Kyzylorda-news.kz Қазақ халқының нағыз азаматын тәрбиелеп өсіру негіздерін қалыптастыратын тұңғыш мектеп – ол балабақша. Балабақша келер ұрпақты еңбекке, өнер-білімге, елінің ар намысын қорғауға және ізгі адамгершілік ниеттерге баулиды. Келешек ел басқарар, жер суына иелік етер, ел халқын гүлдентер, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды шыңдап өмірдің ең басты сатысын қалайтын киелі ұя. Осындай балабақшаның бірі – Қармақшы ауданы Дүр Оңғар ауылындағы №11 бөбекжай-бақшасы. Бұл ұжым келешек ұрпақтың тәрбиелі болып өсуіне қызмет етуде.
Бүгінде балабақшада кіші «Балапан», ортаңғы «Жұлдыз», ересек «Күншуақ», аралас «Қызғалдақ» топтарында 90 бүлдіршін тәрбиеленуде.
– Балабақшамыздың жақсы жетістіктерге жетуі, әрбір тәрбиешінің өз еңбегінің нәтижесімен, жаңалығымен біліктілігі мен білімдерінің арқасы деп білеміз. Қазіргі таңда жалпы 34 қызметкер, оның ішінде 15-і педагог (барлығы жоғары білімді), 19 техникалық қызметкер жұмыс істейді. Педагогтар біліктілік санаты бойынша педагог-сарапшы – 2, педагог-модератор – 10, басшы-ұйымдастырушы – 1. Бөбекжай-бақшамызда логопункт қызметі бар, онда арнайы логопед маманы сөйлеу тілінде кемшіліктері бар 13 баламен түзете-дамыту жұмыстарын жүргізеді. Балабақша ұжымының әрбір қызметкерлерінің міндеті – күнделікті тәрбиеленуші бүлдіршіндерге бақыт сыйлау. «Үйренер нәрсең – білім мен мейірімділік» деп, Жүсіп Баласағұн айтқандай балабақша ұжымы әрбір күнін ізденіспен өткізеді. Балабақшамыз «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы» бойынша оқу-тәрбие жұмыстарын қазақ тілінде жүргізеді. Балабақшамыздың жетістігі де жетерлік, – дейді бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Рая.
Бөбекжай-бақшаның педагогтары мен тәрбиеленушілері түрлі байқауға қатысып, бақ сынаудан қалыс қалған емес. Биыл Республикалық Балаларды ерте дамыту институтының ұйымдастырған «Әжем, анам және мен» республикалық байқауының аудандық кезеңінен ересек «Күншуақ» тобының бүлдіршіні Жібек Сламхан, жетекшісі Зада Қошқарова бас жүлдені жеңіп алса, «Ғарышкерлер» республикалық байқауының аудандық кезеңінен аралас «Қызғалдақ» тобының тәрбиеленушісі Кәусар Мейрамбек, жетекшісі Индира Демесова жүлделі ІІ орын иеленген. Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына орай өткізілген Республикалық «Бояулар құпиясы» байқауына аралас «Қызғалдақ» тобының бүлдіршіні Әлфия Алмабек (жетекшісі Нағима Қожабаева) І орынмен марапатталды. Республикалық «Барлығына рахмет» челленджіне тәрбиеші Демесова Индира қатысып алғыс хатпен марапатталды. Білім ұясының мұнан да өзге ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі баршылық.
Сондай-ақ балабақша ішіндегі әрбір бұйым тәрбиешілердің қолынан шыққан. Тағы бір айта кетерлігі, әр топқа Ұлттық бұрыш қойылған. Мобильді кітапхана да қамтылған. Заман талабына сай білім мен тәрбие беріп, ждүйелі жұмысымен ел алғысына бөленіп отырған балабақша балалардың саялы мекені. Алдағы уақытта да ізденімпаз ұжым шығармашылық өсу жолында аянып қалмақ емес.