Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының орталығындағы отбасы үлгідегі «Атамекен» балалар үйінің тәрбиеленушілері мен тәрбиешілері Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектепте бір күн болып, әртүрлі бағыттағы шараларда тәжірибе алмасты.
Зияткерлік мектептің жатақхана қызметкерлері мен педагог-кураторлар бірлесіп өткізген Ашық есік күнінде атамекендік балалар мен ұстаздар әртүрлі тәрбиелік жобаларға қатысты. Бүлдіршін тобы қуыршақ театры ұсынған Ахмет Байтұрсынұлының «Алтын балық», «Алтын қораз» ертегілерін тамашаласа, екінші топ мүшелеріне Елбасы мұражайы таныстырылып, буктрейлер үйірмесінің жұмыстарын карточкалар арқылы ойнатып, түсіндірілді.
Сонымен қатар, ер балалар тобына «Мен мейірімділік әлеміндемін» атты тренингі жүргізіліп, тоғызқұмалақтан шебер сағаты ұйымдастырылды. Ал сұлулар асханада «Жеміс-жидектің әсем өрнектері» атты шеберлік сағатына қатысып, жемістерді сәнді турап, оларды әсем безендіруді үйренді.
Ашық есік күн барысында қонақтар Ақтау қаласындағы Зияткерлік мектептің жатақхана тәрбиешілері онлайн өткізген «Ағылшын тілін оқытудағы үздік 5 әдістеме» сабағына және «Сәндік раушан гүлін жасау технологиясы» атты шеберлік сағатына қатысып, біліктіліктерін арттырды.
«Біз сіздермен біргеміз!» деп аталатын шараның қорытынды кезеңінде «Сұңқар», «Хан тәңірі» шаңырақтарының оқушылары мен олардың ата-аналары, жатақхана кеңесінің мүшелері және қазақ тілі мен орыс тілі әдістемелік бірлестігі әзірлеген сыйлықтар үлестірілді.






