Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Жаратылыстану институты, «Биология, география және химия» кафедрасы Астана қалалық ботаникалық бағымен әріптестік негізде жұмыс жүргізуде.
Осы бағытта «Биология, география және химия» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, б.ғ.к. Рахат Құрманбаев Астана қалалық ботаникалық бағының филиал директоры Медеу Ражанов және директордың орынбасары Мархабат Каировамен кездесті.
Сондай-ақ, Астана қаласындағы Ботаникалық бақтың шөл және тропикалық өсімдік оранжереяларының түрлік қорымен танысты. Кездесу барысында ғылыми зерттеулер мен ғылыми-әдістемелік жұмыстар туралы екі жақты меморандум жасау жоспарланды.
Алдағы уақытта Меморандум аясында екі жақты тәжірибе алмасу, тағылымдамадан өту жолдарын қарастыру, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі ботаникалық бақтың түрлік қоры толықтырылмақ.
Сонымен қатар, кадрларды даярлау және кәсіби практиканы (студент, магистрант және докторанттардың) Орман ресурстары және орман шаруашылығы биология, биотехнология және экология салаларының шеңберінде өткізу, Қызылорда облысының флорасына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу де жүзеге асырылмақ.

