Тәуелсіз еліміздің ертеңгі болашағы білімді жастардың қолында. Заманауи жаңашыл жас педагог – кемел келешектің жарқын болуына себепші болатын тұлғаның бірі.
Бәсекеге қабілетті ел тізгінін ұстар жас ұрпаққа тәлімді тәрбие мен сапалы білім беру және ертеңгі болашағына оң бағыт-бағдар көрсету – қашан да әрбір ұстаздың азаматтық борышы мен жауапты міндеті. Қазіргі таңда шәкірттеріне заманауи білім мен тағылымды тәрбие беріп, игілікті істің жаршысы болып жүрген жаңашыл жас ұстаздарымыздың қатары көбейіп келеді. №44 орта мектептің жас педагогы – Талшын Сырлыбаева қарапайым ауыл балаларына білім нәрін беріп, жеке тұлға болып қалыптасуына еңбек етіп жүрген білікті де білімді, ізденімпаз маманның бірі.
Білікті маман 1996 жылдың тамыз айында Шаған ауылында дүниеге келген. Бала күнінен зерек, оқуға құштар болып өскен бүгінгі кейіпкеріміз 2013 жылы Шаған ауылының №37 орта мектебін ойдағыдай тәмәмдап, Ақтөбе қаласындағы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің грант иегері атанған. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен-ақ белсенді, оқуда озат, білімге құштар болған ол жоғарғы оқу орнын «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіреді. Талшын Сырлыбаева алғашқы еңбек жолын 2018 жылдың қыркүйек айында өзі туып өскен Шаған ауылының №37 мектеп-лицейінің «Әлеуметтік педагог» маманы болып бастаған. Жаңашыл педагогтың басты мақсатының бірі – шәкірттерінің шығармашылық әлеуетін көтеруге жан-жақты жұмыс істеу болып табылады. Ол түрлі жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың оқу-білімге, шығармашылыққа деген қызығушылығы мен белсенділігін арттырады. Ұлағатты ұстаз отбасылық жағдайға байланысты 2021 жылдың сәуір айынан бастап Қоғалыкөл ауылының №44 орта мектебіне ауысып, «Өзін-өзі тану» маманы қызметіне орналасады. Біліктілігімен көзге түсіп, іргелі ұжымның ортасында сыйлы болып жүрген Талшын 2023 жылдың қыркүйегінен қазірге дейін әлеуметтік педагог қызметін атқарып келеді.
– Талшын Жанболатқызын мектебіміздің білікті әрі өз ісіне өте үлкен жауапкершілікпен қарайтын тиянақты мамандардың бірі десем артық айтқаным емес. Ол жыл көлемінде мектептегі әлеуметтік жағдайы аз қамтылған, толық емес отбасы балаларына әлеуметтік көмек қолдау көрсетіп қана қоймай, одан бөлек «Мектепке жол» акциясы аясында оқуға қажетті құрал-жабдықтармен, киім-кешекпен қамтамасыз етуге, оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру үшін облыстық, аудандық, мектеп жанындағы лагерлерге ауыл кәсіпкерлерімен байланыса отырып, демеушілік жасап игі іс-шараларды атқарып келеді. Осындай білім саласындағы атқарған елеулі еңбектері еленіп облыстық, аудандық, мектепішілік және ауыл әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған. Жас педагог өз тәжірибесін шыңдау мақсатында жыл сайын аудандық жарыстарға белсене қатысады. 2022 жылы Сырдария аудандық «Үздік әлеуметтік педагог-2022» байқауына қатысып, жүлделі І орынды иеленсе, 2023 жылы да дәл осы аудандық байқауда жүлделі І орынды иеленіп, облыстық кезеңінен ІІІ орын иегері атанды. Өз ісінің білгірі атанған Талшынның алға қойған мақсаты – өскелең ұрпақты заман талабына сай тәрбиелеу, тұлғаның бойына жауапкершілікті, өз Отанына деген міндет-борышын атқаруына, оның гүлденіп, өркендеуіне атсалысуына үйрету, өз тіліне, өзіне сүйіспеншілігін қалыптастыру, үлкенді сыйлап, кішіге қамқорлық көрсету, табиғатты аялауға ықпал ету керектігін алға тартады. Еліміздің болашағы бүгінгі жас ұрпақ дейміз, ал сол жастарымыздың тәлім-тәрбиесі мен сапалы білім алуы мына біздің қолымызда. Парасат пайымы жарасқан Талшындай білікті де білімді ұстаздарымыз барда еліміздің болашағынан көп үміт күтуге болады, – дейді мектеп директорының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары Айдос Оспанов.
«Жас келсе – іске» деген жақсы сөз бар. Бойындағы жастық жігері мен жаңашылдығын шәкірт тәрбиесіне жұмсауды жөн санайтын кейіпкеріміздің жеткен жетістіктері де аз емес. 2024 жылы облыстық «Әлеуметтік педагогтың білім беру жүйесіндегі қызметі және әртүрлі санаттағы балалармен жұмыс» атты семинарда «Мұғалім – ата-ана – оқушы» үштігі негізінде білім алушылардың жекелеген санаттарын әлеуметтік-педагогикалық қолдау тақырыбында үздік жұмыс көрсетті. Нәтижесінде облыстық «Тәрбие, спорт, қосымша білім беру» орталығының «Алғыс хатымен» марапатталды.
Ұстаз болу – жүректің батырлығы. Әр оқушының көңілін табу, олардың тұлға болып қалыптасуына сүбелі үлес қоса білу, сапалы білім мен тәрбие беру әркімнің қолынан келе бермейді. Ол үлкен жауапкершілікті, мейірімділікті, сабырлық пен шыдамдылықты қажет етеді. Осы тұста осындай игілікті іс атқарып, келешек ұрпақ тәрбиелеуде өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялап, тынымсыз қызмет етіп жүрген ұлағатты ұстаздар қауымы үлкен құрмет әбден лайық.