Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданы Темірбек Жүргенов ауылындағы Әбдікәрім Оңалбаев атындағы №117 орта мектеп – ауданымыздағы алдыңғы қатарлы білім ошақтарының бірі. Мектептің тарихы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастау алады. Содан бері бұл мектепті білім беру саласына еңбегі сіңген педагогтар басқарды және білікті мұғалімдер ұстаздық етіп, бірнеше буын білімді шәкірт тәрбиелеп шығарды. 1987 жылы қазіргі екіқабатты оқу ғимараты пайдалануға берілді.

Мектепке 1992 жылы 15 мамырда Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің №527 Қаулысымен ақын Әбдікәрім Оңалбаевтың есімі берілсе, 2004 жылы 27 сәуірде мектеп алдына ақынның ескерткіші қойылды. 

Қазірде Райса Ілиас басшылық ететін бұл мектепте 311 оқушы білім алса, 70 мұғалім еліміздің келешегін қалыптастыруда аянбай еңбек етіп келеді. Олардың ішінде 64 жоғары білімді және 2 арнаулы орта білімді педагог бар, оның 13-і жоғары санатты, 25-і бірінші санаттағы ұстаздар. 

Мектеп басшысының айтуынша, бүгінгі күні оқу мен тәрбиелеу үрдісінде әдіс-тәсілдерді жетілдіру, өмірмен байланыстыруды міндеттеп отыр. Сондықтан әр мұғалім өзіндік дайындығына, ой-санасының тереңдігіне қарай ізденеді. Нәтижесінде, соңғы 3 жылда 47 мұғалім түрлі деңгейдегі білім жетілдіру курстарынан өтіпті. 

Мұғалім білікті болса, оқушы білімді болады. Шәкірттің зейінін ашып, ынтасын оятатын ұстаз. Оқушының әр жетістігі – мұғалімнің тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Мұғалім мен оқушының қуанышы – мектептің абыройы. Аталған мектепте «Бала – біздің болашағымыз» деген ұстанымды ұранға айналдырған педагогикалық бағыты айқындалған нағыз білім саласының майталман мамандары бар екен. Соның нәтижесінде оқушылар әр пән бойынша өтетін түрлі білім бәсекелерінде жарқырап көрініп жүр. Мәселен, 2021-2022 оқу жылында Айтбай Мирас, Әубәкір Асылхан, Амандық Гүлдана, Шарапат Исмайл, Ғани Қарақат, Қоңтай Ақнұр, Тайшабай Меруерт, Тұрлыбек Ақнұр, Күмісбай Ернұр, Рақымжан Меруерт, Нартай Бақтияр, Руслан Еркебұлан, Қалдан Көркем, Жұмағали Таңсұлу, Төребек Аружан, Бәкида Әлихан, Райхан Сабыржан, Базарбай Әбілмансұр, Базарбай Расул, Әлібек Нұрислам, Әбубәкір Ақнәзік, Мереке Сара, Бақытбек Нұрғиса, Нартайқызы Кәмшат, Есболған Милана, Бақытбек Ақжібек, Қалдан Інжу, Қаунышбек Еркенұр, Жаңбыр Арайлым, Әпір Нұрай, Асан Нұрсезім, Қамбар Диана, Қуандықұлы Дамир, Кеңесбек Арсен, Егізбай Сезім, Өмірзақ Бибінұр, Қойшығұл Ақжарқын, Мусабек Қызғалдақ, Әмірбек Ақнұр, Жаңабек Ханбүркіт, Мінаш Дана, Қамбар Диас, Әлібек Ерсайын, Тынысбек Толғанай, Тетебай Нұрдана, Өмірзақ Асылназ, Абат Бибігүл, Жанат Гүлдана, Өтеген Ұлболсын, Шыңғысұлы Айбатыр, Әлібек Нұрислам, Бақытбек Нұрғиса, Қайратқызы Мейірім, Тұрғанбек Ерасыл, Меркемел Нұрдәулет, Мәлікқали Жанель, Алтынбек Сәнім, Диас Өмірзақ, Асхат Әмірбек секілді зерделі, өнерлі, спортшы оқушылар түрлі жарыстардан жүлделі орындар иеленіп, мектебінің абыройын көтеріп жүр. Осы орайда зейінді шәкірттерді тәрбиелеп келе жатқан Ғаниева Гүлбану, Бекназарова Эльмира, Амангелды Арман, Кәден Жансая, Найманова Гүлзат, Мамбетова Раушангүл, Әлмаханова Мөлдір, Досжанова Тасбике, Рақымбаева Гүлнар, Дүйсенова Гүлзат, Бәкірова Әлия, Әлмаханова Мөлдір, Нұрылда Айнұр, Әбжапбарова Гүлсім, Г.Қалиева, Нағыметова Нұрсұлу, Көзберген Гүлпатша, Әлішова Құралай, Дүйсенова Гүлзат, Жаңабаева Гүлнара, Омарова Алтын, Төрехенов Талғат, Тоғызбай Сәбит, Әлтаева Орынтай, Қалдығұлов Мұхит, Ахметова Бақыт, Бәкірова Әлия, Шыңбай, Нұртаева Венера, Қайырбергенова Ақмаржан, Амангелды Арман, Сейдалиева Шолпан, Бекшенова Жазира, Ембергенов Еркін сынды шығармашыл мұғалімдердің аты-жөндерін атап кетпеске болмайды. 

Мектепте биылғы жаңа оқу жылының басынан бүгінге дейінгі  жетістіктерді тізбектеп санамалауға келіп қалған.  Мәселен, мектеп басшылығы «Бір мұғалім – бір жетістік» бастамасын қолға алған және ол жақсы нәтижемен басталған. Айталық, жалпы білім беретін мектептердің 5-11 сынып оқушылары арасында өткізілген облыстық «Ахмет Байтұрсынов оқулары» білім сайысының аудандық кезеңінен 8 сынып оқушысы Ғани Қарақат жүлделі ІІІ орынды иеленген. Жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақерке Дәруіш. Сонымен бірге мектеп оқушылары арасында ұлттық ойын  тоғызқұмалақтан өткен аудандық жарыста №117 орта мектептің 8 сынып оқушысы Райхан Сабыржан жақсы ойын көрсеткені үшін марапатқа ие болса, облыстық оқушылардың спартакиадасына іріктеу мақсатында қол добынан 5-11 сынып оқушылары арасындағы өткізілген аудандық жарыста №117 орта мектептің 10 сынып оқушысы Темір Назым үздік ойын көрсеткені үшін марапатталды. Сонымен бірге «25 қазан – Республика күні» мерекесіне орай мектеп оқушылары арасында өткен гір спортының аудандық біріншілігінде 40 келі салмақ дәрежесінде Базарбай Расул ІІ орын, +40 келі салмақ дәрежесінде Базарбай Әбілмансұр ІІ орын, ал 50 келі салмақ дәрежесінде Райхан Сабыржан ІІ орын иеленді. Дене шынықтыру пәні мұғалімдері Жанат Әбуов пен Қалдығұлов Мұхит оқушыларды спортқа баулып, оларға бағыт-бағдар көрсетіп келеді. 

«Бала психологиялық тұрғыдан мықты болуы үшін оның физикалық қабілетін оятуымыз керек. Қимыл-қозғалысы шектелген баланың ақыл-есі де шектеледі және мінезінде де өзгеріс болып, тұйықталады. Үнемі спортпен шұғылданатын баланың бойы да, ойы да сергек болады. Сабаққа деген ынтасы да жоғары болады. Бұны күнделікті көз алдымызда жүрген оқушылардан байқаймыз. Яғни өмір тәжірибемізде бар. «Спорт – денсаулық кепілі» деген қанатты сөз бекер айтылмаған және ол әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Мен дене шынықтыру пәні мұғалімі және оқушылардың ұстазы ретінде орта білім беретін мектептерде білім, тәрбие берумен қатар балаларды спортқа баулудың маңызын арттырса дегім келеді. Өйткені ғылыми технология шарықтап дамып бара жатқан ғасырда өмір сүріп жатқан адамдардың физикалық қозғалысы шектеліп барады. Соның ішінде оқушыларды ерекше атап айтуымыз керек. Адамның физикалық қабілеті төмендесе, мидың қызметі де бұзылатынын ескеруіміз керек секілді. Осы мақсатта мектебімізде түрлі спорттық шаралар ұйымдастырып, оқушыларға жас ерекшеліктеріне қарай сабақтан тыс уақытта футбол, баскетбол, волейбол ойынатамыз», – дейді дене шынықтыру пәні мұғалімі Жанат Әбуов. 

Тәрбиесіз берілген білім түбінде адамзатқа қауіп әкеледі. Мектепте тәрбие саласы бойынша жоспарлы түрде жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр екен. Мұғалімдерден бөлек оқушылар өзін-өзі басқаруға бейім-делген. “Мектеп парламенті” жұмысы жолға қойылыпты. Оған жетекшілік ететін Мақпал Есқұлбаеваның оқушылар парламентін жандандыруға күш салып келе жатқаны қуантады. Сонымен бірге мектеп театры жұмыс істейді. “Мектеп театры” жобасы бойынша 1-5 сынып оқушылары тартылыпты. Бұны да балаға тәрбие берудің тиімді тәсілі десе болады. Оқушыларға рухани тәрбие беруде мектеп кітапханасы да үлкен жұмыс атқарып отыр. Осы орайда кітапханашы Гүлбану Төлегенова “Оқуға құштар мектеп” жобасы аясында көптеген шаралар ұйымдастырып, оқушылар мен ата-аналарды кітап оқуға баулып отырғаны өзгеге үлгі. Сонымен бірге кітапханада Коворкинг орталығы ашылған. Ол жоспарлы түрде жұмыс істеп тұр. Осының нәтижесінде оқушылар “Тұлпар мініп, ту алған” республикалық жобасының аудандық, облыстық кезеңдерінен жүлделі орындар иеленді. 

Айта кеткен жөн, кітапхана қоры былтырғы оқу жылында кездесуге келген мектеп түлектері сыйға тартқан оқушыларға оқуға міндеттелген 50 дана көркем әдебиетпен толықты. Сонымен бірге мектепте “Ақиқат” дебат клубы бар. Бұл жобаның да негізгі мақсаты – оқушылар тәрбиесін қалыптастыру. Пікірсайыс жарыстарында оқушылар екі тарапқа бөлініп, қазіргі қоғамдағы жастарға қатысты өзекті тақырыптарды талқылап, ойларын ортаға салады. 

Мектептегі оқу-тәрбие үдерісін ілгерілетуге күш салып, тынымсыз еңбек етіп келе жатқан мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Орынтай Әлтаева, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самұрат Молдашев, бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары Шолпан Сейдалиева, бағдарлы ісі жөніндегі орынбасары Әділ Ибраевтардың еңбегін айырықша атап өткеніміз жөн. Сондай-ақ мектептің педагог-психологтары Асқар Ұбайдулаев пен Кәден Жансая және дефектолог Гүлпатша Көзберген оқушыларға психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетсе, Тасбике Досжанова мектептегі әлеуметтік бағытта атқарылатын жұмыстарды үйлестіріп отыр. Ал алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Еркін Ембергенов оқушыларға әскери патриоттық тәрбие беруде өзге әріптестеріне үлгі болып жүр.

Мектеп 2020 жылы күрделі жөндеуден өткен. Қазірде оқушылар толықтай жаңартылған еңселі ғимаратта сапалы білім, саналы тәрбие алып жатыр. Мектеп кабинеттерінің дені жаңадан жабдықталған. Атап айтсақ, 2 мультимедиа кабинеті бар және химия, физика, биология кабинеттері модификацияланған. Яғни оқушыларға жоғарыда аталған пәндерді заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар арқылы басқа қырынан тануға, тереңірек оқып білуге мүмкіндік жасалған. Робототехника кабинетінде жаңа заманның ғылымын үйренетін оқушылардың облыстық деңгейде жетістіктері бар. Мектеп ішіндегі әжетханалар да заманға сай жаңғырған және толық жұмыс істеп тұр. Одан бөлек мектеп асханасы жүйелі жұмыс істейді. 135 бала ыстық тамақпен қамтылған. Аспаздардың айтуынша, оқушыларға ұсынатын тағамдарының құнары жоғары және экологиялық таза жергілікті бау-бақша өнімдері екен. 

Былтырғы оқу жылында мектепті 13 оқушы бітірген. Ал тоғызыншы сынып бітірген оқушылардың арасынан Қоңтай Ақнұр, Төребек Аружан, Рақымжан Меруерт «Үздік аттестат» иегері атанған. 

«Мемлекет басшысының өзі күнделікті мәселелерді шешумен қатар балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдап, сапалы білім алуы керектігін айтып келеді. Расымен елдің интеллектуалдық капиталы мен қоғамның инновациялық әлеуеті тек білім арқылы келетіні мәлім. Осы тұрғыдан алып қарағанда, халықтың білімге деген бұрынғы көзқарасы өзгерді, мектепті тек білімнің ғана емес, бүкіл қоғам дамуының қозғаушы күші деп таниды. Сондықтан мектебімізді білімнің өзегіне ғана емес, еліміздің инновациялық дамуының қозғаушы күшіне айналдыру жолында ұстаздар қауымы аянбай еңбек етіп келеді. Биыл мектепті 15 түлек бітіреді. ҰБТ-ға дайындық жақсы. Әр сынама тест тапсырған сайын орташа балл жоғарылап келеді. Бұл орайда біз оқушыны ғана емес, оқушыға білім беретін мұғалімдерге деген талапты күшейтіп отырмыз және межелі үдеден шығуға ұжым болып күш салып келеміз», – дейді мектеп директоры Райса Ілиас.  

Райса Өмірзаққызы мектепке жергілікті кәсіпкерлердің жиі демеушілік жасап тұратынын жеткізді. Сонымен бірге «Real Stroi Invest» ЖШС және «Ер-Әлі», «Мақпалкөл», «Ақниет», «Нұрбек» шаруа қожалықтарының демеушілігімен жиналған қаражат мектептің ішкі қажеттілігіне жұмсалыпты. Орайы келгенде айта кеткеніміз жөн, жергілікті кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Әліби Бекжанов былтырдан бері үздік оқушыларға арнайы шәкіртақы тағайындап келеді. Атап айтсақ, «Ер-Әлі» және «Құрманбай ата» шаруа қожалықтары  5-11 сыныптарда «үздік» оқитын 8 оқушыға 30 000 теңгеден, «екпінді» оқитын 14 оқушыға 20 000 теңгеден шәкіртақы тағайындап, оқу жылының соңында тапсырған. Еліміздің келешегін ұрпағының болашағымен байланыстыратын әрбір ата-ана кәсіпкердің бұл бастамасын қолдап, өзгелерге үлгі қылары анық.  

2.jpg

Тағы да оқыңыз: