Kyzylorda-news.kz Бүгінде Қызылорда облысында білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түспей отыр. Мектептер мен балабақшаларда қауіпсіз орта құру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, киберқауіпсіздікті күшейту бағытында кешенді шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ ата-аналармен, педагогтермен және құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстар қолға алынып, жас ұрпақтың алаңсыз білім алуына жағдай жасау басты міндет ретінде белгіленген. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ермахан Абдраманов және облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов айтты.
- Бүгінгі күні білім беру саласында басты назарда тұрған мәселенің бірі - балалардың қауіпсіздігі. Балабақша мен мектептердің көптеп ашылуы, жекеменшік ұйымдар санының артуы - бір жағынан балаларды қамту деңгейін арттырса, екінші жағынан қауіпсіздік пен сапаға қатысты талаптарды күшейтуді қажет етеді. Сондықтан біз ең алдымен осы бағыттағы жұмыстарға ерекше мән беріп отырмыз. Облыста 577 мектепке дейінгі ұйым мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейді. Оның ішінде 532-сі - балабақша, 45-і - шағын орталық. Барлығы 45 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде. Бұдан бөлек, мемлекеттік тапсырыссыз жұмыс істейтін 96 жекеменшік ұйым бар, оларда 14703 бала қамтылған. Сонымен қатар, облыстағы 39 жекеменшік мектепте бүгінде 15 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Мемлекеттік мектептерде 172 мыңнан астам бала қамтылған. Бұл - біздің өңірде білім беру желісі жеткілікті екенін көрсетеді. Бірақ қай оқу орнында болмасын, бірінші кезекте оқушылардың қауіпсіздігіне, қолайлы орта қалыптастыруға ерекше мән берілуі тиіс. Қауіпсіздік мәселесі – мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Мемлекеттік немесе жекеменшік ұйым болсын, басты талап - балаларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырып, сапалы білім беру. Біздің мақсатымыз - әр бала мектепке немесе балабақшаға барған сәттен бастап өзін толық қауіпсіз сезінуі. Осы жолда біз барлық қолдауды көрсетеміз және ұрпақ тәрбиесі жолында адал қызмет етіп жүрген кәсіпкерлер мен педагогтерді әрдайым қолдауға дайынбыз,- деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Жиында ең алдымен өңірдегі білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылып, мектеп пен балабақшаларда қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталынды. Бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанына да баса мән берілді
- Бала - біздің болашағымыз. Сол себепті оларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру - ең басты міндетіміз әрі азаматтық борышымыз. Бала өзін қорғалған және қауіпсіз ортада сезінсе, сенімді болып өседі, қоғамға бейімделеді. Өкінішке орай, барлығына ортақ міндет бола тұра, кейде жеке пайдасын жоғары қоятын азаматтардың кесірінен балалардың құқығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келетін жағдайлар да кездеседі. Осыған байланысты біз бұл мәселені үнемі назарда ұстап келеміз. Алайда соңғы кездері балабақшаларда балаларды тасымалдау қызметіне қатысты бірқатар мәселелер байқалуда. Атап айтқанда, 374 жекеменшік балабақшаның 106-да тасымал ұйымдастырылып келген. Әрине, ата-аналардың көбі жұмыста болғандықтан, балаларды жеткізудің мұндай қызметіне жүгінетіні белгілі. Бірақ бұл саладағы тәртіпсіздіктің салдарынан соңғы айларда екі рет жол-көлік оқиғасы тіркеліп, қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырды. Қолданыстағы заңнама бойынша балаларды тасымалдауға қойылатын талаптар өте қатаң. Бұл мәселе - біздің ерекше бақылауымызда. Облыстық білім басқармасы алдағы уақытта да балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тиісті органдармен бірлесіп қатаң шаралар қабылдайды. Біздің ең басты ұстанымымыз - балалардың өмірі мен денсаулығы әрқашан бірінші орында болуы тиіс,-деді Асқарбек Темірбекұлы.
Бұдан бөлек, балабақшалардағы тасымалдау қызметінде кездесіп отырған олқылықтар да назардан тыс қалмады. Жекеменшік ұйымдардағы көліктердің талапқа сай еместігі балалардың өміріне тікелей қауіп төндіріп отырғаны көрсетіліп, бұл түйткілді шешу үшін нақты шаралар қолға алынатыны мәлім етілді.
- Қазіргі таңда өңірімізде өзекті мәселелердің бірі - жол-көлік оқиғаларының тыйылмауы. Өкінішке қарай, жол апаттарының негізгі себебі - жүргізушілердің жолдағы жауапсыздығы. Көлік жүргізу кезінде маневр жасау ережелерін бұзу, қарама-қарсы бағытқа шығу, басып озу, сондай-ақ жаяу жүргіншілерге жол бермеу сынды өрескел заңбұзушылықтар апатқа әкеліп соғуда. Осыған байланысты жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Жыл басынан бері «Балабақша» бағытындағы рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Тек соңғы іс-шара барысында 265 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 28 көлік айып алаңына қойылды, 23 көліктің мемлекеттік нөмірі тәркіленді. Сонымен қатар, облыс бойынша балаларды тасымалдаумен айналысатын 83 көлік құралының 61-і тексеріліп, техникалық жай-күйіне байланысты 29 әкімшілік шара қолданылды. Бірақ тек жазалау шарасымен мәселені шешу мүмкін емес. Біздің ең басты мақсатымыз - балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау ,- деді Ермахан Әділханұлы.