Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданына қарасты Ү.Түктібаев ауылдық кітапханасында «Адал адам» мәдени – тәрбие орталығы тұжырымдамасы негізінде, «Әлем BOOK» жобасы аясында, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы, публицист Әлмәмбет Әлішевтің туғанына 85 жасқа толуына орай, жазушының «Батыр болып тумайды» повесінен оқырмандар конференциясы өткізілді.
Шара барысында кітапхана оқырмандары К.Сағадинова, А.Смайылова және Б.Әбдіразақов атындағы №88 орта мектептің 8-10 сыныптан Г.Жаңабекқызы, Ә.Өтегенова, Н.Түлкібай, Б.Мұратқызы, Г.Болатбекқызы және тағы басқа да оқушылары қатысып: – Жазушы, көсемсөзші Әлмәмбет Әлішев – жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге ерекше мән берген жазушы. Ол – өзінің туған жерінен ешқайда кетпей , өзінің туған еліне, туған жеріне тер төккен елінің адал перзенті болды. Ә. Әлішев ұзақ жыл бойы белгісіз болып, қалтарыста қалған Кеңес Одағының Батыры, Қазалы топырағында дүниеге келіп, латыш жерінде шейіт болған Үрмәш Түктібаевтың өмірі мен жауынгерлік жолын ерінбей-жалықпай зерттеп, «Ормаш Түйтебаев», «Орман Тоқтыбаев» болып қате жазылып кеткен батырдың аты-жөнін қалпына келтіріп, оның бейітін, суретін тауып, Үрмәш батырды халқымен қайта қауыштырды. Повесте Совет Одағының Батыры, Үрмәш Түктібаевтың балалық шағы, өмірі мен жауынгерлік жолы шынайы суреттелгенін, Ү.Түктібаев туралы аталары арқылы есітіп білгендерін, жазушы Ә.Әлішевтің ауылға батыр туралы сұрастырып, зерттеуге келгенін және сол кездегі жұмыста жүрген жұмысшылардың әр ай сайынғы айлық табысынан ұстап, Ү.Түктібаев атынан қор ашып, сол қорға салып отырған, ол қаражатпен ауылдан батырдың ағайындары Латвия жеріне барып қайтқандығы туралы айтылды.
«Батыр елінің атын шығарса, елі батырының атын шығарады» дегендей, Үрмәштің есімін қайта жаңғыртып, жазушы Ә.Әлішевтің халқына қайта қосқан еңбегі босқа кеткен жоқ.
Ү.Түктібаев есімі «Октябрь» совхозына және №24 мектепке есімі беріліп, «Жеңіс» паркінде ескерткіші орнатылып, көшеге де есімі берілді.
Ер есімі ел есінде мәңгі сақталады. Үрмәш Түктібаев – Қазалы ауданы халқының ғана мақтанышы емес, бүкіл қазақ мемлекетінің мақтан тұтар батыры.