Kyzylorda-news.kz. Қызылордадағы Абай ауылдық кітапханасының тамыры тереңге жайылған. Оны барынша тереңдетіп, нәрлендіріп, құнарландырып отыратын кітапханашысы Айгүл Жаңбыршиева. Ауылда кітапханашы Айгүлді еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін жақсы таниды. Сыйлайды, құрметтейді. Алдына келген оқырманының іздегенін лезде тауып беруге дағдыланған. 

Кітапхана мен Айгүл егіз ұғым. Екеуі біте қайнасып кеткен. Қашан барсаңыз да, Айгүл Жәмиқызының қолынан кітап түспейді. Қашан кірсеңіз де, оның ұйымдастыруымен өтіп жататын іс-шараның үстінен түсесіз. Еңбек адамының еңбекқорлығынан айналасындағы шәкірттер де кітап оқуға бет бұрғалы қашааан!.. 

Кейіпкерім Айгүл Жәмиқызы туралы осындай ойлар орала бергені сол, Абай кітапханасына да табан тіреппін. Айгүл ханым мені жылы шыраймен қарсы алды. Кіргеннен кітап пен газеттің иісі келді. Екеуміз кітап сөрелерін айнала жүріп әңгіме-дүкен құрдық. 

Айгүл Жаңбыршиева 1979 жылы 12  қаңтарда Қазалы ауданы, Өркендеу ауылында туып, өсіпті. 2000 жылдың ақпан айынан осы кітапханаға жұмысқа қабылданады. 2001 жылы Ақтөбе гуманитарлық колледжінің «Кітапхана ісі» мамандығын бітіреді. 2013 жылы Болашақ университетінің «Кітапхана ісі» мамандығын аяқтайды. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған.

– Бұл кітапханада 23 жылдан бері табан аудармай істеп келе жатыр екенсіз. Сізге дейін бұл жерде кімдер тер төккенін білесіз бе? 

– Абай ауылдық кітапханасының іргетасы алғаш 1957 жылы қаланды. Сол жылы кітапханашы Смағұл Қонарбаев 450 дана кітаппен халыққа рухани-мәдени қызмет көрсетуді бастаған. Алғашқы қамтылған оқырмандар саны 40 болды. Міне, осылайша дүниеге келген кітапхананың ұланғайыр игілікті істерінің басында ең алғаш С.Қонарбаев тұрды. 

1957-58 жылдары Смағұл Қонарбаев, 1959 жылы Гүлшат Сереева, 1960-68 жылдары Қаламқас, 1969 жылы Зейнегүл Ермауытова, Мәрияш Әжмамбетова, 1970-73 жылдары Нағипа Жұмаева, 1970-2000 жылдары Бибігүл Көптілеуова 30 жылдай халыққа қызмет жасап, кітапхана шаңырағынан зейнеткерлікке шыққан. 

Бүгінгі таңда кітапханада кітап қоры 22 654 дана, 623 тұрақты оқырманы бар. Осы жылдар ішінде оқырман мен кітапхана арасындағы байланыс жақсарып, кітапхана қабырғасында өткізілетін мәдени-көпшілік жұмыстардың түрі көбейіп, халыққа игілікті қызмет көрсетілуде.

– Жақсы екен. Еліміздің іргелі кітапханалары модернизациядан өткізіліп, адам танымастай болып өзгергенін көріп жүрміз. Ауылдық кітапханаларда нендей жаңалықтар бар?

– Биыл Қазалы аудандық орталықтандырылған кітапхананың қолдауымен «Болашаққа кітаппен барар жол», « Кітап – оқырманын іздейді», «Жыр жауһары», «Оқуға құштар отбасы» жобасы аясында ауылдық кітапханаларда іс-шаралар өткізілуде.

– Белсенді оқырмандарыңыз бар ма?

– Абай атындағы №90мектептің  оқушылары, мұғалімдері кітапханамен үздіксіз байланысты. Сосын ардагер оқырмандарымыз да белсенділік танытудан шаршамайды.

Осылайша біз сұхбатымызды жалғастырдық. Еңбек етуден шаршамайтын, айлығы аз болса да, таудай тірліктер жасап жүрген ауыл кітапханашысы тек кітапты насихаттап қана қоймайды. Оқырмандарына мәдени-көпшілік, рухани іс-шараларды, мерейтойларды ұйымдастырумен де шапқылайды. Өте ізденімпаз, барлық іс-шараға мұқият дайындалады. Ол үшін күн демей, түн демей әдебиет ақтарады. Бір кітапханашы өзі сценарий жазады, іс-шара, мерейтой өткізеді, кітап насихаттайды, жылдық жоспары тағы бар. Осындай іс-шаралар бір кітапханашыға ауырлық қылады, негізі. Жанында тағы бір кітапханашы не оператор болса жарар еді. 

Ауылдықтардың бәрі Айгүл апайды сол көпшілдігі, сол қарапайымдылығы, ашықтығы, өнері үшін риясыз құрметтейді. Өнері демекші, Айгүл Жәмиқызы ұлттық билерді жақсы билейтінін айта кетейік. 

Ақындардан Жетіскен Мәкеналиев, Мұқағали Мақатаев, жазушылардан Әлмамбет Әлішев, Дулат Исабеков сияқты қаламгерлерді сүйіп оқитын кітапханашы кейіпкеріміздің келбеті осындай. 

Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Ә.Кекілбаев «Мен кітапханаларды білім, адамгершілік, парасат ордасы деп білемін, ал кітапханашыларды сол ешқашан жоғалмауға тиісті асыл қазынаның сақшылары деп санаймын» дейді. Иә, қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы, қастерлі, киелі мамандық иелері. Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуы¬на өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда.

Тағы да оқыңыз: