Kyzylorda-news.kz Бастауыш сынып мұғалімі мамандығы – барлық мамандықтардың іргетасы болып табылатын ең ізгілікті, сұранысқа ие және байыпты мамандық. Педагог мемлекеттің болашағы қолында болатын жастардың дүниетанымын қалыптастырумен айналысады. Бұл мамандықты өмір салты деп атауға болады. Өйткені мұғалім барлық оқушыларының мінез-құлқын қалыптастыруға жауапты. Бірінші мұғалім түсініксіз мәселелерді шешеді және күн сайын балалардың санасында үздіксіз туындайтын көптеген сұраққа жауап береді. Әрбір шешім немесе жауап сауатты және стратегиялық тұрғыдан дұрыс болуы керек. Себебі бастауыш мектепте алған білімді адам саналы өмір бойы пайдаланады.

Бақыткүл Жақсыбайқызы кішкентай балақайлармен тығыз жұмыс істегеніне де 36 жыл болды. Бала кезден армандаған кәсібіне қол жеткізіп, қаншама белестерді бағындырды. Педагогикалық еңбек өтілінде көптеген жетістіктерімен әріптестеріне үлгі болып келеді.

– Бастауыш сынып мұғалімі мамандығының бірегейлігі бірден бірнеше әлеуметтік мәртебелерді біріктіруде жатыр. Мұғалім үшін ең үлкен қуаныш – балалар, олардың жетістіктері, олардың көпшілігімен мақтанамын да. Маған балалармен жұмыс істеу қызықты. Жасым келді деп, қол қусырып отырмаймын. Жастармен қатар заман талабына сай біліктілікті арттырып отырамын. Компьютерленген уақыт болғандықтан ба, қазіргі балалардың ойы ұшқыр. Қойылған сұраққа ойланбастан тез жауап береді. Бастауыш сатыдан бастап баланың тілін, ой-өрісін, қиялы мен шығармашылығын дамыту арқылы заман талабына сай жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру оңай шаруа емес. Қаншама ізденіс пен еңбекті талап етеді. Шәкірттеріммен бірге оқу-тәрбие процесін жаңаша ұйымдастыруға, олардың шығармашылық таным-қабілеттерін дамыта отырып, жеке ерекшеліктерін де таныта білуге күш-қуатымды жұмсаудан жалыққан емеспін. Еліміз дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарынан көрінуді мақсат етуде. Бұл мақсатқа жету үшін әрбір азаматты мектеп қабырғасынан кәсіби біліктілікке баулу қажет, – дейді Бақыткүл Әлжан.

Бүгінде Бақытгүл Жақсыбайқызы – С.Сей­фуллин атындағы №165 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Биыл төртінші сыныпқа дәріс береді.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген бар. Мектептегі білім мен тәрбие беру негізі бастауыш сыныптардан басталады. Бастауыш сынып мұғалімі – пән оқытушы ғана емес, ол – бағбан, баланың болашағына бағыт беруші, бала бойындағы қабілетінің көзін ашушы, қорғанышы деуге болады. Барлық білімнің негізі бастауышта қаланатын болса, балаға дәл осы кезде білім беріп қалудың маңызы зор. Баланы оқуға үйрету мен тәрбиелеу, оның тұлға ретінде өзін-өзі ашуға, жалпы дамуының қалыптасуына жағдай жасайтын негізгі саты. Жалпы адамның мектептегі білім алу кезеңі және тұтас педагогикалық үрдіс сапалы нәтижеге жету үшін бастауыш сыныптардағы оқу-тәрбие үрдісі қазіргі заман талаптарына сай құрылуы шарт. Сондықтан бастауыш мұғаліміне қойылар талап пен жауапкершілік те салмақты.

«Қазіргі таңдағы мұғалім оқушы үшін «дайын» білім көзі ғана болмай, керісінше кіші мектеп оқушыларының танымдық іс-әрекеттерінің ұйымдастырушысы және үйлестірушісі бола білу қажет. Ол үшін мұғалім өз бетімен білімін жетілдіре алатын, шығармашылық, сыни ойлауы қалыптасқан, қалыптан тыс кәсіби міндеттерін шешуде жаңаша жол табуға дағдыланған маман болуы қажет. Бас­тауыш сынып оқушыларының тәрбиесі, оқуы мен дамуы жайлы теория мен тәрбие таным мәселесінде қиылысады. Қазіргі балалардың таным белсенділігі мен қызығушылығын қалыптастыруға септігін тигізетін оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін білім беруде орынды пайдалансақ, ол өзінің сипатын береді, яғни оқушының жаттығу жұмысы нәтижесінде деңгейлері көтеріліп, пәнге деген қызығушылығы артады. Оқушының білім сапасы жоғарылап, логикалық ойлау мен шығармашылық іс-әрекетке қабілеті артады деген тұжырымда Бақыткүл Әлжан.

 

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

Тағы да оқыңыз: