын. Оқушылардан жаттанды білімі бар құлтемір емес, өз сыни пікірі бар шығармашыл тұлға шығару – басты мақсат. Сол үшін, мектепте сабақ жоспарлауда шығармашылық тапсырмалар қосудан бөлек сабақтан тыс іс шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Мысалы, математикалық квест, үздік ІТ жобалар конкурсы, өнертапқыштар конкурсы және мектепішілік олимпиадалар сынды түрлі бағыттағы сыныптан тыс жұмыстарды жиі өткізіп тұрамыз. Математика пәнін оқытуда қосымша материалдар мен ресурстар қолдану оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, материалды жақсырақ игеруіне көмектеседі. Мектебімізде математика, информатика және физика бірлестігінде ай сайын Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Физика және математика» кафедрасының оқытушы профессорларымен бірлескен әдістемелік жиындар өтіп отырады. Жоғарғы оқу орнында да пайдаланатын оқыту ресурстарын сол жерде талқылаймыз. Ал мен үшін пайдалы қосымша ресурстар көп. Мысалы, «Desmos» – интерактивті графиктер құруға арналған онлайн құрал. Ол оқушыларға графикалық есептерді визуализациялауға көмектеседі. «GeoGebra» – геометрия, алгебра, статистика және математикалық модельдеуді үйрету үшін интерактивті құралдар ұсынатын бағдарлама. «Prodigy Math Game» – бастауыш және орта мектеп оқушыларына арналған математикаға негізделген ойын, ол тапсырмаларды ойын арқылы орындауға мүмкіндік береді. Одан бөлек, цифрлық өлшеуіш құралдар, цифрлық транспортир, электронды сызғыш, инженерлік калькулятор, сөйлейтін шахмат пен геометриялық ойын карталарын да сабақ тақырыптарына сай бөліп қолдана береміз. Кейде роботымызды да қасыма көмекші етіп қоямын.Бұл материалдар мен ресурстар оқушылардың математикалық ойлауын дамытуға және олардың пәнді тереңірек меңгеруіне көмектеседі, – дейді ол.
Математика пәнін үйретуде Ақжан Ахатайдың өзіндік тәсілдері де бар көрінеді. Бұл жайында ол былай деп түсіндірді.
– Математика пәнін оқытуда ең маңызды аспектілер бірнеше негізгі бағыттарға бөлінеді. Солардың тек мен үшін маңызды үш озық тәсіліне тоқталып өтейін. Алғашқысы қолдану және практика. Теорияны тәжірибеде қолдану – математиканың тиімді меңгерудің кілті. Оқушылар әр түрлі есептерді шешу арқылы, математикалық заңдылықтарды нақты өмірде қалай пайдалануға болатынын көреді. Бұл тәсіл олардың білімдерін бекітіп, нақтылай түседі. Мәселені шешу. Математиканың басты мақсаты – күрделі мәселені жүйелі түрде шешуді үйрету. Оқушыларды өздігінен ойлануға, дұрыс шешім қабылдауға және түрлі шешу тәсілдерін іздеуге ынталандыру маңызды. Интерактивті оқыту және технологияларды пайдалану. Қазіргі уақытта интерактивті құралдар мен технологиялар математиканы оқытуда маңызды рөл атқарады. Виртуалды құралдар, интерактивті тақталар мен математикалық бағдарламалар оқушылардың қызығушылығын арттырып, материалды игеруді жеңілдетеді. Осы тәсілдер арқылы математика пәніне тиімді және қызықты етуге болады, – дейді.
«Математиканы барлық пәннің атасы деп алсақ, информатиканы жас ғылыми пән екенін бәріміз білеміз» деген Ақжан қазіргі цифрлық технологиялар заманында екеуінің қажеттілігі бірдей деңгейде деп ойлайтынын айтады.
– Болашақта жастар математика және информатика пәндерін тіпті тереңдетіп оқиды деп ойлаймын. Өйткені ғылым мен технология дамыған сайын олардың қажеттілігі де арта түседі емес пе?!, – дейді Ақжан Ахатай.
Қалай десек те, дәл қазіргі сәтте ІТ саланы меңгеру заман талабы. Бұл ретте мектеп ұстаздарына да, сала мамандарына да жастарды заманауи салаға бағыттау, қызығушылығыын арттыру жауапкершілігі тұр. Ал Ақжан Ахатай сынды білімді жас мамандар бұл сенімнің үдесінен шығарына сенім мол.